BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қ.Өскенбаев терезе сұлбаларын өндіретін зауыттың жұмысын жоғары бағалады

Астана. 29 сәуір. Baq.kz – Бүгін ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбев «ЕЭО қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты ақпараттық апталық аясында Астана маңында орналасқан терезе сұлбаларының өндірісімен айналысатын «Funke Kunststoffe(Функе Кунстштоффе)» ЖШС-ін аралап қайтты.

«Қазақстанда терезе мен есік сұлбаларын өндіретін кәсіпорындар жетерлік. Алайда, бұл зауыттың баста ерекшелігі - ол жан-жақты. Егер, бір компания бір түрлі өнімді шығаратын болса, мынау кәсіпорын сіздің тапсырысыңызға қарай оны түр-түрімен шығара алады. Сапасы да өте жоғары. Бір өкініштісі, компания шикізатты Еуропадан алдырады. Негізі ол мұнайдың бір бөлігі, демек өзімізде өндіре аламыз. Әттегені сол, өндірістің бұл түрі бізде әлі дамымаған. Бұйыртса, болашақта Атырауда арнайы кәсіпорын ашып, бұл олқылықтың да орнын толтыратын боламыз. Сонда өнімді толығымен Қазақстанда жасалды деп айтуға болады», - деді вице-министр.
Компания бас директоры Петер Пауль Кохтың айтуынша, «Funke Kunststoffe» компаниясының іргетасы 1970 жылы қаланған. Ол терезе және есік сұлбаларынан басқа пластикалық және көп қабатты құбырлардың, өндірісімен айналысады. Бүгінде кәсіпорыннда өндірістің 4 цехы жұмыс істейді: шикізат цехы, өндірістік цех, зертханалық және құрал-саймандар цехы. Ол заманауи техникамен толығымен жабдықталған. Оның үстіне, өндіріс жартылай автоматтандырылыпты. Компания өз өнімінің 40%-ын Қазақстанда, қалған 60%-ын ТМД елдеріне, Кедендік одаққа мүше елдерге және Азия мен Шығыс Еуропа елдерінде саудаға шығарады. Бүгінде өндіріс ошағында 70 елордалық азамат жұмыс істеп жатыр. Олардың 25-і өткен жылы Германияда арнайы оқытылып, біліктілігін арттырған.

«2013 жылы серіктестік тұтынушыларының басым бөлігі Орталық Азияға жақын орналасқандықтан, зауыт терезе және есік сұлбаларын өндіретін желісін Германиядан Қазақстанның Астанасына толығымен көшірді. Бұл қадам біздің арамыздағы арақашықтықты азайтып, тауардың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыра түсті. Жобаға 11 млн. еуро инвестицияланды. Ағымдағы жылы қосымша 3 млн еуроны инвестициялайтын боламыз. Қаржының 70%-ы өзіміздің капиталымыз. Ал, қалған 30%-ы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде қазақстандық «Халық банкі» Даму қорымен бірлесіп қаржыландырды. Мемлекеттік бағдарлама ілкімді істі іркілтпей іске асыруда үлкен демеу болды. Қаржы институтының мамандары да өздерінің кәсіби біліктіліктерін көрсетті», - деп «Funke Kunststoffe(Функе Кунстштоффе)» ЖШС бас директоры Петер Пауль Кох ағынан жарылды.

Айта кетерлік жайт, аталмыш зауыт Қазақстан нарығы қажеттілігінің 10%-ға қамтамасыз етіп отыр.
«Зауытты Қазақстанға көшірмес бұрын бізде екі таңдау болды. Ол Ресей немесе Қазақстан нарығы. Ойланып келе біз Қазақстанға тоқталдық. Себебі, елдің инвестициялық климаты өте қолайлы. Оның үстіне мемлекеттік қолдау да жақсы сезіліп тұрды», - деді компанияның бас директоры.

 

Мөлдір Бекбергенова


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер