BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Əсет Исекешев астаналық ұстаздардың орташа жалақысын атады

Астана қаласының əкімі Əсет Исекешев тамыз кеңесінде елордалық ұстаздардың орташа жалақысын атады. Қала басшысы жаңа оқу жылынан бастап кейбір мектеп пен мектепке дейінгі ұйымдарда еңбекақы өсетінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

"Біздің жеке бағытымыз - сыйақы қорын толтыру арқылы педагогтарды ынталандыру. Қазіргі таңда мектептерде "бұлтты бухгалтерияны" енгізу бойынша жоба жүзеге асты. Ол жаңа технологияларды арқасында бір жылда 350 млн теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл қаржының 80 пайызы мұғалімдердің сыйақысына бағытталады. Жаңа жылдан бастап бұл жобаға колледждер мен арнайы қосымша ұйымдар кіреді", - деді Исекешев.

Қала басшысының айтуынша, биыл Астананың мектепке дейінгі ұйымдары жан басына қаржыландырудың жаңа əдісіне көшті. Мемлекеттік тапсырыстың ең төменгі сомасы 23 мың теңгеден 27 мың теңгеге ұлғайтылды.

"Бұл білім бəсекелестігі мен сапасын арттыру үшін жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Жəне де қосымша білім қызметтерінің енгізілуі есебінен тəрбиешілердің көмекшілеріне қосымша ақы қарастыру мүмкіндігі пайда болды. Бұл - 20 мың теңгеге дейінгі қосымша ақы", - деді Əсет Исекешев.

Қала əкімі биылғы оқу жылында 80 елордалық мектеп жан басына қаржыландыру əдісіне көшетінін айтты. Талдау нəтижесіне сай, қаржыны тиімді пайдалану арқылы əр мектеп бюджеттің 20 пайызына дейін үнемдеп, оны мұғалімдерге бөле алады.

"Кейбір мектептерді мысалға келтірсек, былтыр мұғалімдердің орташа жалақысы 100-110 мың теңге болса, жаңа оқу жылында жаңартылған мазмұн үшін төленетін қосымша ақы, жан басына қаржыландыру əдісі бойынша берілетін қосымша сыйақы мен "бұлтты бухгалтерияны" енгізгеннен кейінгі үнемдеуді қоса есептегенде орташа жалақы мөлшері 150 мың теңгеден асып түсуі мүмкін", - деді Исекешев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер