BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұстаздар әрдайым өз біліктілігін шыңдап отыру керек – институт директоры

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі заманның шәкіртіне лайықты ұстаз болу үшін мұғалім үздіксіз ізденіспен кәсіби шеберлігін шыңдап, жеке тұлға ретінде өсіп отыруы керек. Бұл туралы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Раиса Садуақасова брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, қазіргі тез өзгеретін әлемде өскелең ұрпақтың заман көшінен қалыспай өмірге бейімделуі біздің өзімізге байланысты. Әрі мектеп жұмысы жыл санап өзгеріп, заманауи талаптарға сәйкес дамып келеді.

«Мұғалім – білім беруші ғана емес, ол оқушының қабілет дарынын ашуға көмектесіп, өз пәніне қызықтыру арқылы жаңа білімді меңгеруіне ынталандыратын досы, тәлімгері болып табылады. Ал мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінің рөлі зор», -дейді ол.

Сондай-ақ ол, «Өрлеу» орталығы еліміздің әр облысында педагогтардың біліктілігін арттыруда аянбай еңбек етіп жатқанын айтып өтті.

«Біздің институт отандық және шетелдік озық әдістермен бірге өзіміздің қала мұғалімдерінің үздік кәсіби идеяларын іске асыруда тиімді, сәтті білім беру аясын қалыптастыру бағытында қызмет жасап келеді. Білім беру жүйесінің барлық деңгейіндегі мұғалімдер үшін мына бағыттарда білім беру қызметі көрсетіледі: қысқамерзімді курстар, жаңғыртылған деңгейлік курстар, ағылшын тілін оқыту бойынша пәндік-тілдік курстар, робототехника бойынша курстар, күндізгі-қашықтықтан оқыту режиміндегі курстар, инклюзивті білім беруге мұғалімдерді даярлау бойынша курстар. Бұл курстардың барлығы мемлекеттік тапсырыс негізінде жүргізіледі», -дейді Р. Садуақасова.

2017 жылдың жоспары бойынша, институтта өткен 120 біліктілікті арттыру курсында 3642 педагог кәсіби біліктілігін шыңдапты. Ал 2018 жылдың бірінші жартысында Алматы қаласының 2475 мұғалімі арнайы курстан өткен.

«Инклюзивті білім беру бойынша мұғалімдерді даярлау ісі қазіргі таңда өзекті мәселе болып отыр. Ерекше жағдайда оқытуды қажет ететін балаларды жалпы білім беретін мектеп жағдайына бейімдеу, әлеуметтендіру педагогтардың айрықша дайындығы мен арнайы біліктілігін талап етеді. Осы мәселелерді шешу мақсатында 2017 жылы институт жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері үшін курстар өткізді. Институтта бірінші рет инклюзивті білім беру бойынша кеңейтілген форматта – 160 сағат көлемінде курс өтті. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бұл курста жалпы білім беретін мектептердің 57 мұғалімі оқыды», -дейді директор.

Р. Садуақасова жиын барысында робототехника бойынша мұғалімдерді даярлау қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстары өткізілгенін және олар өз нәтижесін бере бастағанын айтып өтті.

«Тыңдаушылар математикалық және физикалық заңдылықтарды дәлелдейтін жоба жұмыстарын қорғап, робот көмегімен тапсырмаларды орындады. Курс тыңдаушыларының құрастыру дағдыларын қалыптастыру мен шығармашылық әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасалды және оның жетістіктері айқындалып келеді. Мәселен, №152 мектеп-гимназия мұғалімі Ахметов Б.Т. курс барысында робот-арба құрастырды. Арнайы белгіленген бағыттар бойынша жүретін «Робокөмекші» арбасы мүмкіндігі шектеулі, зағип жандардың өмір қауіпсіздігін және оңтайлы қозғалуын қамтамасыз етеді. Бұл жоба әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өткен «KazRoboSport-2018» республикалық чемпионатында жеңімпаз атанды», -дейді ол.

Аталған институтта Мария Монтессори әдістерін зерделеу бойынша кафедралық жұмыстар, мектепалды даярлық тобындағы балалардың метакогнитивтік дағдыларын дамытуда ертегітерапиясының элементтерін пайдалану тәжірибесі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеяларын енгізу (өлкетану, робототехника, SMARТ-оқыту) курстары, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, латын әліпбиіне көшу мәселелерінің тиімді шешімін қарастыру, инклюзивті білім беру міндеттерін жүзеге асыру, үш тілді білім беру жағдайында CLIL әдістемесі арқылы оқытылатын тілде пәндерді жүргізу қарастырылған екен.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер