BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Ұлы даланың жеті қыры» шеберлік дәрісі өтті  

Астана, BAQ.KZ. Тәуелсіздік күніне орай Астанадағы №82 "Дарын" мамандандырылған лицейінде TED форматында «Ұлы даланың жеті қыры» шеберлік дәрісі өтті. Оған елордалық мектеп директорлары, ұстаздар, жоғары сынып оқушылары мен ата-ана қатысты.

Дәріс спикерлері мемлекет және қоғам қайраткері, Оразкүл Асанғазы, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттінің бас директоры Асқар Умаров және Елбасы кітапханасының аға сарапшысы Қанат Әуесбай болды. Іс-шара мақсаты рухани жаңғыру аясында өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, олардың бойына елдік рухты сіңіруге септесу.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы Елбасы мақаласының маңызын тәрбиелік, тәлімдік тұрғыдан түсіндірді.

«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялаудағы көп мақсатының бірі елжандылық қасиеттерімізді шыңдай түсіп, мемлекетіміздің келешегіне бей-жай қарамайтын азаматтардың рухын үстемелеу болды деп білемін. Қараңызшы, біздің тарихымызда біз мақтан тұтатын дүние молынан. Оны тек дәріптей білуіміз керек. Өзгесін айтпағанда, ұлттық жәдігеріміз әшекейді алайықшы. Не деген ғаламат технология бұл?! Мұны біз біліп, мақтан тұтып қана қоймай, реті келгенде жаһанға жария етіп, жарнамасын да келістіре беруіміз де керек. Қай қайсыңыз да керемет елгезек, зейінді, білімді, ақылдысыздар. Алайда шығыс ойшылы әл-Фарабидің айтқаны бар ғой: «тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы». Жамал Базарқұлқызы басқарып отырған «Дарын» лицейінде «Ұлағат ұясы» деп ата-ана клубын құрудағы мақсатымыз да осы. Ата-ана, ұстаз, шәкірт болып ұрпағымызды ұлттық тәрбиемізбен сусындату» - дейді ол.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі Ұлы даланың өркениеті ұғымы туралы айтты.

«...Біз 1991 жылы азат ел болдық, егемендік алдық, Астанамызды құрдық. Әлемде қаншама ел бар. Бірақ бәрінің бірдей мемлекеті жоқ. Ешқашан болмауы да мүмкін. Кейбір ұлттың туы да жоқ. Ал біз әлемге танылған мемлекет болдық. Бұл біздің тағдырымызға жазылған үлкен сый. Ал, қазір біз өркениет жолындағы елміз. Ұлы даланың өркениеті дегеніміз қазақ тек көшіп-қонып жүрді деген сөз емес. Ұлы далада жүздеген қала болды, адамзат тарихында үлкен бетбұрыс жасаған жетістіктер осы далада жасалған. Жылқыны қолға үйретумен бірге арбаны ойлап тапқан бабаларымыз. Жылқы халқымыздың қазынасы. Жылқыны қолға үйретудің маңызы ғарышты игерумен бара-бар. Сондай-ақ, темірді игеру, архитектура саласы біздің ата кәсібіміз екенін біле бермейміз. Елбасымыз бұл мақала арқылы біздің тарихымызды ғана айтып отырған жоқ, болашаққа бағдар беріп отыр» - деді Дархан Қыдырәлі.

Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті деканы, белгілі алаштанушы ғалым, профессор Қайрат Сақ тәуелсіздіктің үш түрі туралы айтып берді.

«Жаһан елдерінде атыс-шабыс, қантөгіс боп жатқанда ұлы дала елі бейбітшіліктің бесігінде тербеліп тұр. Қазіргі бейбітшілік қазақ ұлтына, қазақ халқына қызмет етіп жатыр. Біз осыны бағалай білуіміз керек. Тәуелсіздіктің үш түрі бар. Біз ең алдымен саяси тәуелсіздікке қол жеткіздік. Әлем алдында дербес мемлекет болдық. Екіншісі, экономикалық тәуелсіздікке қолымыз жетіп келеді. Тек қана шикізат қана шығармай, қазір өзіміздің отандық өнімді өндіруге бет алдық. Одан кейін, қазір қолға алып жатқан рухани тәуелсіздік. Яғни, сананың тәуелсіз болуы. Сана тәуелсіз болмаса, онда елдің тәуелсіздігінің ұзақ болуы қиын. Міне, Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласының жалғасы болып жатқан «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақала осыны айтып тұр. Яғни, бұл мақала - санамызды тазалау, санамызды жаңарту» - дейді Қайрат Сақ.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агентіттігінің бас директоры Асқар Қуанышұлы мақаланың маңызын айтқанда Карель халқы туралы тың деректі келтірді.

«Біз бұл мақаланы тек талқылап қана қоймай, ондағы айтылғандарды орындауымыз керек. Тарихы жоқ ұлттың, рухы жоқ, ұлттық сана-сезімі болмайды. Кеңес уақытындағы тарих оқулықтарында біздің тарихымызды «жабайы халық болған, ата-бабамыз мал бағудан өзге ештеңе білмеген» деп сыңаржақ оқытып келді. Осылайша өзімізді тануды шектеп, тілімізді меңгертуге құлшынысымызды төмендетті. Ұлттық сана-сезімді төмендету ұлтты жоюдың төте жолы. Карель деген халық бар. Сол ұлттың тек 2000 ғана өкілі қалыпты. 20 жылдан соң ол халық жойылып кету қаупі зор. Бұл өте ауыр тағдыр. Тарихымызды зерделегенде, Байқал мен Балқанға дейін бірнеше ғасыр бойына созылған әлеуеті зор алып өркениет еуразиялық континенттің дамуына ықпалы зор болғанын көреміз. Осы бай өркениеттің тікелей мұрагері бізбіз. Бұл жәйт Президенттің осы мақаласында жан-жақты көрсетілген» - дейді Асқар Құмыран.

Филология ғылымдарының кандидаты, Елбасы кітапханасының аға сарапшысы Қанат Əуесбай тарих ғылымының қоғамтану тұрғысындағы маңызына тоқталды.

«Жалпы, адамзаттың даму барысында 16 ғасырдың соңына дейін тарих ғылымы «Қасиетті ғылым» болып келді. Еуропада тарих ғылымы – тек ақсүйектердің ұрпағы үшін қолжетімді, мемлекетті басқару өнеріне ғылым саласы қызметін атқарды. Ал, Кеңес Одағы кезінде тарих саяси идеологияны қалыптастыратын, жүзеге асыратын механизм болды. Мұның барлығы қоғамтану ғылымдарының арасында тарихтың орны ерекше екенін көрсетеді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихқа ерекше мән беріп, оны жаңа қырынан пайымдауды баса айтты. Себебі бүгінгі ұрпақ түп тамырын білу арқылы әлемдік тарихтағы орнын айқындап, жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп беруге рухы мықты болмақ» - дейді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер