BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Н.Алдабергенов: Трансшекаралық нарықта қазақстандық өнімге қарсы негізсіз бақталастық көбейген

Астана. 22 қазан. Baq.kz - Астанада Еуразиялық экономикалық одақтың трансшекаралық аумағында антимонополиялық реттеу мәселелері бойынша отырыс өтті.

Отырыста бәсекелестік қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша ЕАЭО мүше мемлекеттердің ұлттық антимонополиялық органдары мен Комиссия арасындағы құзыреттерді белгілеу, сондай-ақ өтініштерді қарастыру рәсімдері, жосықсыз бәсекелестік туралы істерді қарау және тергеулер жүргізу мәселелері қаралды. ЕАЭО трансшекаралық нарығында басымдық жағдайды пайдалану туралы және бәсекеге қарсы келісімдер туралы пікірлермен бөлісті.

Осымен қоса, отырысқа қатысушылар ЕАЭО трансшекаралық нарығының қазіргі жағдайын және түйіткілді мәселелерін талқылады.

«Бiздiң ұлттық тауар өндiрушiлерiмiз қалыпты жұмыс iстеуi үшiн дұрыс бәсеке болуы керек. Осы дұрыс бәсекенің сақталуына Еуразиялық экономикалық комиссияның көп көмегi тиедi. Өйткенi, осы бағыттағы көптеген тексеру функциялары, шешiлмей жатқан сұрақтарға жауап беру қызметi осы комиссияға берiлген. Қазірдің өзінде трансшекаралық нарықта қазақстандық өнім шығарушыларға қарсы негізсіз бақталастық деректері көбейген. Мәселен, көрші мемлекеттердің бірінен отандық кәсіпорын атауын жамылып, Одақ аумағына тауар тасымалдап жүргендер анықталды. Бүгінде дүкен сөрелерінде сатылып жатқан сүт, қант, кеспе өнімін алсақ, сыртында қазақтың киіз үйі мен ұлттық нағыштағы ою-өрнектің суретін көресің. Әрине, мұны сатып алған біздің елдің тұрғындары бұл өнімді таза Қазақстанда жасалған өнім деп ойлары анық. Үңіліп қарасаңыз төменгі жағында Беларуссияда жасалған өнім екеніне көз жеткізесіз. Ал оны сатып алушылар өзіміздің қазақстандық өнім деп көз жұмып сатып алары анық. Бүгінде сатып алған өнімнің ақшасы басқа мемлекетке кетіп жатқандығы көңілге ақау түсіріп отыр. Бүгінгі отырыста осы мәселенің шешімін Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірге талқылайтын боламыз. Егер өнім жасаушы компаниялар осы қарқынмен тауар шығара берсе, онда айыппұл салуға тура келеді», деді Еуразиялық экономикалық одақтың бәсекелестiк және монополияға қарсы реттеу жөнiндегi алқа мүшесi Нұрлан Алдабергенов.

Басқосу барысында Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі ұялы байланыс, жолаушылар тасымалы және өзге де қызмет көрсету салаларындағы тарифтерді теңестіру мәселелері де талқыға түсті.

«Бүгінде аймақтарда роуминг ұялы байланыс қызметінің қымбаттылығы мәселесі туындауда. Мысалы, Қазақстандық абонент елде ұялы байланысқа 1 минутына 7 теңге төлесе, бұл құн Ресей шекарасынан асқаннан кейін 20-25 есе қымбаттап шыға келеді, яғни 150 теңгені құрайды. Осындай жағдай беларустық және ресейлік абоненттерде де қалыптасып отыр. Бұл мәселе қазан айының соңына дейін шешімін табатын болады», деді Нұрлан Шәдібекұлы.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт заңды күшіне енгеннен бастап, мемлекетшілік антимонополия органы құрылған болатын. Аталған Органның құзырына трансшекаралық нарықта бәсекелестіктің ортақ қағидаларының сақталуын қадағалау, зерттеулер жүргізу және антимонополиялық реттеудің басқа да шараларын қолдану, оның ішінде қағидаларды бұзушыларға айыппұлдар салу құқығы берілген.

 

Дана САҒЫНБЕК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер