Шетелден топ-менеджер алғанша, болашақтықтардың әлеуетін пайдалану керек – депутат  - Білім & ғылым|09 Ақпан 2017, 17:24
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Шетелден топ-менеджер алғанша, болашақтықтардың әлеуетін пайдалану керек – депутат 

Фото: Абзал Қалиев

Елімізде отандық университеттердің жұмысын тиімді ету үшін шетелден арнайы топ менеджерлер шақырылады. Осы мақсатқа мемлекет қыруар қаржы жұмсап отыр. Бірақ, біз аталмыш мәселеде «Болашақ» түлектерінің әлеуетін пайдалануымыз керек. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жәмилә Нұрманбетова айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«ҚР-да білім беруді дамытудың 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша отандық университеттерге шетелден топ-менеджерлер шақырылғалы отыр. 2017 жылы 111 менеджерді шақыру жоспарлануда. Мемлекетік бағдарламадан (ҚР-да білім беруді дамытудың 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – автор) көрдім. Менеджерлерді тарту үшін арнайы қаржы бөлінеді. Мендегі ақпарат бойынша 2016 жылы шетелден топ менеджерлерді тарту үшін 116 млн теңге бөлінген. Көптеген университеттер жұмылдырылды. Бірақ, олар (топ менеджерлер – автор) ректор, проректор қызметіне орналаспаған. Ал деканның қызметіне орналасқандары өте аз. Шетелден келген менеджерлердің басым бөлігі кеңесші, орталықтардың (ЖОО жанындағы – автор) директоры болады», - деді ол.

Депутаттың пікірінше, осы бағдарламаға «Болашақ» түлектерін тарту керек.

«Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде еліміздегі көптеген қазақстандық жастар шетелде оқыды. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасының алар орны ерекше. Осы бағдарлама бойынша оқыған жастар білім саласын басқару мамандықтары бойынша шетелде тәжірибе жинақтады. Олар осы салада білікті кадр бола алады деген үміттемін. Бірақ, біз осы жерде шетелден топ-менеджерлер алғанша, өзіміздің болашақтықтардың әлеуетін пайдалануымыз керек. 2017-2018 жылдарға жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша осы салаға шамамен 980 млн теңге бөлінгелі отыр. Ол қаржы топ менеджерлерді шақыруға жұмсалады», - деді халық қалаулысы.

Осы орайда Жәмилә Нұрманбетова Білім және ғылым министрлігі жұмысына мониторинг жүргізіп, қыруар қаржының тиімді жұмсалып жатқандығын анықтау маңызды екендігіне тоқталды.

«Білім саласын дамытуға қомақты қаржы бөлініп отыр. Ол қаншалықты тиімді пайдаланылуда? Менің ойымша, ҚР Білім және ғылым министрлігі жұмсап жатқан қаржыға мониторинг жүргізуі қажет. Олар университеттерді дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарды? Сұрақ көп», - деді депутат.

Айта кетейік, 3 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаржыны тиімсіз жұмсап отырған мемлекеттік органдарға тексеріс жүргізуге тапсырма берген. Ол тексерісті алдымен Білім және Денсаулық сақтау министрліктерінен бастау қажеттігін айтқан.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
25 Желтоқсан 2018, 21:56
ҰЙҚЫДАҒЫ ҚҰБЫЖЫҚТАР
Пікірлер