BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫ 2050 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҒАНА ЖЕТЕДІ!

Астана. 18 қыркүйек. Baq.kz - Қазақ жерінің қойнауындағы «қара алтын» ең кем дегенде, әлі 50 жылға жетеді. Үкіметтің кешегі отырысында осындай болжам жария етілді. Айтқандай, мұнай қоры бойынша Қазақ елі әлем елдерінің бірінші «ондығына» жақын тұр екен.  

Және де бұл шек емес! Мұнай және газ министрі Қазақстанда жаңа мұнай кен орындарын анықтаудың үлкен мүмкіндіктері барлығын мәлім етті. Ел Үкіметі осы отырысында Қазақстанның «Табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдамасының» жобасын мақұлдады. Бұл құжат «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы қойған міндетке сәйкес қабылданып отыр. Министрлер кабинетінің кешегі отырысында жаңа кен орындарын анықтауға мол қаржы салу қажеттігі ашық айтылды. Мәселен, «ҚазЭнерджи» қауымдастығы Үкіметке елімізде геологиялық барлауды кең ауқымды қаржыландыруға кірісуді ұсынды.
– Қолда бар кен орындарының барлығы дерлік – сонау Кеңес кезіндегі геологиялық барлауға инвестиция салудың нәтижесі, – дейді «ҚазЭнерджи» қауымдастығының атқарушы директоры Рустам Жүрсінов. – Геологиялық барлау жұмыстарын қазіргі қаржыландыру – өте төмен деңгейде! Табиғи ресурстарды сатудан түсетін табыстар қажетті инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ минералдық-шикізаттық базаны толықтыруға жұмсалуға тиіс деп санаймыз.

Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин де Үкімет мүшелеріне қатты қазба байлықтары бойынша Қазақстанның барлық геологиялық базасының 80%-ы – Кеңес тұсында барланғандығын растады. Оның айтуынша, қазақ жерінің қойнауын зерттеу ісіне «қаржыландырудағы проблемалар» тоспа болуда. Оның үстіне барлау жұмыстары кезінде әлі күнге монотехнологиялар пайдаланылатын көрінеді, яғни «кешенді концентраттарды алу және өңдеу технологияларын жүйелі түрде ілгерілету» жоқ.

Бұл ретте Қазақстанның «Табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдамасының» басты бір мақсаты – «еліміздегі табиғи ресурстарды ары қарай зерттеу, жаңа кен орындарын іздеу және есепке алу» болып отыр.

Мемлекетіміздің ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі басты даму бағдарламасында Қазақстан Көшбасшысы Үкіметке, қазіргідей шикізат бағасы жоғары болып тұрғанда, оны әлемдік нарықта неғұрлым көп өткізіп қалуға ұмтылуды жүктеген еді. Осыған байланысты Тұжырымдаманың тағы бір басты мақсаты – «әлемдік жоғарғы сұранысты ел мүддесіне пайдалану үшін табиғи ресурстарды өндіру және әлемдік нарықтарға жеткізу қарқынын арттыру» болып бекітіліпті.

Кеше Мұнай және газ министрі «бүгінде әлемде жеңіл алынатын мұнайдың заманы аяқталып келе жатқандығын» жеткізді. Одан ары қарай «қара алтынды» өндіру үлкен күш пен көп қаржы салуды қажет етпек. Бұл келешекте де мұнай бағасының қымбаттай беруіне ықпал етуі ғажап емес. «Мұнайдың әлемдік бағасы өсуге бейім: соңғы 10 жыл ішінде ол үш есе өсті. Ал әлемдік рецессия басталған 2008 жылдан бері оның бағасы 2 есе көтерілді» дейді Ұзақбай Қарабалин.

Осыған орай еліміздің мұнай-газ ведомствосы мұнай өндіру көлемін арттыра беруге бағытталып отыр. Тіпті «пессимистік болжамдар бойынша да 2030 жылға қарай Қазақстандағы мұнай өндірісі жылына 110 миллион тоннаға жететін көрінеді. Ал оптимистік сценарий бойынша одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. «Оптимистік болжамдар Қашаған және басқа да кен орындарын ары қарай дамыту жобаларының қалай бекітілетіндігіне байланысты болады. Бұған қоса, сол уақытқа қарай басқа да жаңа кен орындары іске қосылуы мүмкін» деді министр.

Рас, Қазақстан басшылығы бұған дейін жыл сайын 150-180 миллион тонна «қара алтын» өндіру жөнінде ғаламат мақсат белгілеген болатын. Мұнай және газ министрі бұл жоспардың сақталатындығын айтты: «Біз қазір Табиғи ресурстарды тиімді басқару тұжырымдамасына бағдарланып отырмыз, ол мұнай саласының дамуын, еңбек ресурстарын барынша пайдалануға сәйкестендіріп, жоспарлауды көздейді. Яғни онда мұнайды жай ғана арттыру емес, кен орындарын іске қосу кезектілігі қарастырылады». Министр, сондай-ақ Қашағаннан ең көп дегенде қанша мұнай «қотарылатындығын» нақтылады: осы кен орнын дамытудың алдын ала жоспары бойынша Қашағаннан тәулігіне 1,5 миллион баррель өндірілмек. «Бұл – Қашаған қол жеткізуі мүмкін ең жоғарғы өндіріс! – деді ол. – Қашаған бүгінде ендігі жұмыс жасауда, онда мұнай өндірілуде». Өз баяндамасында Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин Қазақстанның Табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдамасының жобасымен таныстырды. Бұл құжат жаңа кен орындарын анықтау, сондай-ақ шикізат өндіру мен сатуды арттыру сыртында, еліміздің ішкі нарығын өзіміздің төл, отандық жанар-жағармайлық материалдармен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл ретте «Қазақстанда жасалған» таңбалы ЖЖМ өнімдері жаңа экологиялық стандарттарға сай болатын көрінеді. Сонымен қатар осы Тұжырымдама шетелдік инвесторларды бұдан былай «шикізат өндіру мен қайта өңдеуге заманауи технологияларды әкелу және ендіру шарттарымен» тартуды қарастырады. Сонымен бірге оған сәйкес, Қазақстанда «көмірсутек шикізатының стратегиялық резерві» құрылады. Бұл да «Қазақстан – 2050» стратегиясында берілген тапсырма болатын.

Осылардың барлығы, Мұнай және газ министрінің айтуынша, Тұжырымдаманың 8 басым мақсатын түзеді. Айтылған төрт басты мақсат сыртында, бесінші басым мақсат ретінде «балама энергия түрлерінің өндірісін дамыту» белгіленген. Алтыншыдан, «өндіруші кәсіпорындардың тек қана экологиялық зияны жоқ өндірістерді енгізуіді» нақтылады. Жетінші мақсат негізінде «көмірсутек шикізатының стратегиялық қоры» жасалады. Ал соңғы басым мақсатқа сәйкес, Қазақстанда шикізат секторынан түскен табыстарды оңтайлы басқару ендіріледі. Бір айта кетер жайт, Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қазақстанның 2030 жылға дейінгі «Отын-энергетикалық кешенін дамыту стратегиясының» жобасын әзірлеу үстінде екен. «Бүгін қарастырылып отырған Тұжырымдама, осы стратегиямен бірге, салада бар проблемаларды шешудің тиімді, прагматикалық жолдарын анықтауға мүмкіндік береді және ел экономикасына жаңа серпін береді» дейді «ҚазЭнерджи» атқарушы директоры Р.Жүрсінов.

– Осы Тұжырымдаманы бекіту туралы Президент Жарлығы қабылданған соң, ұзақмерзімді Отын-энергетикалық кешен стратегиясын есепке ала отырып, арнайы іске асыру бағдарламасы әзірленетін болады, – деді Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин. Жиынды қорытқан Үкімет басшысы С.Ахметов болса, бұл Тұжырымдаманың және Отын-энергетикалық кешенді дамыту стратегиясының «табиғи ресурстарды өндіру және әлемдік нарыққа жеткізу қарқынын арттыруға, ішкі нарықты отандық ЖЖМ-мен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігін» атап өтті.

– Тұжырымдама шетелдік инвесторларды тартуға жағдай жасайды, бірақ олар енді тек шикізатты өндіру мен өңдеудің заманауи технологияларын қолдану, экологиялық зиянсыз, жаңаша өндірістерді құру шарттарымен ғана жұмыс істей алады! – деп баса айтты Премьер. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер