BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Отандық нарық қашан қарық болады?

Бүгінгі таңда отандық сауда саласы АҚШ, Германия, Англия, Жапония, Түркия секілді батыс елдерінен көп кейін қалып отыр. Қажет болса Кедендік одақ аясындағы серіктес мемлекеттердің өздері бізден көш-ілгері алға кетіп отыр. Бұл туралы бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен сауда саттықты дамыту жөніндегі жаңа бағдарламаны таныстыру барысында Қазақстанның сауда кәсіпорындары Қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біз 2015 жылы ұлттық палатаның араласуымен арнайы сараптама жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Сол кезде еліміздің батыс елдерінен экономикалық жағынан 25-30 жылға кейін қалып қойғаны анықталды. Тіпті, ресейдің өзі 15 жылға алда келеді. Олар бізден көш ілгері озып кетті. Бұл, әрине, еліміздің экономикалық жағдайы өте төмен дегенді білдірмейді. Біраз шаруалар жасалып жатыр. Алайда бұл қадамдар аздық етеді. Нақты жұмыстар жасалып, алға ұмтылу керек. Қаржы бар. Алайда бұл қаржыны игеру, бизнес нысандарына жеткізу мәселесі дұрыс жолға қойылмай отыр. Шағын және орта бизнес өкілдеріне қол жетімді емес. Әкімшілік кедергілер өте көп. Яғни «кепілге қоятын затың жоқ» деген желеумен көптеген шаруалар мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржыға қол жеткізе алмайды. Осындай себептермен бизнеске бөлінген қыруар қаржы толық игерілмей отыр», - дейді Жібек Әжібаева.

Сондай-ақ, ол осындай кедергілерді жою мақсатында Ауылшаруашылық министрлігі көтерме-тарту орталықтарын құру туралы бастама көтеріп отырғанын атап өтті. Бұл жоба іске асырылса, шағын және орта кәсіп пен өңірлердегі қанатқақты жобаларға қолдау күшейтілетін болады. Шаруа мен сатушылар арасында ортақ мәміле күшейіп, сауда-саттық байланыс артады.

«Бүгінде осы бастамамыз жан-жақты зерттеліп жатыр. Артықшылықтары мен өңірлерге қолжетімділігін дәлелдеп, жобасын ұсынып та қойдық. Өкішке қарай бұл жоба қолдау таппай отыр. Ауыл шаруашылығы мен Ұлттық экономика министрлігінің ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Биыл іске асады деп үміттенеміз. Осы кедергілерді жоймай, отандық бизнес алға жылжымайды», - дейді ол.

Жиында, сонымен қатар, отандық экономиканың аяғына тұсау болып отырған бірқатар жайттар сөз болды. Мәселен, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда сауда нысандарын қолдаудың нақты шаралары қарастырылмаған. Қала мен ауылды жерлер арасындағы тауар бағасының айырмасы да көп дүниеге кедергі болуда.

«Осындай жайттардың кесірінен отандық тауар өндірушілер мен кәсіпорындар ғаламдық бәсекеге қауқарсыз болып отыр. Мұндай қиындықтан шығу үшін шағын және орта бизнеске арналған несиенің бір бөлігін субсидиялауды қолға алып, екінші деңгейлі банктер мен Даму банкі арасындағы несиелік шартарға кепілдік беруді қолға алған жөн. Отандық өнімдерге қолдауды арттыру керек», - дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауда комитетінің төрағасы Қайрат Мәжібаев.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелде шетелден қыруар қаржыға кеңесшілер шақырту, желілі маркетинг құру арқылы салықтан жалтарып отырған алаяқ компаниялар, үлкен сауда орындарында отандық тауар өндірушілер емес шетелдік кәсіпорын өнімдеріне басымдық берілу секілді түйткілді мәселелер сөз болды.

Бүркіт НҰРАСЫЛ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер