Алпыс екі тамырдың түйіскен жері – әйелдің кеуде тұсы. Дәл осы тұстан түйткіл шықса, дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінген абзал. Түйткілді тудырған «түйін» қайдан пайда болады? Көптің көңілін күпті еткен сауал осы. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, бұл дерттің пайда болуы 80% гормондар жүйесінің бұзылу әсерінен болады екен. Адам организмінде сүт безі мен әйелдердің жыныс органдары, жүйке жүйесі мен қан тамырлары гормондар арқылы байланысады. Демек, дерттің дендеп кетуіне ықпал ететін де организмдегі гормондар өзгерісі екені даусыз. Сондай-ақ, әйел адамдардың кеш тұрмысқа шығуы, аборттың көбеюі, баланы аз туу, жас сәбиін бір жасқа дейін емізбегеннен жыныс органдары функциясының өзгеруі осы кеселдің көбеюіне мұрындық болып отыр. Қазір әйел адамдар күтінбейді, өзіне күтім жасамайды. Баласы қырқынан шыға салысымен тіршілікті күйттеп, жұмысқа шығып кетеді. Осының салдарынан өзінің ұрығын организмде орнықтырған кесел асқынып, соңы сүт безінің қатерлі ісігі дертіне ұласады. Ғалымдардың зерттеуінше май мен қантты көп пайдаланатын әйелдерде сүт безі рагы жиі ұшырасатын көрінеді. Май мен қант – ағзадағы тепе-теңдіктің бұзылуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі. Тіпті, әйелдер үш айдай майлы немесе тәтті ас ішуді доғарса, организмдегі эстроген гормоны азаяды да сүт безінің қатерлі ісігінен болатын қауіп те біршама сейіледі екен. – Бұл саланың онкология деп аталатыны жалпақ жұртқа жақсы таныс. Десек те, онкологияның өзі ішінара бірнеше түрге бөлінеді. Соның ішінде сүт безі обырын еншілегендер саны жыл сайын көбейіп, елімізде бірінші орынға кеп табан тіреді. Сүт безінің мастопатиясы 45-60 жастағы әйелдерде жиі кездеседі. Себебі, осы жаста климакс кезінде әйелдер күтінбейді. Соның кесірінен кеуде тұста түйін пайда болады. Ауруды ерте кезден анықтау үшін оны ұстап көру керек. Егер ісік болса ол сыздап ауырады, ұстағанда қолға білінеді. Кеуде тұстың көлемі үлкейеді, тканьдері қатаяды. Сондай-ақ, әлеуметтік факторлардың әсерінен иммундардың төмендеуі, гормондардың бұзылуы жиі орын алады, – дейді қалалық №3 емхананың маммолог-дәрігері Бақыт Сейдуллаұлы. Қазақ – шыдамды халық. Жанымызға батқанда болмаса, ақ халаттылардың алдына барғымыз жоқ. Есігін қағып, табанымызды тоздырып, телміруді тағы қаламаймыз. Басты кемшілігіміз де осы. Негізі онкологиялық аурулардың бір клеткасының дамып-жетілуі үшін кемінде 10-15 жыл уақыт керек. Тұрғындар жаны қиналғанда жалынып жүрмей, бос уақытында бастан-аяқ бір тексерілсе, кез келген қауіптің алдын алуға болар еді. Аурудың алғашқы сатысында көкірек тұсын қолмен ұстап, арнайы тексеріс жүргізу арқылы анықтауға болады. Ал, кеселдің келесі сатыларында рентгенге түсіру арқылы білуге болады. Ол дәрігердің сауаттылығына тікелей байланысты. Сондай-ақ, бір ғана рентген көрсеткіші кеселді 90-95 пайызға дейін дәл анықтайтыны тағы бар. Бүгінде тұрғындарды «шегелеп қағып», қадағалаудың ықпалымен скринингтік тексеруден өткізу шаралары жүріп жатыр. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2012 жылдан бастап 50-60 жас аралығындағы әйелдерді толық тексеруден өткізетін «маммографиялық скрининг» деп аталатын Ұлттық бағдарлама дүниеге келді. Бағдарламаның мақсаты сүт безінің қатерлі ісігі ауруын алдын ала анықтау, өлім-жітімді азайтып, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту болып отыр. Бұның өзі жақсы жетістік, тек тұрғындар тегін тексеруден қашпаса болғаны. Біздің облысымызда онкологиялық ауруларды емдейтін техникалық құралдар мен дәрі-дәрмектер жеткілікті. Емдеудің барлық сатысы өзіміздің өңірде жүргізіледі екен. Гормондық дәрілерді қабылдау, химиялық жолмен емдеу шаралары да айтарлықтай нәтиже береді. Тіпті, операциялық жолмен емдеу шаралары да жергілікті ауруханаларда жүргізіледі. Соңғы кезде аурудың асқынған сипатымен ауыратын науқастар көршілес Өзбекстан мемлекетіне де барып, толық тексеруден өтіп, ота жасатады. Біздегі бір кемшілік – мықты дәрігер мамандардың жетіспеушілігі. Маммологтардың айтуынша, бұл саланы таңдаушылар аз, тіпті жоқтың қасы. Науқастар саны көбейген сайын маманның тапшылығы да айтарлықтай білінетін көрінеді. 30 жастан асқан барлық әйелдердің жылына кемінде бір немесе екі рет емханадағы тексеру кабинетінен өтіп тұрғаны дұрыс. Көптеген ғалымдардың пікірінше, сүт безінде кездесетін қатерлі ісіктерді дер кезінде емдеп, олардың кейбір түрлерін химиялық жолмен алып тастауға болады. Алайда өкініштісі сол, қоғамның ауыр дертіне айналып отырған індеттің соңы асқынған ісік ауруына шалдыққан әйелдердің 40-60%-ының өліміне әкеп соқтырады. Аурудың соңы осындай қайғыға ұласпау үшін алғашқы белгілері байқалысымен, яғни І сатысында дәрігерге жүгінсе, кеселдің алдын алу мүмкіндігіне және дене мүшесінің толықтай сақталып, ана болу мүмкіндігінің жоғалмауына толықтай кепілдік бар. Сондықтан қалыпты төрт функцияның бірі бұзылса, дереу дәрігерге көріну керек. Білмеген нәрсені сұрау айып емес деген бар. Дерттің денеңе батқанын сезгенше жүре бермей, арнайы сол саланың мамандарына жүгінген әлдеқайда тиімдірек. Денсаулығымыз нашарлап, күрт ауырған кезде ғана медицина қызметін қажет етіп, ақ халаттылардың көмегіне жүгінеміз. Десек те, дімкас халық дәрігерлерге күнімді қаратпасын деп, өз денсаулығына селқос қарамаса екен. Құралай ВЛАДИМИРҚЫЗЫ |
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!