Шетелдіктер қазақ балаларын «smart» деп бағалайды – айтыскер ақын - Білім & ғылым|14 Ақпан 2017, 13:30
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Шетелдіктер қазақ балаларын «smart» деп бағалайды – айтыскер ақын

Сауд Арабиясында қазақ балаларының зеректігі мен алғырлығына тәнті болған шетелдіктер біздің жастарға «smart» деген баға береді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. Бұл туралы шетелдегі өмірімен бөліскен павлодарлық айтыскер ақын, математик Серікболсын Дүйсембай агенттік тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

Бүгінде жас дарын Сауд Арабиясындағы Король Абдулла атындағы ғылым және технология университетінде магистратура мен докторантурада қолданбалы математика және компьютерлік ғылымдар мамандығы бойынша біліктілін жетілдіруде.

«Бұл білім ордасында алыс-жақын елдерден келген 1000-нан аса студент оқып жатыр. Соның 20 шақтысы – қазақтар. Әрине, шетелде жүргендіктен әрі қанымыз бір қазақ болғандықтан бір-бірімізді жақын тартып, көмектесіп тұрамыз. Шетелдіктер қазақ балаларын «smart», яғни ақылды деп бағалайды. Себебі, ол жерге еліміздің ең дарынды әрі білімді студенттері жиналған. Мұндай деңгейге жетуімізге Назарбаев Университетінен алып шыққан білімнің пайдасы тиген болар деп ойлаймын», - деді Серікболсын Дүйсембай.

Өткен жылы павлодарлық айтыскер ақынның Назарбаев зияткерлік мектептері мен қазақ-түрік лицейлеріне түсушілерге арналған математика пәнінен оқулығы жарық көрген болатын. Биыл ол ата-аналар мен оқушылардың өтініші бойынша қазақ тілі мен ағылшын тілі пәндерінен жеке жинақтар шығарып, математика оқулығын орыс тіліне аударды. Алдағы уақытта ол тағы екі авторлық оқулығын жарыққа шығармақ. Бұл жолғы еңбегі оқушыларға емес, ЖОО-ның студенттеріне арналады.

«Жалпы, еліміздің ЖОО-да қазақ тіліндегі сапалы математика кітабын табу қиын екені жасырын емес. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында жоғарғы оқу орындарына арналған «Инженерлік математика» және «Сызықтық алгебра» кітаптарын жазуды қолға ала бастадым. Осы орайда шетелдік профессорлармен бірге жұмыс істеп жатырмын. Алайда, бұл жұмыс өте үлкен қажыр-қайратты, табандылықты қажет етеді», - деді Серікболсын Дүйсембай.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер