BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұстаздың мәртебесін анықтайтын заң жобасы талқыланды

Астана, BAQ.KZ. Өткен сенбі күні «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының тұжырымдамасын талқылау бойынша Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен Қазмедиа орталығында жиын өтті. Шараға министрлік өкілдері, қалалық және ауылдық мектеп мұғалімдері мен мектеп директорлары, ата-аналар, сондай-ақ кәсіподақ өкілдері қатысты.

Заң жобасының тұжырымдамасы Елбасының 2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауы аясында әзірленген болатын. Талқылауға Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Алматы қаласынан онлайн қатысып, бірқатар сұрақтарға жауап берді.

«Елбасы Жолдауын орындау мақсатында министрлік «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын әзірлеп, талқылауда. Осы мақсатта жұмыс тобы құрылды. Оның ішінде мектеп мұғалімінен бастап колледж, ЖОО педагогтары, мемлекеттік органдар өкілдері, ата-аналар да бар. Халық жаңадан әзірленіп жатқан заң жобаларын талқылауға белсенді қатысып жатыр. Бүгінде республиканың түкпір-түкпірінен 2000-ға жуық ұсыныс келіп түсті. Әлі де қосар ұсыныстарыңызды bilimdiel.project@mail.ru, pressa.edu@gmail.com электронды адресіне жіберулеріңізді сұраймыз», - деді вице-министр.

Заң жобасының тұжырымдамасы білім беру ұйымдарының құқықтары мен кепілдіктерін, педагогикалық және ғылыми жұмыстарын жүзеге асыруды, сондай-ақ білім беру деңгейінің, меншік нысандарының, білім беру ұйымдарының типі мен түрлеріне қарамастан мемлекеттік, қоғамдық қолдау және тану шараларын жүзеге асыруды қамтитын мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталғанын айта кеткеніміз жөн.

Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Айман Телманқызының айтуынша, Заң жобасының тұжырымдамасы әлеуметтік желіде қызу талқылануда. «Алайда, ұсыныстар мен сұрақтар көп қайталанады. Көбісі ұстаздардың әлеуметтік жағдайына қатысты сауал жолдайды. Сондай-ақ мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа қатысты мәселелер жиі көтеріліп жатыр. Одан бөлек ұстаздарды зейнетке ерте шығару жайлы көп хат алдық», дейді А. Дүйсенбаева.

Бір сөзбен айтқанда, аталған Заң қайткен күнде де мұғалімнің төрдегі орынын төменге түсірмейтіні анық. Жалпы заң жобасы келесі жылдың мамыр, маусым айларында қабылдануы мүмкін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер