Неліктен студенттер мен оқушылар ұйқыға қатты мән беруі керек? - Білім & ғылым|07 Қыркүйек 2018, 15:59
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Неліктен студенттер мен оқушылар ұйқыға қатты мән беруі керек?

Адамның есте сақтау қабілеті үшін түнгі демалыстың қаншалықты маңызды екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес және нейробиологтар оның себебін енді ғана түсініп жатқандай, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі BBC Future басылымына сілтеме жасап.

Оқушылар мен студенттер арасында дәл емтихан алдында түні бойы ұйықтамай, барынша білім нәрін сусындап қалғысы келетіндер өте көп.

«Алайда, бұл олар істеп жатқан іс-әрекеттердің ең нашары әрі дұрыс емес қадамы», дейді Корольдік университеттің психология мұғалімі.

Ұйқының адамның есте сақтау қабілетіне әсері зор. Осы ретте оқушылардың көбі тіл оқу барысында ұйқының көп көмектесетінін айтып, түнде немесе ұйқыда жатып сол тілде аудио тыңдаса, тілді тез меңгеріп аламыз деген аңызға көп сенетіндерін айта кету керек. Дегенмен, ұйқы алынған білімнің миға сіңуі үшін өте қажет. Ғалымдар соңғы жүргізілген зерттеулер барысында оның себебін де анықтап көрді.

Tamminen зерттеу жобасында қатысушылар жаңа лексиконды үйренеді де, сол күні түні бойы ұйықтамайды. Ғалымдар осы сөздердің есте сақталуын бірнеше түннен кейін де, бір аптадан кейін де тексеріп шығады.

Ғалымдардың айтуынша, ұйқысыз өткен түннен кейін бірнеше күннен соң, яғни, ұйқы қалпына келген соң да сөздерді жаттауда сол күні ұйықтамаған топқа қарағанда екінші топтың жетістіктері анағұрлым жоғары болған.

«Ұйқы білім алудың орталық бөлігі. Тіпті, сіз оқымасаңыз да, ми ақпарат қабылдайды. Яғни, сіздің атыңыздан ол бәрібір өз жұмысын тоқтатпайды. Егер сіз уақытында ұйықтамасаңыз, үйреніп жатқан немесе қабылдап жатқан жаңа біліміңізге уақытыңызды босқа кетіріп жатырсыз деген сөз», дейді ғалымдар.

Ұйқыдағы адамның миы қандай болады?

Тамминеннің ұйқы зертханасында төсек, әдемі кілем мен қағаздан жасалған көбелектер бар. Төсектің үстіңгі жағында кішігірім электроэнцефалография (ЭЭГ) машинасы мен адамның миындағы белсенділікті көрсететін монитор орналасқан. Бұл аппараттар адамның басындағы электродтар арқылы ақпарат алады. Аппарат тек мидың әртүрлі бөлшегіндегі белсенділікті ғана емес, бұлшықет тонусын да, көздің қимылын да өлшейді.

Зертхананың жанында бақылау бөлмесі бар. Онда зерттеушілер зерттеуге қатысушылардың миында қандай белсенділік бар екенін, оның қанша уақытқа созылғанын және қандай деңгейде болғанын қазіргі уақытпен бақылап отырады. Сонымен қатар көз қимылы фазасы (REM) да график арқылы зерттеушілер назарына ұсынылады.

Айта кету керек, Тамминен зерттеуінде терең ұйқы фазасындағы дамудан гөрі жай ұйқы фазасы (SWS) ескерілген. Бұл фаза естеліктерді іріктеп, сақтауға, тіпті, қабылданған білімді, мысалы, грамматика, лексика немесе басқа да білімді сақтауға жауап береді. Бұл ретте мидың әртүрлі бөлшектерінің арасындағы байланыс маңызды. Жылдам үйренуге жақсы әсер ететін SWS кезінде гиппокамп неокортекспен үнемі байланыста болады. Сол арқылы сол күні үйренген жаңа сөз кодталып, есте сақталады.

Гиппокамп пен неокортекс арасындағы ақпараттық жылдам байланыс ұйқымен толтырылады да, мидағы белсенділік үш секундқа созылады.

«Бұл жаңа ақпаратты адам білетін ақпаратпен байланыстырады. Зерттеуге қатысушылардың мәліметтері осыны көрсетіп отыр. Жаттаған сөздер таныс болған жағдайда, ол тез жатталады», дейді Тамминен.

Ол жай ұйқы фазасына мән бергендіктен, REM ұйқы кезінде ақпаратты жаттау адамның сол фазада көретін түстеріне байланысты болады деген пікірді ұстанып отыр.

Ал Канада университетінің Ұйқы және түс зертханасының мамандары тіл үйрену кезінде ұйқы алдында сол тілде армандаса, студенттердің миы жаңа тілмен байланысты тез орнатады деген болжам ұсынып отыр. Олардың айтуынша, адамның арманы – сол күні болған оқиғалар тізбегі емес.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, мидың логика мен эмоцияға жауап беретін бөлшектері түс көрген кезде әртүрлі байланыста болады. Жаңа тіл үйреніп жүрген студенттер REM кезінде түс көрсе, олар үйренген білімдерін жылдам меңгереді.

Түннің ырғағы

Адамдардың қашан ұйықтап, қашан тұруы керектігін көрсететін «ішкі» сағаты, яғни, генетикалық негізі бар. Бұл циклдерді қадағалау танымдық қабілеттерді арттырып, максимум деңгейге жеткізу үшін өте қажет.

2017 жылы физиология/медицина бойынша Нобель сыйлығын алған Майкл У Янг сағат генімен жұмыс істеп, жаңалық ашқан болатын. Янгың айтуынша, мектепте, жұмыста немесе өмірдің басқа саласында болсын тиімді қызмет үшін ырғақты орта қажет.

Қоршаған ортасы немесе өмір сүру салты ұйқының бұзылуымен тығыз байланысты адамдар үшін ұйқы туралы түсінік маңызды болмайды. Олар жасанды қараңғылық немесе жасанды жарық арқылы ұйқыға батып, табиғатты алдай аламыз деп ойлайды.

Ересек адамдарда мұндай ырғақ байқалмағанымен, оның маңызы балалық шақта ерекше болуы мүмкін.

Балалар үлкендерге қарағанда жай ұйқы фазасында ұйықтайды. Яғни, бұл балалардың неліктен жылдам үйренуге бейім болатынын түсіндіре алады. Германияның Тюбингендегі университетінің бала ұйқысы зертханасы баланың есте сақтау қабілетінде ұйқының қандай рөл атқаратынын зерттеген. Олар ұйқы кезінде баланың миында қандай өзгерістер болатынын, ұйқыға дейін және кейін қанша ақпараттың есте сақталатынын бақылаған. Мамандардың айтуынша, ұйқы балаға таныс емес білімді таныстырып, оны айғақтай түсетін болған.

«Бұл балалық шақта ерекше әсер ететін құбылыс. Себебі баланың миы тез дамиды. Яғни, баланың есте сақтау қабілеті дамуы үшін ол көбірек ұйықтауы керек. Балалардың түс кезінде ұйықтауы олардың лексикасының дамуына, сөздің мағынасын ұғынуына, тіл үйренуіне өте жақсы әсер етеді. Дегенмен, ұйқы жаңа білімді меңгеру үшін тек балалар үшін ғана пайдалы деген пікір қате. Ұйқы адамның өмір бойына есте сақтау қабілетіне оң ықпал ететін фактор болып қала береді», дейді мамандар.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер