BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сауалнама. ҰБТ алдындағы үрейді қалай жеңуге болады

Фото: Нұржас Жақсыбай

2017-2018 оқу жылында жалпы саны 146 мың түлек алтын ұя, аяулы ұстаздарымен қоштасты. ҰБТ сынақтары жақындаған сайын мектеп бітіруші түлектердің үш-төрт есе қобалжитыны анық. Тестілеуде қалаған межесін бағындыра алмаған түлек қайтпек?! Baq.kz тілшісі 11-сынып оқушыларының арасында сауалнама жүргізді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, 2018 жылы тест тапсыруға 96 963 түлек өтініш білдірген. Жыл сайын тест тапсыру науқанында психологиялық тұрғыда дайындалмаған оқушылардың нәтижесі шектік ұпайдан әрі аспай, арты суицидке ұласып жатады. «Кемедегінің жаны бір» дегендей сынақтан сүрінбеуді мақсат еткендердің замандастарына айтар қандай кеңесі бар?! Осы орайда 11-сынып оқушылары арасында «Қалаған ұпайыңды жинай алмасаң, не істейсің?» деген сұраққа сауалнама жүргіздік.

Сауалнамаға Астана қаласында орналасқан «Нұрорда» мектеп лицейінің оқушыларынан жауап іздеп көрдік. «Нұрорда» мектеп лицейі еліміздегі «олимпиада алтындары мен күмістерін» уыстап қоржынға салатын, яғни олимпиада жүлдегерлерін дайындайтын мектеп. 846 оқушы білім алатын бұл мектепті биылғы оқу жылында 56 түлек бітіреді. Оның ішіндегі бес түлек Гонконг университеті (Азия ЖОО-ның рейтингінде 3-орында), Гонконг Сити университеті, Канададағы Йорк университеті және Кореядағы Юнист университетіне толық гранттар жеңіп алған. Дегенмен, осы гранттардың иелену үшін университет қойған талаптарға сай тест сынағынан жоғары нәтиже көрсету керек.

Лицейдің 11-сынып оқушысы Нұрдәулет Кемел 7-сыныптан бастап физика олимпиадасына дайындалған. Бес жылдың ішінде әртүрлі сайысқа қатысып, жоғары жетістіктерге жетті. Өткен жылдың 16-24 шілде күндері Индонезияның Йогякарта қаласында өткен 48-інші Халықаралық Физика Олимпиадасы (IphО) қола медаль алды. Гонконг университетіне жеңіп алған грантына түсу үшін ҰБТ-де 80% нәтиже көрсетуі керек.

«ҰБТ-да физика мен математика пәндерін таңдадым. Өйткені, болашақта физиканың ғылым саласына барғым келеді. Азиядағы үздік үштікке енген Гонконг университетіне грант жеңіп алдым. Бірақ, сол грантты толық иемдену үшін тестілеуде 80% нәтиже көрсетуге тиіспін. «Қалаған нәтижеме жете алмасам, жоғары ұпай ала алмасам, қайтемін?» деген сұрақ кез келген шәкіртті мазалайтыны анық. Қанша жерден олимпиада жүлдегері болсаң да, психологиялық тұрғыда дайындық керек. Ең бастысы, өзіңе - сену. Мейлі, мен мына грантты ала алмаспын, бірақ басқа мүмкіндіктерді қарастыруға кірісемін. Бір мүмкіндіктен айырылыдым деп салың суға кетіп отырғаныңда, басқа мүмкіндіктерді де жоғалтасың» дейді Нұрдәулет.

Сурет: Нұржас Жақсыбай

Ал Айым Қасымбекова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне немесе Қазақ Британ техникалық университетіне оқуға түскісі келеді. Дайындық барысы туралы былай дейді:

«ҰБТ-да география мен математика пәндерін таңдадым. Менеджмент немесе экономика саласына барғым келеді. Жылдың басынан бері тестіге дайындалып жүрмін. Қатты дайындалып, түсуге үміттенемін. Түспей қалсам, не болатынын білмеймін...Түспей қалу жайын мүлде ойламауға тырысамын. Бірақ сынақта сүрінген жағдайда ақылы оқуға тапсырып көремін. Яғни, әркімнің өз жолы болады. Біреуге сәттілік серік болар, біреуге кедергілер сабақ болар. Барлық қиындықтың шешімі бар. Бәрін жеңуге болады. Қандай жағдай болса да, тесттен соң бізді жарқын болашақтың күтіп тұрғанына сенейік», - деді.

Сауалнамаға қатысушы келесі түлегіміз Әділ бала күннен физика пәнін сүйіп оқиды. 7-сыныптан бастап физика олимпиадаларында топ жарған ол өзін тестіге психологиялық тұрғыда толық дайынмын деп есептейді.

Сурет: Нұржас Жақсыбай

Әділ Олжабаев: ҰБТ сынағында физика-математика пәндерін таңдадым. Инженер мамандығын меңгергім келеді. Гонконгтағы Сити университетіне грант жеңгенмін. Бірақ университет басшылығы тестіден 90% нәтиже көрсету керек деген шарт қойды. Бұл туралы тек 3-4 апта бұрын білдім. Енді тестке дайындалып жүрмін. Ата-анам мені кез келген жағдайда қолдайтынын айтты.

Байқау сынақтарында 80 балл жинап жүрген Жұлдыз Қоянбаева оқуға биыл түспесе, келесі жылы қайта тапсырамын дейді.

Сурет: Нұржас Жақсыбай

Жұлдыз: ҰБТ-да биология, химия пәндерін таңдадым. Негізгі үш пәнге 11 жыл бойы оқыған білімімізді қолданамыз. Қазір 80 балдың айналасында жүрмін. Себебі дайындықты бастағаныма тек бір ай болды. Биология-химия пәнінен олимпиада жүлдегері болған соң есептерді шығару қиынға соқпайды. Оқуға түсе алмай қалсам деген ой міндетті түрде мазалайды. Бірақ, сәтсіздік сияқты сөздерді ойламауға, айтпауға тырысу керек. Ата-анам маған қысым көрсетпегендіктен менде ешқандай қорқыныш сезімі жоқ. Егер түспесем, одан да жақсы дайындалып, өзім қалаған университетке түсуге тырысамын. Кейде қатарыңнан қалып қойғандай күй кешесің. Бірақ, 2-3 жылын жоғалттым деп ойлаған талапкердің болашақта биік белесті бағындырарына күмән жоқ. Екінші, үшінші, төртінші рет тапсырып көру арқылы қалаған мамандығына түскен студенттер көп», - дейді Жұлдыз.

Сауалнама барысында «физик-математиктер ойын көркем жеткізе алмайды» деген таптаурын көзқарасты бұзған оқушы - Бекұзақ Амангелді. Ол өзінің көп ертегі оқығанын және әкесі көрсеткен көмек пен мотивация жайлы айтты.

Сурет: Нұржас Жақсыбай

«Сыныптастарым, достарым сияқты олимпиада жүлдегері емеспін. Шетелдік университтерден грант алмадым. Қазақстанда таңдайтын екі жол бар. Назарбаев университетіне физика-математика пәндері бойынша тапсырып көрдім. ҰБТ-да география-математика пәндерін таңдадым. Басқа мектептерде оқитын достарыммен сөйлескенімде біздің мектеп пен басқа мектептің дайындығынан айырмашылық байқайсың. Осында оқитын достарым мақсатын максималды деңгейде қояды және сол достарыңның арман-мақсаты саған мотивация, стимул болады.

ҰБТ нәтижесін алғанда өзімнің алдымда ұят болмас үшін бар күшімді салып дайындалып жүрмін. Тестінің соңында «мен бұдан да жақсы нәтиже көрсете алар едім» деп айтпас үшін қазір дайындалған жөн. Әкем әрдайым қолдап отырады. Оның айтуынша, мақсат қою садақпен жебе атқан сияқты. Сен атқан кезде нысананы дәлдейсің. Немесе нысанаға жақындауға тырысасың. Сол секілді ҰБТ сынағында ең жоғарғы ұпайды көздеп, өзіме деген сенімділікті жоғалтпай, жоғары нәтижеге жетсем деймін», - дейді Бекұзақ.

Жоғары нәтиже үшін талапкерге ұсынылатын бес кеңес:

Мектеп бітіруші түлектерге психологтар тренинг өткізіп жатады. Десе де, «Нұрорда» мектеп-лицейі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Қуат Бағдатұлының айтуынша, оқушыларға сынып жетекшісінен асқан жақын адам жоқ. 5 жыл көлемінде оқушылардың басы-қасында жүріп, әр оқушының психологиясын беске білетін жетекші оқушыларға психологиялық тұрғыда көп көмек бере алады. Осы орайда лицей мұғалімдері өз әдістерін бөлісті:

  1. Оқу жылының басында 11-сынып оқушысы, ата-анасы, ұстаз болып кеңес құрып, қабілет-қызығушылығына сай мамандықты дұрыс таңдау;
  2. «ҰБТ-да жоғары нәтижеге жетемін» деп, жоспар құру, мақсат қою;
  3. Байқау тестілеріне сел-қос қарамай, тұрақты түрде тапсыру;
  4. Қатемен жұмыс жасау;
  5. Алға сеніммен көз тастап, ата-ана мен мектептің үмітін ақтаймын деген мақсатты әрдайым ойлану.

Мектеп-лицейлерінен бөлек қарапайым ауыл мектебінде оқитын оқушылар да сынаққа қызу дайындалып жүр. Нұрсезім Балтабай Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Көкарал елді-мекенінде тұрады. Нұрсезім Астана қаласына келіп, үш ай бойы «Қазбілім» білім беру орталығында дайындалды.

«Мен биология, химия пәндерін таңдадым. Көп балалы отбасы болғандықтан ата-анам қайтсем де грант жеңгенімді қалайды. Сондықтан қай тұрғыда болмасын өзімді аямай дайындалып жүрмін. Грант жеңе алмасам, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жыл сайын берілетін квота-грантына тапсырып көремін. Қандай сәтсіздік болса да, абдырап қалатын күйден өткен секілдімін. Яғни, қиындықтан шығар амал әрдайым табылады», - дейді Нұрсезім.

Аты-жөнін атамауды өтініп, аноним жауап берген бір оқушы ата-анасының күн сайын талап қоятынын айтты:

«Жоғары оқу орнына түсу – менің арманым. Сол арманым орындалса, ата-анамның қуанышында шек болмас еді. Айлықтан айлыққа әрең жетіп жүрген біздің отбасы үшін ақылы оқу деген түсінік жоқ. Не грантқа түсемін, не екінші жыл қайта тапсырғанша уақытша жұмысқа тұрамын».

ҰБТ сынағына және алтын ұясымен қоштасуға дайындалып жүрген талапкерлерге сәттілік тілейміз! Сөз соңын Хакім Абайдың нақылымен аяқтасақ:

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар.
Еңбегің мен ақылың екі жақтап»

Видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер