8 айда 19 мыңнан аса автомобиль құрастырылды – Қасымбек - Индустрияландыру|21 Қыркүйек 2018, 10:43
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

8 айда 19 мыңнан аса автомобиль құрастырылды – Қасымбек

Фото: Нұржас Жақсыбай

2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жалпы құны 117,7 млрд теңге болатын 19 мыңнан аса автомобиль шығарылды. Бұл туралы Астанада Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Машина жасау саласы – индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басым бағыты. 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша машина жасау өндіріс көлемі 638,1 млрд теңгеден асып, өндірістің өсімі 13,8% құрады. Автомобиль құрау машина жасау салалары арасында ең үлкен өсім қарқынын байқатты. Биыл 8 айда жалпы құны 117,7 млрд теңге болатын 19 мыңнан аса автомобиль шығарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге көп», - деді министр.

Фото: Нұржас Жақсыбай

Оның айтуынша, өндірістің күрт өсуіне нарықтағы сұраныстың артуы, экспорттық нарықтардың ашылуы, сондай-ақ мемлекет тарапынан жеңілдетілген автонесие мен лизингтік қаржыландыру бағдарламалары оң әсер еткен.

«Бұл бағдарламалар автомобиль жасау секторының дамуына оң серпін берді. Егер 2017 жылы сатылған әрбір үшінші автомобиль отандық кәсіпорындарда шығарылған болса, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өндіріске тиесілі», - деді Жеңіс Қасымбек.

Фото: Нұржас Жақсыбай

Министрдің айтуынша, алдағы жылы жеңілдетілген несиелендіру (10 млрд теңге сомасында) және коммерциялық техниканы лизингті қаржыландыру (30 млрд теңге) бағдарламалары жұмыс істей береді.

Айта кетсек, Астанада Қазақстан машина жасаушыларының VI форумы өтіп жатыр. Онда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин форумға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың хатын оқып берді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер