Жас ғалымдар нені армандайды? - Білім & ғылым|19 Ақпан 2017, 15:35
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Жас ғалымдар нені армандайды?

Фото: Абзал Қалиев

«Астана» орталық залында Назарбаев зияткерлік мектептері жеті жылдық жұмысының қорытындысын шығарып, жеткен жетістіктерінің шығармашылық есебін берді. Осы орайда Baq.kz тілшісі мектеп оқушыларының заманауи, креативті жобаларымен танысты.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымының орынбасары Шолпан Мұратбаева бұл шарада оқушылардың ғылыми жетістіктеріне жоғары баға беріп, жаһандану заманында қазақ елінің ұлттық құндылықтарын сақтау маңызды екендігін атап өтті.

«Бүгінгі жиынға 21 Назарбаев зияткерлік мектептері қатысып жатыр. Біз 7 жылда атқарылған жұмысымызды көрсетіп отырмыз. Мектеп оқушылары өз роботтарын көрмеге алып келді. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық құндалықтарымызды жоғалтып алмауымыз керек. Сондықтан біз оқушыларға біліммен қатар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретудеміз», - деді басшы.

Қазіргі таңда әлем төртінші техникалық револиция алдында тұр. Ал қазақ елі осы көштен қалмас үшін ғылым мен білімге баса назар аударуда. Оны Елбасы да биылға жолдауында атап өткен болатын. Алайда еліміздің ғылым саласы дамыған алпауыт мемлекеттермен иық тіресетіндей дәрежеге жете қойған жоқ. Оны мойындауымыз керек. Бірақ болашақ жас ғалымдардың осы саланы дамытуға деген құлшынысы көңілге үміт отын ұялатады. Мысалы, Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Талғат Бектің ғылыми жобасы ғарышты игеруге байланысты.

Ол - роботатехника бойынша өткізілген түрлі халықаралық олимпиадарлардың жүлдегері. Оның ғылыми еңбегі әлем үшін маңызды десек қателеспейміз.

«Ғалымдар 2030 жылы жерден орбитаға ұшу өте қиын болады деп болжам жасап отыр. Себебі, ғарыштағы космостық қоқыстың мөлшері 200%-ға өседі екен. Яғни жыл сайын олардың саны екі есеге артуда. Сондықтан қоқыстар ғарышқа ұшуға қиындық тудыратын болады. Бұл өз кезегінде жер серіктерінің жұмысына қауіп төндіреді. Салдарынан адамзат ғарышты толығымен зерттеу мүмкіндігінен айырылады», - деді ол.

Оқушылар жаңа спутникті 1 жылда жасап шығарған. Талғат ғылыми жобасын достарымен бірігіп жасаған екен. Ал тиісті құрал жабдықтарды алуға мектеп ұжымы көмектескен. Осы орайда мектеп оқушысы жаңа спутниктің қалай жұмыс істейтіндігін түсіндірді.

«Біздің жасаған құралымыз жоғарыда аталған өзекті проблеманы шешуге септігін тигізеді. Біздің спутнигіміз атмосфера арқылы осы қалдықтарды жойып жібереді. Спутник толығымен автономды түрде жұмыс істейді», - деді Талғат Бек.

Ал Әділ Ордаев робототехникамен айналысып жүргеніме 4 жыл болған. Осы уақыт аралығында ол түрлі байқауларға қатысып үлгеріпті. Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқып жатқан тәлімгер көрмеге өзі жасаған роботты алып келген.

«Бұл – биолойт роботы. Күрделі роботтардың бірі. Себебі, бұл әртүрлі күрделі қимылдарды жасайды. 6 робот жасадық. Оған 4 күн кетті. Роботым «Қара жорға» биін билей алса деймін. Осы мақсатта әлі де жұмыс істеу керек. Мен болашақта робототехника саласында жұмыс істегім келеді. Өйткені, ол бағдарламалау мен инженерия саласын біріктіреді. Ол өте қызықты», - деді ол.

Сондай-ақ, көрмеге гумоноидті роботтар да қойылды. Олардың басты ерекшелігі күрделі іс-қимылдарды жасай алатындығында және адам сияқты ойлау қабілетіне ие болуында. Тіпті, оларды медицина саласында пайдалануға болады екен.

«Робототехникамен шұғылданып жүргеніме 5 жыл болды. Біздің робот «Нао» деп аталады. Ол адам тектес робот деп айтсам қателеспеймін. Өйткені, біздің роботымыз 21-25 түрлі қимылды жасай алады. Оның адам сияқты қолы, саусақтары және буындары бар. Оның негізгі ерекшелігі – күрделі бағдарламалау тілінде. Олар үшін арнайы бағдарламаны өзіміз жасаймыз. Ол сіз ойлағандай оңай дүние емес. Роботты медицина мақсатында да пайдалануға болады. Олар аутизм дертіне шалдыққан балаларға көмектесе алады», - деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Темірлан Сейтқали.

Осы орайда ол роботты арнайы мақсатта қалай пайдалануға болатындығын түсіндірді.

«Алдымен Х-box құралына қосылады. Сол арқылы ол баланы көріп, онымен сөйлесе алады. Сондай-ақ, балаға түрлі тапсырмалар бере алады. Тіпті, түрлі дене қималдарын жасай алады. Егер бала онымен тіл табысса, ол - үлкен жетістік. Ал мұғалімдер роботты лектор ретінде пайдаланғысы келеді. Алдағы уақытта Назарбаев университетіне түссем деймін. Ол жерде робототехника немесе IT cаласында білім алуды армандаймын», - деді болашақ жас ғалым.

Ал Данияр Тұрғанбаев 3D принтерлердің құрылысын жетік меңгерген. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқиды. Ол бізге өз жобасының маңыздылығын түсіндірді.

«Біздің жобамыз 3D принтерді пайдалануға байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы құралдың болашағы зор екендігін айтқан болатын. Бүгінде шетелдегі зауыттар мен фабрикалар осы құралды кеңінен пайдалануда. Оны медицина саласында, ғылымда және күнделікті тұрмыста пайдалануға болады. Бірақ, азаматтар бұл құралдың қаншалықты пайдалы екендігін түсінбей отыр», - деді ол.

Сондай-ақ, оқушы еліміздің осы құралды сатып алуға қыруар қаржы жұмсап отырғандығын алға тартты. Данияр мұндай принтерлерді Қазақстанда да құрастыруға болады деген пікірде.

«Өкінішке қарай, біздің нарықта 3D принтерлердің бағасы өте қымбат. Олар АҚШ, Қытайдан әкелінеді. Бұл біздің экономикамыз үшін тиімсіз. Ал біз осы құралды Қазақстанда да шығаруға болады. Ол үшін бізде тиісті материалдар бар. Сондықтан оны жасауға біздің де мүмкіндігіміз жетеді», - деді оқушы.

Айта кетейік, шығармашылық есеп беру кешіне министерлер, Парламент депуттары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, елшілер, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Суреттер: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер