BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мұғалімдер қиналып жүр». Білім министрінің Әсет Исекешевке айтары бар

Фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен бірлесіп, мұғалімдердің баспана мәселесін шешпек, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Қабылдауға Астана қаласындағы №71 орта мектептің ұстаздары Гүлшат Советова мен Сәуле Сайтиева келді. Олар министрге пәтер жалдап, қиналып жүргенін айта келе, елордалық ұстаздар үшін баспана мәселесі қашан шешілетінін сұрады.

«Тұрғын үй мәселесіне тоқталайын. Қателеспесем, Алматыда ведомство қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама бар. Бірақ неге біздің қалада осындай бағдарлама жоқ? Астанаға мұғалімдер керек қой. Мен ай сайын пәтерге 100 мың теңге төлеймін. Бұл маған өте ауыр тиіп жүр», - деді мұғалімдердің бірі.

Осы орайда Ерлан Сағадиев бұл мәселе бойынша Астана қаласының әкімімен алдағы уақытта сөйлесетінін хабарлады.

«Сіз көтеріп отырған мәселе өте орынды. Бұл мәселені Әсет Өрентайұлына айтамын. Қазіргі таңда ол «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» аясында студенттерді қонақ үйге орналастыру бастамасын көтерді. Егер осы жерде ұстаздар тұратын болса, жақсы болар еді. Алайда бұл мәселені біз алдағы уақытта көтереміз», - деді ол.

Азаматтарды қабылдап болған соң, Ерлан Сағадиев астаналық ұстаздарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты журналистерге түсініктеме берді.

«Астана дамып жатыр. Шаһарға жыл сайын 10-12 мың бала оқуға келеді. Сондықтан мұғалімдер қажет. Биылдың өзінде қалада 11 жаңа мектеп салынады. Ұстаздар Астанаға шет-шеттен келіп жатыр. Олардың жағдайын ойлап, көмектесу керек. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында мұғалімдер баспана қиыншылығын көріп жүр. Оларға көмектесу қажет. Бірақ тиісті қаражат әкімшілік тарапынан бөлінуі керек. Бұл мәселе алдағы уақытта талқыға салынады», - деп түйіндеді министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер