Ақсу қант зауыты қалдықсыз өндіріс принципімен жұмыс істейді - Индустрияландыру|17 Тамыз 2018, 12:20
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ақсу қант зауыты қалдықсыз өндіріс принципімен жұмыс істейді

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде толық жаңғыртудан өткен Ақсу қант зауыты биылғы жылдан бастап «қалдықсыз өндіріс» пиринципімен жұмыс істейтін болады. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың Ақсу ауданына жасаған сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылы 130 мың тоннаға дейін қызылша өңдеуді жоспарлап отырған зауытта қалдық жомдарды нығыздап орайтын норвегиялық құрылғылар орнатылуда. Талай жыл тұралап қалған Ақсу зауыты өткен жылы ішінара жаңартылғаны болмаса, негізінен 1967 жылғы көне құрылғыларын жамап-жасқап, жөндеудің арқасында іске қосылған болатын. Зауыттың тамырына қан жүгірткеннен кейін «Жетісу» ӘКК мен зауыт басшылығы бірлесіп физикалық та, моральдық тұрғыда да тозығы жеткен құрал-жабдықтарды толықтай қайта жаңғыртуға кірісті.

Бүгінгі күні мұнда Ресейден, Украинадан, Германиядан, Франциядан, Қытайдан әкелінген заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, жөндеу-жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Зауыт директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, жаңғыртудың қазіргі екінші кезеңіндегі жөндеу-іске қосу жұмыстарына 280 адам тартылып отыр. Олардың арасында шетелдік мамандар да бар.

«Зауыт толық іске қосылғанда қызылша өңдеу ісіне жергілікті 600 адам жұмысқа қабылданатын болады. Бүгінгі күнге дейін технологиялық құралдарды жөндеу-орнату шамамен 84 % аяқталды. Зауыттың сынамалық іске қосу мерзімі 15 қыркүйекке, ал толық іске қосылуы 15 қазанға белгіленіп отыр. 20 мың тонна алғашқы қызылша көлемін жинап алғаннан кейін кәсіпорын тоқтаусыз жұмысқа кіріспек», - деді зауыт директоры.

Егер жоспарланғанындай биылғы жылы 130 мың тонна қант қызылшасы өңделетін болса, одан шамамен 22 мың тонна жом алынады екен. Бұрын өткізілетін орынға жом жүк көлігінде ашық-шашық күйде тасымалданып, жол бойы суы ағып, тиісті жерге жеткенше сапасы төмендеп кететін. Ал енді биылдан бастап жомды пресстеп, жаңа құрылғымен қаптамаға орауға жағдай жасалып отыр. Оралған күйіндегі жом 2 жылға дейін сапасын жоғалтпай сақталады. Және ешқандай химикатсыз, экологиялық таза өнім - мал бордақылау алаңдары үшін таптырмас азық. Алдағы уақытта бұл дайын өнімдерді отандық нарыққа, сонымен қатар шетелге де экспорттауға мүмкіндік тумақ.

Зауыттың жом тығыздау, қызылша өңдеу, дайын өнімдерді қаптау және т.б. цехтарын аралап көрген облыс әкімі А. Баталов жылу-электр орталығының дайындығын, отын қоры туралы да сұрап білді.

Зауыт мамандарының айтуынша, әзірге ЖЭО қазандықтары іске қосуға дайын. Келесі жылы жаңа ЖЭО құрылысын салып, қазіргі қолданыстағы қазандықтар резерв ретінде пайдаланылатын болады.

«Жетісу» ӘКК арқылы бөлінген әрбір тиын үшін есеп бересіздер. Мемлекеттің қаржысы жаңғырту, іске қосу жұмыстарына мақсатты қолданылуы керек, - деп ескертті А. Баталов зауыт басшылығына.

Айта кетейік, Ақсу зауыты 2020-2021 жылға қарай толық қуатына шығып, 350 мың тоннаға дейін қызылша өңдейтін болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер