BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Тіршіліктен» тамыр тартқан тұлғалар


Астана. 4 қаңтар. Baq.kz-Тарих талайы ХХ ғасырды өзгерістен де, төңкерістен де, қуғын-сүргіннен де, қанды қырғыннан да, тоңы қалың тоқыраудан да, қарық болар нарықтан да кенде қылған жоқ. Аумалы-төкпелі сол замана толқынында «мың өліп, мың тіріліп» келе жатқан қазақтың талайлы тағдырынан ғасырмен жасасқан санаулы қазақ газеттері де шет қалмады. Соның бірі – Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті. Міне, астаналық облыстың төл басылымының жарыққа шыға бастағанына биыл 95 жыл толды.


Сонау өткен ғасыр басында, яғни 1917 жылдың шілде айында алғашқы саны жарық көрген «Тіршілік» газеті азаттық аңсаған ел арманын ту етті. Ақиық ақын, дауылпаз Сәкен бастауында тұрған басылымның басқаша болуы мүмкін де емес еді. Сондықтан да, қасиетті халқының тіршілік түйткілдерін ту еткен «Тіршілік» елі мен жерінің тұтастығын, халқының мақсат-мүдде, тыныс-тіршілігін айтар сөзінің темірқазығына айналдырды.
Асаудай тулаған замана толқындарында уақыт құдіреті, саясат салқынымен «Тіршілік», «Жаңа Арқа», «Колхоз екпіндісі», «Ақмола екпіндісі», «Сталин туы», «Есіл правдасы», «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры», «Арқа ажары» болып атауы өзгергенімен, басылымның бұл негізгі алтын арқауы өзгерген жоқ. Жалпы бұқаралық баспасөздің мазмұн-мағынасы мен сипатын заман ағымы, қоғамдағы саяси ахуал, таным мәдениеті айқындайды десек те, басылым редакторларының өзіндік қолтаңбасы, ұстанған бағыт-бағдары, ізгілік пен адамгершілікті арқау еткен көзқарасы, озық танымы болмаса, онда ешқандай газет шынайы халық құралы, уақытының тарихи шежіресі бола алмайды.
Белгілі қаламгер-философ, көсемсөздің көрнекті өкілдерінің бірі, «Арқа ажары» газетінің бұрынғы редакторы, марқұм Жомарт Әбдіхалық «Шарболат сенім» атты кітабындағы «Тіршіліктің» үзілмеген, үзілмейтін тамыры» деген мақаласында былай деген екен: «…Осы газеттің әр кезеңде редакторлары болған аға буын әріптестер есімін зор ілтипатпен айтуды өзіме айрықша міндет деп есептеймін. Олар: Әбу Айзахметов, Кеңес Үсебаев, Уәра Нұрпейісов, «Тың өлкесі» кезінде – Сапаржан Хайдаров, одан облыстық «Коммунизм нұрында» редактор болған Әнуар Ипмағамбетов, Ибрагим Қапаров, Әмірғали Нүркішев, Октябрь Әлібеков сынды белгілі аға буын журналистер».
Бүгін мен ардақ тұтар ұстазым Жомарт ағаның сол үзіліп қалған ойын жалғап, өзім 28 жыл табан аудармай еңбек еткен төл газеттің тоқсан бес жылдық атаулы күніне орай жоғарыда аталған аға буын редакторлар туралы өзім білетін деректерді оқырман назарына ұсынуды парыз санаймын.
Сонау аумалы-төкпелі 1917 жылы шілде айында алғашқы саны жарық көрген «Тіршілік» газетінің бастауында қазақ баспасөзінің көшбасшыларының бірі, білімді заңгер, білікті қаламгер Рахымжан Дүйсенбаев тұрды. Өкінішке қарай, 14 жасынан бастап өмірінің соңына дейін енді ғана қалыптаса бастаған қазақ баспасөзінің белсенді қызметкері бола жү-ріп, сахарада «…халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып табылатын газет жұмысын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан бұл тұлғаның өмірі мен қызметі әлі толық зерттелмеген ақтаңдақ күйінде қалып келеді.
Рахымжан Дүйсенбаев 1878 жылы Қарқаралы өңірінде дүниеге келген. Осы қалада бастауыш білім алған ол 1890 жылы Семей қаласындағы екі жылдық орыс мектебіне қабылданып, оны үздік бітіріп шығады. 1892 жылы он төрт жасар Рахымжан Омбы қаласына келіп, «Дала уәлаятының газетіне» қызметке тұрады. Бұл басылым 1888 жылдан 1902 жылға дейін Омбыда жарыққа шығып тұрған. Алғашқыда редакцияның әдеби қызмет-кері ретінде еңбек жолын бастаған ол кейіннен осы газеттің редакторлығына дейінгі өсу жолынан өтеді. Республика Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, қазақ баспасөзінің библиографиялық негізін жасаушы Үшкөлтей Суханбердина «Дала уәлаятының газеті» («Д.У.Г.») атты библиографиялық еңбегінде «Д.У.Г. шығарушы редакторлар Дінмұхамед Сұлтанғазин, Асылқожа Құрманбаев және Рахымжан Дүйсенбаев болғандығын» атап көрсетеді.
Сол кездің өзінде-ақ жас Рахымжан халқымыздың өмірлік мүддесімен өзектес тың тақырыптарды көтеріп, сахарада егіншілік және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, қазақ тілі грамматикасын жетілдіру тұрғысындағы проблемалық мақалалар жазған. Мәселен, «Рахаң 1895 жылы «Д.У.Г.»-нің 44-ші санында «Адам. Қоғам. Табиғат.» айдарымен Атбасар уезінде егін шаруашылығы жағдайын сөз етсе, 1898 жылы «Д.У.Г.»-нің 3,5,18-сандарында «Мал шаруасы осы бойында тұрғанда қазаққа пайдасы бар ма?» деген мақаласында қазақ даласындағы мал тұқымын асылдандыру қажеттігін ғылыми негізде дәлелдейді.» (Клара Әмірқызы. «Атақоныс ақиқаты». «Елорда», 2001 ж.)
«Дала уәлаяты газетінде» табан аудармай он жыл қызмет атқарған Рахымжан Дүйсенбаев 1903-1904 жылдары Омбыдағы заң қызметкерлерін даярлайтын мектепте оқиды. Революциялық толқуларға қатысқаны үшін патша өкіметінің қудалауына ұшырайды. 1917 жылдың ақпан төңкерісін Ақмола қаласында қарсы алады.
Тәжірибелі заңгер, білікті журналист Рахаң патшаны тақтан құлатқан ақпан төңкерісінен кейін Ақмола қаласында белең алған саяси ахуалдан тыс қала алмайды. Бұл кезде қалада ескі өкімет құлап, жаңа өкімет әлі қалыптаспаған, қоғамның әрбір тобы өзінше қимыл танытып, саяси-әлеуметтік жағдай әрі-сәрі күйге түскен дүбәрә шақ болатын. Осы кезеңде Сәкен Сейфуллиннің ұйытқы болуымен Ақмо¬лада Қазақ комитеті құрылады.
Белгілі сәкентанушы, филология ғы¬лымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев «Сәкен Сейфуллин» атты кітабында: «Сәкен әуелі уездік Қазақ комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар, «Жас қазақ» ұйымына басшылық етті. Қазақ комитеті, ең алдымен, қазақ тілінде газет шығару мәселесін қолға алып, комитеттің төрағасы Рахымжан Дүйсенбаевты Қазан қаласына баспахана жабдығын алып келуге аттандырды…» деп жазады.
Содан Рахаң Қазан қаласына барып, қала зиялыларының арасындағы зор беделінің арқасында газет шығаруға қажетті баспахана жабдықтарын алады. Баспахана әріптері мен жабдықтарын қос түйеге артып, үлкен қиындықтармен Ақмола қаласына жеткізеді. Міне, осы еңбегі Рахаңның «Тіршілік» газетінің алғашқы редакторы ғана емес, Ақмолада алғашқы қазақ баспаханасының да негізін қалаушы екенін көрсетеді.
«Тіршілік» газетіне алғашқы санынан бастап, 1918 жылдың жазында Ақмола қаласын Колчак әскерлері басып алғанға дейін шығып тұрған соңғы санына дейін редактор болған Рахаң Қазақ комитетінің шешімі бойынша жау қолында қалған қаладан қашып шығуға мәжбүр болады. Ол өзінің туған жері Қарқаралыға келіп, бой тасалайды. Әттең, аңдыған жау алып тынады. Халқымыздың асыл перзенттерінің бірі, білімді заңгер, білікті редактор Рахымжан Дүйсенбаев қапыда ақ казактардың қолына түсіп, 1919 жылы шілдеде Қарқаралы орманында атылады. Артында құдай қосқан жары Қадиша мен алты жасар қызы Бибінұр аңырап қала береді. Рахаңның зираты Қарқаралы ауданындағы Қоңырқұлжа деген жерде.
Ақмола өңірінде «Тіршіліктен» кейін қазақша газет шығару 1928 жылға дейін тоқтап қалған. 1928 жылы 17 қаңтарда Ақмола округі қайта құрылып, 21 қыркүйекте «Жаңа Арқа» және «Новая степь» атты округтік газеттер шыға бастайды. Тура екі жылдан кейін округ тарап, Ақмола қайтадан аудан болып қалады. 104 санын жарыққа шығарып, «Жаңа Арқа» газеті де жабылады. Бұдан әрі газет өмірін Ақмола аудандық «Колхоз екпіндісі» деген атпен жалғастырады.
1939 жылы 14 қазанда Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарынан 17 ауданды бөліп алып, өз алдына жеке Ақмола облысы құрылды. Сол күннен бастап «Колхоз екпіндісі» атын да, затын да өзгертіп, «Сталин туы» атты облыстық газетке айналады. Облыстық газеттің редакторлығына белгілі қаламгер Әбу Айзахметов тағайындалады. Ол Көкшетау өңіріндегі Рузаев ауданы, Алғабас ауылының тумасы. Біраз жыл мұғалімдік қызмет атқарған. 1938 жылы Рузаев аудандық газетінің редакторы болып тағайындалады. Ал 1939 жылы жаңадан ашылған Ақмола облысының «Сталин туы» атты облыстық газетінің редакторлығына жоғарылатылады.
Әбу Айзахметов облыстық газеттің қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Қаламы ұшқыр қазақ журналистерін тәрбиелеуге күш салды. Ол облыстық газетте төрт жылға тарта редакторлық қызмет атқарып, 1942 жылы майданға аттанады. 1946 жылы елге оралғаннан кейін Еркіншілік аудандық партия комитетінің хатшысы, Ерейментау аудандық газетінің редакторы болып еңбек етеді.
«Сталин туы» газетінде одан кейін редактор болған танымал тұлғалардың бірі – Кеңесбай Үсебаев (1914-1995). Ол Қызылорда облысының Қармақшы аудандық «Қызыл ту» газетінде еңбек жолын бас¬тап, 1935-1938 жылдары Алматыдағы Коммунистік Қазақ журналистикасы институтын бітіреді. Содан кейін Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде қызмет атқарады. 1946-1949 жылдарда Жоғары партия мектебінде оқиды. Оны бітіргеннен кейін Ақмола облыстық «Сталин туы» газетіне редактор болып тағайындалады.
Кеңесбай Үсебаев осы басылымда Сталин өліп, газеттің аты «Есіл правдасы» болып өзгерген 1953 жылға дейін қызмет атқарған. Кенекең 1955 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакторының орынбасары, ал 1960 жылы осы басы-лымның бас редакторы болып тағайындалады. Осы жылдардан бастап Кенекеңнің өмірі еліміздің бас басылымымен тығыз байланыста өріледі. Он жылға жуық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болғаннан кейін ол зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақ ССР Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі комитеттің төрағасы қызметін атқарды.
«Есіл правдасы» газетінің редакторы Сүлеймен Сейітов, «Тың өлкесінің» бас редакторлары Уәра Нұрсейітов пен Сапаржан Хайдаров болды.
Алпысыншы жылдардың ортасынан жетпісінші жылдардың соңына дейін «Коммунизм нұры» газетінде белгілі аудармашы, білікті журналист, нағыз ақсүйек Әнуар Ипмағамбетов редактор болды. Әнекең өте білімді де біліктілігімен қатар кеңпейіл, сырбаз адам еді. Ол үстіне киген киіміне қылау түсірмей, үнемі кіршіксіз ақ көйлек киіп, қолына қымбат трост ұстап жүретін. Әнуар Ипмағамбетов басшылық жасаған жылдары облыстық газеттің оқырман арасында беделі де таралымы да жоғары болды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Әнекең редакциядан қол үзбей, жиі-жиі келіп, жастармен өмірлік бай тәжірибесін бөлісетін. Жеңгеміз Қорлан Зәкірқызы Әнекеңнің денсаулығына байланысты оған темекі тартуға қатты тыйым салды. Сонда Әнекең жеңгейден жасырынып, редакцияға келіп, менің ұядай кабинетімде өзінің сүйікті «Қазақстан» сигаретін тартатын. Мұнда Әнекең темекісін үздіксіз тарта отырып, әсерлі әңгімелерінің тиегін ағытушы еді.
Әнекеңнің аталары Жайық өңіріндегі ауқатты да беделді адамдар болыпты. Әкесі Нұрғали қазақтан шыққан алғашқы оқыған дәрігерлердің бірі екен. Бірінші дүниежүзілік соғыста Нұрғали Ипмағамбетов Ресей армиясы әскери госпитальдерінің бірінің бастығы дәрежесіне көтерілген. Патша өкіметі құлағаннан кейін ол Орал өңіріне келіп, халықтың азаттық күресін ұйымдастырушылардың қатарына қосылған. Халел және Жаһанша Досмұхамедовтармен бірге «Алаш» партиясын құрып, Орал облысынан алғашқы құрылтайға делегат болған. Асыл азамат 1919 жы¬лы ақ казактардың қолынан қаза табады.
Әнекең халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Дінмұхамед Қонаевпен жастайынан бірге өсіп, өмірінің соңына дейін дос болып өтті. Ол бір кездерді Әнекең былай еске алатын: «Отызыншы жылы Димаш екеуміз оқу іздеп, Мәскеуге аттандық. Ашаршылық әлі басыла қоймаған қиын кезең болатын. Азық-түлік жоқтың қасы. Екеуміз құрт-ірімшік салған қос қоржынымызды құшақтап, Қазан вокзалына келіп поездан түстік. Вокзалда ұры-қары, босқын бұзақылар көп. Түн іші, қайда баратынымызды да білмей, екеуміз вокзал ішінен әрең дегенде бір бос орындық тауып отырдық. Бар байлығымыз –қос қоржынымызды ортаға алып, ұйықтамасқа серт беріп отырмыз.
Қанша отырғанымыз белгісіз, жолсоқты болған екеуміз де ұйықтап кетіппіз. Бір уақытта көзімді ашсам, әдемі киінген, көзіне ұзын баулы пенсне таққан, мұрнының астында кішкене мұрты бар біреу дәл жанымызға келіп, бізге тесіле қарап тұр. Жүрегім тас төбеме шықты. Жалма-жан жұлқылап, Димашты ояттым. Оның да үрейі ұшып кетті. Қазан вокзалындағы қаптаған адамдардың ортасындағы қалың күпі, елтірі тымақ киген екі қазақ баласында бұл «жапондықтың» не шаруасы барын білмей дал болып отырмыз. Кенет ол: «Қазақтың баласысыңдар ма?» деді, таза қазақша. Біз шешеміз ұл тапқандай қуанып, жалпылдай кеттік. Сөйтсек, бұл атақта Нарком Тұрар Рысқұлов екен (Тұрар Рысқұлов 1926-1937 жылдарда РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.) Шетелдік бір делегаттарды шығарып салу үшін вокзалға келіпті. Шығар есіктің дәл алдында құшақтаса ұйықтап жатқан елтірі тымақты екі баланы көріп, әдейі бұрылыпты. Содан Тұрар аға бізді әй-шәйға қаратпай вокзалдың алдында тұрған «ЗИМ» машинасына мінгізіп, үйіне алып келді. Осы үйде Димаш екеуміз оқуға қабылданып, жатақхана алғанша, бір айдан астам уақыт жаттық. Міне, елім деп еңіреп өткен Тұрар ағалар осындай адамдар болатын…»
Әттең, Әнекең таза коммунистік жолдан ауытқымай, көп нәрсені жаза алмай кетті. Талай-талай тарихтың ақтаңдақтарын ашар-ақ еді…
Әнуар Ипмағамбетов зейнеткерлікке шыққаннан кейін, «Коммунизм нұрына» Ибрагим Қапаров редактор болып тағайындалды. Бұл кісі таза комсомолдан өскен, кезінде Қостанай облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, одан өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісі болған партиялық беделі аса жоғары адам болатын. Жасыратыны жоқ, сол бір жылдары қазақ тілінің де, баспасөзінің де беделі құлдырап, қазақ мектептері жаппай жабыла бастаған кез болатын. Ибрагим аға өзінің партиялық қызметтегі мол тәжірибесін пайдалана отырып, облыстық газеттің беделін арттыруға барынша күш салып бақты.
Облыстық газеттердің редакциясы және Ақмолада шығатын «Фройндшафт» атты неміс газеті, қазіргі Астана қалалық әкімдігі орналасқан, ол кезде «Дом Советов» деп аталатын ғимаратқа қоныстанған еді. Бірде түскі асқа бара жатқан Жақсылық Жүнісов екеумізді Ибрагим Қапарұлы ұстап алды. Қараторы жүзі алабұртып, тым ашулы екен. Ол бізді «Дом Советов»-тің ішкі ауласында тұрған, қораптары да әлі бұзылмаған жап-жаңа жиһаздардың қасына алып келді. «Мынау «Целиноградская правда» газетіне берілген жаңа жиһаздар көрінеді. Қазақ редакциясы әлі күнге елуінші жылғы столдармен отыр. Бұл не деген алалау! Мен қайтып келгенше, өлсеңдер де мына қораптарды ешкімге бермей ұстап тұрыңдар!», – деді де облыстық партия комитетіне кіріп кетті. Біз де өліспей беріспейтіндігімізді көрсетіп, редакторымыз келгенше, әріптестерімізге қораптарды бұзғызбай, қасарысып тұрдық. Көп кешікпей Ибрагим аға келіп, жарты жиһазды қазақ редакциясына кіргіздіртті.
Ибрагим Қапарұлы партиялық тәртіпті қатаң сақтайтын, облыстық комитеттің ішкі жағдайын жақсы білетін, білікті де беделді адам еді. Ол өзі редактор болған жылдар ішінде редакцияның материалдық базасын нығайтуға көп күш салды. Аудан хатшыларымен батыл сөйлесе отырып, газеттің таралымын да арттырды…
«Коммунизм нұры» газетінің заман талабына сай мазмұнды да тұғырлы газет болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан редактор, майталман журналист, парасатты тұлға – Әмірғали Нүркішұлы. Шежірелі Қорғалжынның тумасы Әмір ағаның қаламгер болып қалыптасуы осы басылыммен біте қайнасып өтті. Алматыдағы КазГУ-дің журналистика факультетінде оқи жүріп, ол өзінің өндірістік тәжірибесін осы төл газетінде өткізіпті. Әмір аға Әнекең (Ә.Ипмағамбетов) редактор болған кезден бастап, бірінші орынбасар міндетін ұзақ уақыт атқарып, газеттің шығармашылық ұжымының қалыптасуына, мазмұн-мағынасының тереңдеуіне өлшеусіз еңбек сіңірді.
Әмір аға табиғи қабілеті бар, жазуға бейім жастарды тым жақын тартатын. Олардың шеберлігін шыңдау жолында уақытын да, кәсіби тәжірибесін де сарқа жұмсап, барынша көмектесетін. Ол айналасындағы кейбір жүйкесін жұқартқан келеңсіздіктерге терең сабырлылық, тіпті шексіз шыдамдылық танытатын.
Кішіпейілділік – кісіліктің белгісі. Әмір ағаның бойындағы кісілік пен қарапайымдылық бәрінен де биік болушы еді. Бірде нөмірге баратын, асығыс жазылған мақаланы бөлім меңгерушісіне қаратпай, бірден редактордың өзіне апарып бердім. Біраз уақыттан кейін бөлмеге Әмір ағаның өзі келді: «Жылқыбай, мына мақалаңды былай түзеттім. Келісесің бе, қарап шық…», – деп жұмсақ қоңыр дауысымен тіл қатты да, қарайламай шығып кетті. Шикі жазылған мақаламды ерінбей отырып түзетіп, тіпті бастан-аяқ қайта жазып шығыпты. Бетім оттай өртеніп жүре берді. Содан былай Әмір ағаға иі қанбаған мақала апарудан үзілді-кесілді тыйылдым.
Міне, редакторлық тәсіл, үлкендік өнеге! Кейбіреулердей айғайлап таусылмай-ақ, мақала қалай жазылуы керек екенін көрсетіп берді. Әмір ағаның талай буын жас журналистерге мәңгі өмірлік өнеге болған мұндай тәрбиелік тәлімдері мол болатын. Әттең, парасаттылық символы болған ғибратты ғұмыр ерте үзілді. Қырық тоғыз жасқа қарағанда Әмірғали Нүркішұлы қыршын кетті…
Ақмола облыстық газетіне өрімдей жігіт шағында келіп, барлық саналы ғұмырын өткізген, 16 жылға тарта басылымның бас редакторы болған тағы бір ғибратты тұлға – Октябрь Әлібеков. 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген екі жас, енді ғана отау құрған қос ғашық – Октябрь мен Рахия Әлібековтер арнайы жолдамамен «Тың өлкесі» газетінің табалдырығын аттайды. Өнегелі өмір жолдарында шынайы сыйластық пен өзара түсіністіктің үлгісін көрсеткен Октябрь ағамыз бен Рахия жеңгеміз төл газеттеріне қол ұстасып келіп, табан аудармай қырық жылға тарта қатар жемісті еңбек етіп, жұптарын жазбай зейнеткерлікке шықты.
«Коммунизм нұрында» тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарған Өкең өзінің қажырлы еңбегімен, газет өндірісін жетік білетін тәжірибесінің арқасында ұжымда үлкен беделге ие болды. 1979 жылы ол газеттің бас редакторы қызметіне тағайындалды. Октябрь Қайырұлы – облыс баспасөзін ұйымдастыруға, жас журналистердің бірнеше легін тәрбиелеп, маман болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан тәлімгер. Он алты жыл табан аудармай облыстық газетті басқарған кезінде Өкең «Арқа ажарының» шынайы халықтық басылым, әлеуетті қоғамдық мінберге айналуына айтарлықтай ықпал етті. Сонау бір қазақ тілінің басына бұлт үйіріліп, ұлттық болмысымызға сызат түскен заманда өңіріміздегі қазақ тілі мен ділінің сақталып қалуы үшін Өкең басқарған басылым жан алып, жан берісіп күресті. Оған бүгінде уақыт салмағымен сарғайған газет тігінділері куә. Өкең өз уақытындағы батыл редакторлардың бірі болды.
Ұмытылмас тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Ол кезде мен редакциядағы жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы едім. «Тұрғын үй-91» бағдарламасына байланысты пәтер кезегінде тұрған редакция қызметкерлерінің тізімін бекіттіріп алу үшін облыстық экономика және қаржы басқармасына келдім. Басқарма бастығы Максимюк мені ызбарлана қарсы алды. Ол бұрышта тұрған үлкен радиоқабылдағышты нұсқап: «Слушай!» деп ақыра тіл қатты. Түкке түсінбей радиоға құлақ түрдім. Одақтың вице-президенті Янаев «жыламсырай» сөйлеп жатыр екен. «Вот, дорогой, ваше время закончилось. Захотели перестройку, свобода слова, суверенитет! Анархия – все это! Теперь мы вам покажем!» – деп Максимюк лупа сияқты көзілдірігін бір шешіп, бір киіп маған дүрсе қоя берді. Обкомға жердің үстімен барып, астымен қайттым. Редакцияға келісімен Өкеңе кіріп, болған жайды баяндап, «Мынау мемлекеттік төңкеріс қой, жазамын» – дедім. Редактор ұзақ ойланып қалды. Әрине, оңай нәрсе емес. «Жаз! Тек Максимюктің сөзін ешбір өзгеріссіз беретін бол!» – деді біраздан кейін тәуекелге бел байлап. Газетіміздің кезекті санында үлкен қоғамдық пікірге бастау болған «Төңкеріс тудырған ой» атты мақала жарық көрді.
Иә, бұл атақты «ГКЧП» төңкерісі болған кезең еді. Сонда мерзімдік басылымдар (Қарағандыдағы «Орталық Қазақ¬станнан» басқа) бұл оқиғаны «төңкеріс» деп айтуға жасқанып отырған уақыт болатын… Оның бетін аулақ қылсын, Максимюктің айтқаны келіп, ГКЧП жеңіп шықса не болар еді? Басылымның да, бас редактордың да маңдайынан ешкім сипай қоймайтыны анық. Міне, осындай ел мүддесі таразыға салынған тұстарда Өкеңнің тәуекелге баратын азаматтығы басым түсетін…
1995 жылы Октябрь Әлібеков зейнеткерлікке шығып, Жомарт Сафиұлы Әбдіхалық «Арқа ажарының» бас редакторы, мен оның бірінші орынбасары болып тағайындалдық. Адам бір-біріне қонақ болып келетін мына қысқа ғұмырда қатарласыңның қадірін танып, қасиетін бағалауға өрең жетіп, мұршаң келген бе?! Марқұм Жомарт Әбдіхалық өзінің саналы да салиқалы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын «Арқа ажары» газетінің аясында өткерген екен. Ал оның аттай жиырма жеті жылын бірге өткізіппіз. Міне, осы ұзақ жылдар керуенінде мен Жөкеңнің тіні берік тектілігіне, кір шалмаған кісілігіне тәнті болдым. Мына құмырсқа тірліктің күйбеңінен, пендешілік бақталастықтан оның болмысы үнемі биік тұратын.
Газет тағдыры да адам тағдыры сияқты не бір аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кешіреді екен. «Арқа ажары» («Тір¬шілік») газетінің де ғасырға жуық осынау шежіресінде талай-талай тар жол, тайғақ кешулер болған. Жомарт Әбдіхалық бас редактор болып тұрған сонау тоқсаныншы жылдары да газет талайымына күрделі сын, үлкен ауыртпалықтар тап келді. Міне, сол кезеңде Жомарт Әбдіхалық өзінің пайымды парасаттылығы мен салиқалы іскерлігінің арқасында басылымның идеялық, танымдық мазмұнын тереңдету, тақырып аясын ел мүддесімен қабыстыру, көркемдік-безендірілу сипатын оқырман талғамына сай ету мақсатына күш салып, газеттің өз беделін өзі көтеру арқылы таралымын арттыруға қол жеткізді. Қаржы тапшылығы жағдайында «Арқа ажарын» бүкіл облыстық газеттердің ішінде форматын да, сипатын да өзгертпеген, бірден-бір қос бояумен шығатын басылым ретінде сақтап қала алды.
Табиғат-ана бойына дарытқан сабырлылығына сай Жомарт аға ешқашан асығыс ой айтып, ұшқары шешім қабылдап көрген жан емес. Әрбір жазған сөзін, оқырманға ұсынған әрбір мақаласын парасат байсалдылығымен пайымдайтын. Сондықтан да, оның қаламынан шыққан зерделі сөз, тегеурінді ойлар оқырман жүрегіне жол табатын. Жалпы, ұзақ жылдар қатарлас жүрген сәттердегі менің түйсігіме темірдей орныққан бір пайым, Жөкең – Жомарт Әбдіхалық қырық жылдан асқан қаламгерлік еңбек жолында адамның өмірге деген сенімінің шымыр болуын жалықпай жазып, жанында жүрген әріптестеріне ерінбей үйретіп кетті.
Міне, ғасырға жуық тарихы бар «Арқа ажарының» («Тіршілік») зерделі шежіресінде айшықты қолтаңбасын қалдырған редакторлар хақында, әрқайсысы туралы том-том туынды жазуға лайық қазақ баспасөзінің қабырғалы тұлғалары хақында адал пікірімді айттым. Ал асыл ағалардың аяулы есімдерін ұрпақ жадында жаңғыртып, рухын көтеру – кезінде олар барын баянды қылған басылым парызы. Айтылған ақиқаттың артық-кемін патша көңіл оқырманның өзі салмақтап алар деген сенімдеміз…
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,


 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер