Ақтөбеде 3D технологияны пайдалану арқылы ота жасалды - Денсаулық|05 Қазан 2016, 10:55
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ақтөбеде 3D технологияны пайдалану арқылы ота жасалды

Елімізде бірінші рет Ақтөбеде 3D технологияны пайдалану арқылы бауыр ауыстыру отасы жасалды. Әлемнің дамыған, мықты деген елдерінің көбінде аталған жаңа инновациялық әдіс бойынша ота жасалмапты.

Жалпы, Ақтөбеде екі күн бойы 8 шеберлік класы өткізіліп, 35 күрделі ота жасалады.

Қазанның 2-сінен бері Ақтөбеде «Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының» VI халықаралық съезі өтіп жатыр. Аталған шара қазанның 6-сына дейін жалғасады. Жиынға еліміздегі білікті дәрігерлермен бірге, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Литва, Грузиядан жүзден астам мамандар келді.

Съезд аясында облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, облыстық жедел медициналық көмек ауруханасы және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің базаларында шеберлік кластары ұйымдастырылады. Мақсат — жаңа инновациялық емдеу әдісін енгізу. Бұл — бір. Екіншіден, мамандардың біліктілігін арттыру.

Шара барысында шетелдік білікті мамандардың қатысуымен жалпы 35 күрделі ота жасау жоспарланып отыр.

Оталардың ерекшеліктері — эндобейнехирургиялық технологиялар пайдаланылатын болады. Бұл — ең озық технология. Лапраскопиялық әдіс бойынша ота жасағанда дене жарақаты аз болады.

Жаңа ғана облыстық ауруханада лапароскопиялық технологияны, оның ішінде 3D технологияны пайдалану арқылы бауыр ауыстыру отасының бірінші кезеңі, яғни донордың бауырын алу аяқталды. Екінші кезеңде бауырдың алынған бөлігі науқасқа салынады. Қуаныштысы, 3D технологияны пайдалану арқылы елімізде бірінші рет ота жасалып отыр. Тіпті күллі әлемде бұл технология жекелеген елдерде ғана қолданылды. Нақтырақ айтқанда, Оңтүстік Корея, Жапонияда ғана бұл әдіс арқылы ота жасалды. Бүгін, міне, елімізде, Ақтөбеде жасалып жатыр! Жалпы, жыл басында бауыр ауыстыру отасын бес науқасқа жасауды жоспарлаған болатынбыз. Бүгінгі жасалып жатқан ота — төртіншісі. Мұндай күрделі оталарды жасау үшін біздің медициналық мекемелерде заман талабына сай жабдықтардың бәрі бар, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Оның айтуынша, қазір облыстық жедел медициналық көмек ауруханасында да қалқанша безі қызметінің бұзылуына байланысты бұрын-соңды елімізде жасалмаған өте күрделі ота жасалып жатыр. Аталған ауруханада Оңтүстік Кореяның Каннам Северанс клиникасының мамандары мен біздің дәрігерлер бірлесіп, эндоскопиялық жолмен қалқанша безінің түзілісін алуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің батыс облыстарының тұрғындарына қызмет көрсету үшін Ақтөбеде медициналық кластер құруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында көптеген шаруалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі игі жұмыстар — соның бір парасы, — дейді Әсет Қалиев.

Жалпы эндоскопиялық хирургтертердің съезіне 500-ден астам дәрігер қатысады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

www.aktobegazeti.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер