BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақмолада өндірілген бу қазандықтары Ресей нарығында сұранысқа ие

Фото: Әсем Ұланқызы

Елімізде бу қазандықтарын шығаратын Щучинск бу қазандығы-механикалық зауытының өнімдеріне сұраныс артып отыр. Ең бастысы, зауыт өнімдері отынға кететін шығынды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Ақмола облысының Бурабай ауданында 1971 жылы негізі қаланған өндіріс орны алғашқы уақытта экскаваторлар мен автокрандарды жөндеуден өткізіп, елді мекендердің құрылысына қажетті өнімдер, құбырлардың қосалқы бөлшектерін шығарған. Зауыт ауыл шаруашылығы саласын қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.

Кеңес Одағы тұсында ірі кәсіпорын КЕ сериялы бу қазандықтары мен НР-23, КВТС, КВГМ және тағы басқа су ысытқыш қазандықтар шығарған. Сол кезде Кеңес Одағының барлық республикаларын қазандықтармен қамтыған.

2013 жылы зауыт «Щучинск бу қазандығы-механикалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Жылына 300-ден астам қазандық пен оларға қажетті қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт блок-модульдік қазандықтар өндірісін де қолға алуда. Зауытта шамамен 200-ден аса адам еңбек етеді.

«Зауытта өндірістік бу қазандықтарынан бастап, су ысытқыш темір қазандықтар, модульді қазандық құрылғылары, қазандықтардың көмекші құралдары, жылу магистраліне арналған құбырлар, кез келген мақсаттағы металл конструкторлар заманауи қондырғылардың көмегімен шығарылады. Мұнда замануи станокты парк пен құрал-жабдық түрлері жетерлік. Қазіргі уақытта зауыт өнімдеріне Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ секілді ірі ведомстволардан тапсырыстар жиі түседі»,–дейді серіктестік директоры Марат Ахметов.

Өндіріс орны жаңа құрал-жабдықтардың көмегімен Тобыл, Шаңтөбе, Есіл қалалары сияқты үш ірі нысанда жылу қазандықтарын орнатуда. Былтыр зауыт жұмысшылары Бурабай кентінің басты жылу қазандығын жаңадан салып берді. Ол жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құраған. Сонымен бірге Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр селосында былтырғы жылы іске қосылған жылу қазандығы да зауыттың жемісті еңбегі.

«Цехта қазандықтардың барабандарын да әзірлеп, шығарамыз. Дәнекерлеуші робот дайын шлюздерді біріктіреді. Ол автоматты түрде темірлерді бір-біріне қосып, дәнекерлейді. Қазіргі уақытта «Қазцинк», «Қамқор-локоматив» серіктестіктерінің ұйымдарына блок-модульдік қазандықтарды дайындап жатырмыз. Аталмыш қазандықтардың ерекшелігі – үнемділігінде. Жаңа қондырғылар мазутты аз тұтынады. Әрі бөлшектеп, бұзып, орнын ауыстыра қоюға болады. Олар жиналмалы келеді. Бұл қазандықтар бір-екі ай ішінде жасалады. Дайын өнімдер міндетті түрде ультрадыбысты тексеруден өтеді. Нәтижесі компьютерге түсіріліп, тапсырыс берушіге жіберіледі»,–дейді дейді зауыттың бас конструкторы Виктор Кондрашов.

Кәсіпорын өнімдерін қазір еліміздің түкпір-түкпірінен көруге болады. Тапсырыс та көп. Дайын өнімдер іргелес Ресей мен Орта Азия елдеріне экспортқа шығарылады.

«Қазіргі күні Ресей кәсіпорындарымен іскерлік байланыс орнатылды. Олар бізге жылу-электр стансаларында қолданылатын үлкен қазандықтардың бөлшектеріне тапсырыс беруде. Келешекте көршілерімізге дайын өнім жеткізуді де көздеп отырмыз»,–дейді серіктестік директоры М.Ахметов.

Зауыт шикізатты еліміздің Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларындағы металл сататын орындардан алады. Зауыт жұмысшылары қазандықтарды өздері құрастырып, іске қосып береді.

«Жылу қазандығының қазандары толық орнатылған соң, оларды жеткізу үшін қолданылатын құбыр тораптары болады. Оларды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп береміз, әрі қарай оны өздері орнатады», – дейді В.Кондрашов.

Алдағы уақытта кәсіпорын тұтытатын отын көлемін үнемдеу бағытында өнім сапасын жетілдіруді көздеп отыр. Зауыт «АзияЭнергоПроект-Монтаж», Өскеменнің «Технологиялық құрал-жабдықтар» компанияларымен бірлесіп жұмыс атқарады. Барлық тауарлар Кедендік Одақтың талаптарына сай сертификатталған. Зауыт мемлекетке тиісті салығын төлеумен бірге қайырымдылық шараларына да қатысады. Былтыр кәсіпорын 32 млн теңгеден астам материалдық көмек көрсеткен.

Ұзақ жылдардан бері ел нарығында көш бастап келе жатқан отандық кәсіпорын 2007 жылдан бері сапа менеджменті халықаралық жүйесінде жемісті еңбек етіп келеді. «Экологиялық менеджмент жүйесі» сертификаты да бар. Бірнеше мәрте «Қазақстанның үздік тауары» аталымының иегері атанған кәсіпорын биыл да ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығынан үмітті.

ФОТО: Автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер