BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 422.74 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.87
Астана:

Ғалымдар көкөністердің жаңа сортын шығарды

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық ғалымдар соя мен қызанақтың жаңа сорттарын шығарды.

Бүгін Назарбаев университетінде алғаш рет АgroLab Networking «Аграрлық ғылым. Болашақ бүгіннен басталады» атты шарасы ұйымдастырылды. Оған 3 аграрлық жоғары оқу орны, 15 ғылыми зерттеу институтының беделді ғалымдары мен студенттері қатысты.

Видео: Нұржас Жақсыбай

АgroLab пікірталас алаңында геномдық сұрыптау, жасыл технологиялар, молекуларлық биология, «ақылды» егіншілік және ауыл шаруашылығындағы тың жаңалықтар талқыға салынды.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының қызметкері Ерасыл Кәкенов ғалымдар сояның жаңа сортын шығарғанын мәлім етті.

«Ғалымдарымыз сояның «Жансая» атты жаңа сортын шығарды. Биыл тәжірибе түрінде оны Алматы қаласы мен Алматы облысында отырғыздық. Нәтижесінде гектарына 55 центнер өнім алдық. Мысалы, қарапайым соя 2,5-3 тонна берсе, «Жансаядан» 5,5 тонна өнім алуға болады. Жаңа сорт құрғақшылыққа төзімді», - деді ол.

Ал Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты директорының инновациялар және өндіріске енгізу жөніндегі орынбасары Біржан Рахымжанов отандық ғалымдар жемістер мен көкөністердің соттарын көбейтудің жаңа жолдарын зерттеп жатқанын айтты. Осы уақытқа дейін олар 200-ден астам жеміс пен көкөніс дақылдарының жергілікті сорттарының будандарын шығарыпты. Осы орайда аталған институттың қызметкері қызанақтың жаңа сорты шығарылғанын мәлім етті.

«Өткен жылы ғалымдарымыз қызанақтың жаңа сортын шығарды. Алғашында оны «Алматы жүрегі» деп атауды ұйғардық. Кейін жаңа сортты Алматының 1 мың жылдығына орай «Алматы 1000» деп атадық. Оның пішіні жүрек тәріздес, сапасы өте жоғары, ірі болып келеді. Одан 45 тоннадан артық өнім алуға болады», - деді Біржан Рахымжанов.

Сондай-ақ ол елорданың 15 жылдығына орай «Астана жүрегі» атты жылыжайда өсіруге арналған қызынақтың жаңа сорты шығарылғанын хабарлады. Оның айтуынша, аталған көкөністен 40-45 келіге дейін өнім алуға болады.

Фотолар: Нұржас ЖАҚСЫБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер