BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алматыда 6 премьер-министр келіссөз жүргізу үшін дөңгелек үстелге отырды

Әзербайжан және Тәжікстан ресми делегациялары мен Қазақстан, Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан мемлекет өкілдері өзара диалог құрды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қаласында ҚР Президентінің бастамасымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» атты халықаралық форум өтіп жатыр. Аталған шараға жоғарыда аталған мемлекет өкілдерімен қатар Халықаралық ірі IT компанияларының өкілдері де қатысты.

Әлемнің алдыңғы қатарындағы мемлекеттер Төртінші өнеркәсіптік революция аясында цифрлық саланы дамыту үшін барынша еңбектеніп жатыр. Форумның басты мақсаты – бәсекеге қабілеттілікті арттыра отырып, цифрлық экономиканы дамыту үшін жасалатын шараларды бірлесіп қолға алу.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кіріспе сөзін оқыды.

«Әлем жылдам әрі түбегейлі технологиялық өзгерістер дәуіріне қадам басты. Ұлттық экономика мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда цифрландыру негізгі факторға айналып отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері мен Еуразиялық одақ цифрландыруға қатысты бірқатар стратегиялық құжатты қабылдады. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ та дәл осылай 2025 жылға дейін жасалатын цифрландыруға қатысты күн тәртібін енгізді.

Бүгінгі форум осы күн тәртібін жүзеге асырудағы маңызды шара болып отыр. Нарықтың ортақ болуы цифрландыру мәселесіне қатысты бірлескен шаралар ойластыруға мәжбүрлейді. Күш біріктірген жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ қана емес, осы одаққа кіретін әр мемлекет дамуға мүмкіндік алады. Осы шараның қажетті шешімдерді қабылдап, серіктестігімізді одан әрі нығайтуға көмектесетініне сенімдімін», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін 2 ақпанда Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы өтеді, оның аясында инновацияларды және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, базалық интеграциялық жобалар, Еуразиялық экономикалық одақтағы өнеркәсіптік цифрландыру және ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялаудың өзекті мәселелері талқыланады.

Форум жұмысына Арменияның Премьер-Министрі - К. Карапетян, Беларусьтің Премьер-Министрі - А. Кобяков, Қазақстанның Премьер-Министрі - Б. Сағынтаев, Қырғызстанның Премьер-Министрі - С. Исаков, Ресейдің Премьер-Министрі - Д. Медведев, сондай-ақ Әзірбайжан мен Тәжікстанның ресми делегациялары қатысады.

Еске салсақ, 2017 жылғы қазанда Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ЕАЭО мүше мемлекеттердің басшылары 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібінің негізгі бағыттарын бекітті, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕАЭО экономикасын цифрландыру бойынша арнайы кездесу өткізу туралы бастамасын қолдады.

Күннің екінші жартысында Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысады.

Іс-шараға Армения Республикасының Премьер-Министрі - К. Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі - А. Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі - С. Исаков, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі - Д. Медведев және Еуразиялық экономикалық комиссиянның Алқа Төрағасы Т. Саркисян қатысады деп болжанып отыр.

Шағын құрамда цифрлық күн тәртібі мәселелерін, сондай-ақ ішкі нарықтың жұмыс жасауы шеңберіндегі қатысушы елдердің міндеттемелерін қарау жоспарланған.

Кеңейтілген құрамдағы отырыста қатысушылар макроэкономикалық жағдайды және ЕАЭО мүше мемлекеттердің арасындағы өзара сауда жағдайын талқылайды, агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп кешені дамуының ортақ болжамдарын және ЕАЭО мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін талқылайды.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарды қабылдау жоспарланған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер