Утилизация бағдарламасы бойынша 21 қарашадан бастап, еліміздің 17 қаласында ескі автокөліктерді арнайы орындарда 48 мың теңгеден 150 мың теңге көлемінде қабылдайды. Яғни жүргізуші ескі көлігін утилизацияға өткізіп, қолма-қол ақша ала алады. Сондай-ақ, осы күні auto.recycle.kz сайты өз жұмысын бастайды. Жаңа сайтта азаматтар аталмыш бағдарлама туралы толық ақпарат алады. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында «Оператор РОП» ЖШС-ның басқарушы директоры Рустам Темірбек мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Утилизация бағдарламасы бойынша 21 қарашадан бастап еліміздің 17 қаласында ескі автокөліктерді арнайы орындарда 48 мың теңгеден 150 теңге көлемінде қабылдайды. Аталмыш бағдарламаға машинасы 3,5 тоннадан аспайтын, 7 орынды жеңіл автокөліктердің иелері қатыса алады. Яғни жүргізуші өзінің ескі көлігін утилизацияға өткізіп, қолма-қол ақша алуға мүмкіндігі бар», - деді ол.
Сондай-ақ, Рустам Темірбек осы күннен бастап арнайы сайттың жұмыс істейтіндігін атап өтті.
«21 қарашадан бастап auto.recycle.kz сайты өз жұмысын бастайды. Жаңа сайтта азамат аталмыш бағдарлама туралы толық ақпарат алады. Нақтырақ айтсам, азамат сайтқа кіріп, ескі көлігін бағалай алады. Сондай-ақ, сайтта бағдарламаға қатысу үшін қандай құжаттар керектігі, ескі машинаны қайда өткізуге болатындығы анық жазылған. Сонымен қатар, ескі көліктерді қабылдауға бөлінген квотаны да көре алады. Біз 2016 жылдың аяғына дейін 10 мың ескі көлікті қабылдап алуды жоспарлап отырмыз», - деді директор.
Естеріңізде болса бұған дейін 2017 жылдан бастап Қазақстан азаматтары өздерінің ескі көліктерін жаңа машинаға ауыстыра алатындығы туралы айтқан болатынбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!