BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркістан облысының экспорттаушыларына кешенді қолдау көрсетіледі

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков кәсіпкрелермен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға өңірдегі 30-дан аса экспорттық әлеуеті бар кәсіпкер қатысып, облыс әкімінің орынбасары олардың жеке қажеттіліктерімен танысты. Сонымен қатар, жиынға Түркістан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және кедендік декларацияны бақылау бөлімінің басшылары, сондай-ақ, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Атамекен» РКП» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Түркістан ауданы бойынша аймақтық филиалдары және «ОҢТҮСТІК» АИО өкілдері қатысып, өз тараптарынан эспорттаушы компанияларға көрсететін қызметтері туралы айтып берді.

Еліміздің экономикасын дамытуда отандық өнімдердің экспортқа шығуы жоғары маңызға ие екендігін тілге тиек еткен Ербол Тасжүреков кәсіпкерлердің экспорттық әлеуетін көтеру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғандығын жеткізді.

«Қазіргі таңда кәсіпкерлердің көрші елдер нарығына кіруіне белгілі тосқауылдар бар. Олар өндірістік көлемінің жеткіліксіздігі, тасымалдау мәселелерінің жолға қойылмағандығы немесе кедендік кедергілер. Міне, осындай мәселелерді шешуде қолдау көрсетіп, компанияның экспортқа шығуына дейін сүйемелдеу мақсатында біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобы «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының мамандарынан құралған», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінде Түркістан облысы бойынша 50 әлеуетті экспорттаушы компания бар. Олар тауарларын Еуроодақ елдеріне, Қытай және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруда. Алайда, экспорт көлемін арттырып, жалпы шет ел нарығына шығуда кедергілер жоқ емес. Кездесу барысында кәсіпкерлер кедендік рәсімдеу процедурасын жеңілдету, өндіріс көлемін арттыруға қаржылай көмек көрсету және экспорттық келісім-шарттарды сақтандыру бойынша қолдау қажеттігін айтты.

Аталған мәселелер тиісті сала мамандарына жүктеліп, облыстық әкімдік тарапынан бақылауға алынатын болды. Жиын соңында кәсіпкерлер барлық даму институттарының басшыларымен кездесіп, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етілді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер