BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстан инвесторларды қорғау бойынша үздік атанды

Астана, BAQ.KZ. Әйгілі «Forbes» журналы желтоқсанның 19-ында бизнес үшін ең қолайлы елдерді атады. Америкалық басылым мұндай тізімді 13 жыл қатарынан жасап келеді, деп жазады abctv.kz.

Кәсіпкерлікке достық пейілі зор мемлекеттердің көш басында Ұлыбритания тұр. «Брекситтің» шырмауына түсіп, Еуропа одағымен ажырасып жатса да, Біріккен Корольдік еңбек ресурстарымен, инновациясымен, бюрократияға жаны қастығымен екі жылдан бері көш басын өзгелерге бермей келеді.

«Ұлыбритания ғаламданған экономикаға ие, яғни, ол сауда, инвестиция, капитал ағыны, иммиграция тұрғысынан алғанда әлемге мейлінше ашық мемлекет. Сонымен қатар оның кәсіпкерлік пен инвестициялық климаты жағымды. Ал Еуропа одағынан шығу процесі британ үкіметіне өзге елдермен саудалық серіктестікті тіпті кеңейтуге мүмкіндік бергелі отыр», – дейді Moody’s агенттігінің бас экономисті Марк Занди «Forbes» тілшісіне берген сұқбатында.

Best Countries for Business (Бизнес үшін ең үздік елдер) тізіміне әлемнің 161 елі іліккен. Журнал мамандары олардың рейтингін 15 фактор бойынша анықтады: жекеменшік құқығы, инновация, салық, технология, коррупция, инфрақұрылым, нарық көлемі, саяси қауіп, өмір сапасы, еңбек ресурстары, еркіндік (жеке бас, сауда және монетарлық), бюрократия және инвесторларды қорғау. «Forbes»-тың хабарлауынша, әр категория әділ таразыланған.

«Біз салық, инвесторларды қорғау, бюрократия деңгейлерін анықтарда, Дүниежүзілік банктің Doing Business баяндамасына жүгіндік. Гонконг салық бойынша әлемде бірінші орыннан көрінсе, Венесуэла – 161-ші орында. Қазақстан инвесторларды қорғаудан ең үздік шықса, Гаити тізімнің соңында тұр. Ал Жаңа Зеландия бюрократияның аздығы жағынан әлемде алдыңғы қатарда, Венесуэла – бұл санат бойынша да ең төменгі сатыда», – дейді журнал авторы Курт Баденхаузэн.

Оның айтуынша, сауда және монетарлық еркіндік рейтингін «Forbes» штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан The Heritage Foundation қорының Экономикалық еркіндік Индексіне сүйеніп жариялап отыр. Сауда бостандығы бойынша Сингапур, Гонконг, Швейцария тізімде алғашқы үштікке кірсе, Ирак пен Йемен соңғы екі орынды иеленген.

Ақша саясаты еркіндігі бойынша Венгрия үш жылдан бері «Forbes» тізімінің басында тұр. Персоналдық еркіндік бойынша 30-дан астам ел «өте еркін» деген санатқа іліккен. Алайда, солардың ішінде Құрама Штаттар жоқ.

Технология, инновация, инфрақұрылым рейтингі Әлемдік экономикалық форумның жыл сайынғы Ғаламдық Бәсекелестік Баяндамасы деректерінің негізінде жасалыпты. Журналдың мәліметінше, ақпараттық және коммуникациялық технология жағынан Оңтүстік Корея барлық елден озған. Ал Германия инновациядан лидер болып танылды. Бұл категориялар бойынша Чад пен Ангола тізімнің соңынан көрінді. Инфрақұрылым үздігі бойынша бірінші орын Сингапурға, соңғысы Гаитиге бұйырған.

Жекеменшікті қорғаудан Жапония ешқандай елге дес бермеді. Ал Жаңа Зеландия корруциямен күресте алда келеді. Сирия бұл «майданда» тізімнің ең соңында тұр.

Америкалық журнал әлем мемлекеттерінің жұмыс күші туралы рейтингін Дүниежүзілік банктің еңбек нарықтарының көлемі мен өсімі туралы мәліметтеріне жүгініп құрастырған. Бұл санаттар бойынша АҚШ – бірінші, Барбадос – соңғы орында. Экономика көлемі жағынан 19,5 триллион доллармен тағы да Құрама Штаттар алдына «жан» салмады. Ең кішкентай экономика Гвинея-Бисауға тиесілі (небары – 700 млн доллар).

Барлық категорияларды қосқанда АҚШ былтырдан бері бес орынға төмендеп, рейтингте 17-ші орын алды. Биыл Америка персоналдық, саудалық, монетарлық еркіндіктер бойынша позициясын әлсіретіп алып отыр.

Өмір сапасы, ғұмыр ұзақтығы, мектептегі жылдар, жалпы ішкі өнімді жан басына шаққандағы табыс. «Forbes» бұл категориялар бойынша рейтингті Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам дамуы индексіне сүйеніп жасаған. Осы санаттар бойынша 161 мемлекеттің ішінде Норвегия бірінші, Нигер соңғы орында тұр және Норвегия ең қауіпсіз, ал Йемен ең қауіпті ел атанды.

Сонымен, бизнеске қолайлы ел – Британия. Тұманды Альбионнан кейін Швеция, Гонконг, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Канада, Дания, Сингапур, Аустралия және Швейцария келеді.

ТМД-ға келсек, «Forbes»-тің кәсіпкерлік үшін ең жақсы мемлекеттер рейтингінде Грузия – 44-ші, Ресей – 55-ші, Қазақстан – 65-ші, Әзербайжан – 70-ші, Армения – 87-ші, Беларусь – 88-ші, Өзбекстан – 105-ші, Қырғызстан – 108-ші, Тәжікстан124-ші орынды иеленген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер