BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Меркінің суы шипа, ауасы ем

Фото: YouTube

Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз.Осынау ширек ғасыр уақыт ішінде мерейлі Меркі жері, оның ішінде «Меркі шипажайы» да жаңарып, жасара түсті.

«Меркі шипажайы» өзінің 60 жылға жуық тарихында ондаған мың демалушыны құшақ жая қарсы алып, шипалы емі мен сапалы қызметтерін көрсетті. Соның арқасында Меркіміздің аты тек Қазақстанның түрлі аймақтарына ғана емес, алыс та, жақын шет мемлекеттерге де тарады. Шипажайда, негізінен, сүйек-буын, жүрек қан- тамырлары, әйелдердің жыныс ауруларына, жүйке жүйесі, жұқпалы емес тері, қан-тамырлары, асқазан-ішек жолдары, урологиялық және эндокриндік ауруларына ем қолданылады. Демалыс орны Қырғыз Алатауының Меркі шатқалында орналасқандықтан, ол теңіз деңгейінен 720 метр биіктікте тұр. Мұндағы басты ерекшелік – емдік шаралар кезінде республикада теңдесі жоқ радон минералды суы қолданылады. Соңғы үш жыл ішінде «Меркі шипажайының» әлеуетін көтеру, демалушылардың талап-тілектерінен көріну   мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып, көптеген өзгерістерге қол жеткізілді.Корпустардағы жатын бөлмелер мен емдік шаралар жүзеге асырылатын орындарға, асхана залдарына қажетіне қарай күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, дизайны жаңғыртылды. Төсек- орындардан бастап, перделер мен төсеніш кілемдерге дейін жаңартылды.

Мұндағы әрбір демалыс бөлмесі мен бұрыштарының жанға жайлы, көңілге қонымды, әрі әсерлі болуы назарға алынды. Демалушыларға қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейде ұстау – тұрақты бақылауға қойылған. Демалушыларға ванна корпусында, парафин бөлімінде, релаксациялық, құйынды және циркулярлық емдеу әдістері бөлмелерінде, гинекологиялық шайылу мен урологиялық кабинеттерде, бассейнде, физиотерапия, галокамера, яғни, тұзды шахта, емдік дене шынықтыру залы және тағы басқа орындарда қызметтер көрсету жақсы жолға қойылған. Сондай-ақ, ТМД елдерінің ешбірінде жоқ «скандинавтық жүру әдісімен» жаттықтыру түрі енгізілсе, су астынан омыртқаны созу кабинеті жаңадан іске қосылып, шипажайдың мәртебесін арттырып отыр. Осының бәрі алыстан ат арылтып келушілерге сапалы қызмет үлгісін көрсетіп, шипалы ем жасау үшін жасалуда. Шипажайдың ғимараттарымен қатар, сыртқы келбетін жаңарту, ландшафтын жаңғырту мәселесі де қолға алынып, нақты жұмыстар жасалды.

Мысалы, 2014 жылы 2000 шаршы метр жердегі асфальт төсемелері ауыстырылса, алдағы жылы тағы 1000 шаршы метр аумақтағы төсемелер жаңартылмақ. Оған Талас пен Мойынқұм аудандарынан әкелінген қызыл тастар қолданылуда. Демалушыларға қолайлы аспалы көпір де салынды. 2016 жылы 1500 шаршы метр асхана шатыры жаңартылды. Заман талабына сай құрал-жабдықтар, үстел-орындықтар мен ыдыс-аяқтар сатып алынды. Тағы бір жаңалығымыз, мұнда биыл шағын наубайхана іске қосылды. Онда пісірілген нан тек келушілерді ғана қамтамасыз етіп қоймай, Меркі шатқалында тұратын тұрғындар сатып алып, пайдалануда. Мұнда жасалып жатқан сан алуан жұмыстар, қызмет түрлері мен оның сапасының артуы – өз нәтижесін бере бастады.Олай дейтінім, 2014-2015 жылдарға қарағанда биыл келушілер саны артып отыр. Атап айтар болсақ, осы жылдың 9 айының қорытындысымен 851 адамды артық қабылдап отырмыз. Яғни, 9241 төсек/күнге артық деген сөз. Демалушылар, әсіресе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Ақмола және Қызылорда облыстарынан көптеп келеді.Сондай- ақ, ішінара Германия мен Ресейден келетіндер де бар. Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуде ұжым қызметкерлерінің, мамандар мен жұмысшыларының еңбегі зор.

Сондықтан да, бізде ең алдымен, еңбек адамына жағдай жасау жолға қойылған. Шипажай бойынша 200 адам жұмыс атқаруда. Олар бір мезгіл толық кешенді ыстық аспен қамтамасыз етілген. Жұмыс барысында қажетіне қарай материалдық көмектер беру, ынталандыру шаралары жүзеге асырылып келеді. Тұрмыс жағдайы төмен отбастарына қайырымдылық көмек қолын созамыз. 2015 жылы мекеменің 27 қызметкері Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі демалыс орындарына тегін демалуға жіберілді, бұл шипажай тарихында бұрын болмаған. Дәлірек айтар болсақ, олар: Қызылорда облысындағы «Жаңақорған», ОҚО-дағы «Манкент», Павлодардағы Мойылды, Қостанайдағы «Сосновый бор», Алматы облысындағы «Көктем» демалыс орындарында болып, тынығып қайтты. Иә, Меркіміздің тамаша табиғаты, таза ауасы мен шипалы суы ештеңеге тең келмейді. Өзге облыстардан келушілер табиғатымызға тамсанып, емдік қызметімізді пайдалану үшін ерінбей келіп-кетіп жатады. Осы ретте өзіміздің меркіліктердің де «Меркі шипажайына» көптеп келіп, демалуына ұсыныс жасағым келеді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» – деген сөз бар емес пе, қазағымызда. Қолдағы бардың қадірін білейік. Ендеше, келіңіздер, қызметімізді көріңіздер!

Абдрахим МОМБЕКОВ, «Меркі шипажайы»АҚ-ның бас директоры.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер