Мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізілуі мүмкін - Білім & ғылым|20 Ақпан 2017, 10:11
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізілуі мүмкін

Елімізде мектепке баратын баладан қарт адамдарға дейін сайлау жүйесімен жақсы таныс болуы қажет. Орталық сайлау комиссиясының 2017 жылғы бірінші ашық отырысын өткізген осы ведомствоның жаңа басшысы Берік Имашев өз алдарында осындай биік мақсат-меже тұрғанын жария етті. Оны жүзеге асыру үшін оқушыларға жеке сабақтар өткізіп, сайлау жүйесін ойын түрінде түсіндіру бастамасы қолға алынбақ.

Егер әрбір қазақстандық өзінің дауыс беру және өкілді органдарға сайлану құқығын жастайынан білсе, бұл республиканың демократиялану жолында кемелдене түсуіне жол ашпақ.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Имашев Елбасы ұсынған реформа сайлау органдарының қызметіне де үлкен жауапкершілік жүктейтінін, ол елдің саяси жүйесін демократияландыру және конституциялық құрылысты нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылатынын атап өтті. ОСК-ның жаңа басшысы сайлау органы қызметіне жаңалық әкелуде екен. Осы орайда жиында биыл қолға алынатын үлкен жоба таныстырылды. Ортсайлауком мүшесі С.Мұстафина онда оқушылар мен студент жастарға маңызды орын бөлінетінін жеткізді:

–ОСК факультативтерді, сабақтан тыс жұмыстарды жүргізуге және мектептік және студенттік өзін-өзі басқарудың әртүрлі формаларын дамытуға әдістемелік көмек көрсететін болады. Қазіргі кезде ЖОО-ларда заңгерлік емес мамандықтарда құқықтық оқыту – арнаулы құқықтық, элективті курстар, «мектептер», семинарлар арқылы коммерциялық және бюджеттік негізде жүзеге асырылады. Осыған байланысты біз Білім және ғылым министрлігіне осы курстарға «Сайлау құқығы» тақырыбын енгізу туралы ұсыныспен шықтық. Сондай-ақ ЖОО-ларда «Сайлау құқығы» пәнін «жалпы білім беруші пәндер цикліне» 1 кредит көлемінде барлық мамандықтар үшін енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады, – деді ол.

Ортсайлауком БҒМ-мен және Мемлекеттік басқару академиясымен жақын күндері осы бағытта меморандум бекітуді жоспарлап отыр.

Бұл науқанға әкімдіктер де тартылмақ: «Бұл жұмыстың тағы бір саласы – жергілікті атқарушы органдардың өз өңірлеріндегі ықтимал әрі жас сайлаушыларды электоралды тәрбиелеу тетіктерін дамытуға белсенді қатысуы болмақ!» деген Сәбила Сапарқызы ол тетіктерді термелей кетті: білім және ғылым ордаларындағы жас ұрпақ сайлауға және сайлануға бой үйретуі, әрі бейім тұруы үшін жергілікті билік «жастар сайлау комиссияларын, жастардың өзін-өзі басқару органдарын (мысалы, мектептерде, университеттерде, жатақханаларда), сайлауға қатысты жастар акцияларын, флешмобтарын» қолдауы қажет делінді.

–Сондықтан біз Президент Әкімшілігі басшысының атына жолдаған хатымызда Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері алдына ішкі және жастар саясаты басқармаларының мемлекеттік тапсырысты орналастыруы арқылы электоралдық оқытудың әртүрлі формаларын өткізу бойынша міндет қою мәселесін көтердік. Бұл шараларды Ортсайлауком әдістемелік сүйемелдейді, – деді С.Мұстафина.

Бұл науқаннан мектеп пен ЖОО-ларды әлдеқашан бітіріп кеткен ересектер де тыс қалмайды. «ОСК қамтылатын оқытылушылар санатын кеңейтуге және оны тұрақты негізге қоюға бағытталған ары қарайғы тәсілдемелерді пысықтап жатыр. Біз қоғамның тың ұсыныстарына ашықпыз. 2017 жылы іске асырылатын пилоттық жобаның нәтижелері сарапшылармен бірге мұқият талданады және кейінгі жұмыста ескеріледі. Сонымен бірге ол бірінші кезекте, Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы бюджетін қалыптастыру кезінде назарға алынады» деді Сәбила Мұстафина. ОСК төрағасы жобаны құптады.

–Электоралдық оқыту мәселелеріне енді ОСК жұмысында айрықша көңіл бөлінетін болады! – деді Берік Имашев. – Ең бастысы, бұдан былай бұл жұмыс сайлау науқанымен шектелмей, тұрақты, жүйелі негізге көшірілуге тиіс. Сайлаушылардың сауаттылығы көтерілсе, аумақтық сайлау органдарының кәсіби деңгейі артса, кейде бой көрсетіп қалатын олқылықтар да жойылады.

ОСК басшысы «аумақтық органдарға өз өңірлерінде осы мәселеде саналуан оқу орындарымен ынтымақтасуына ешкім тыйым салмайтынын» қадап айтты: «Ең бастысы, біз мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерге дейін Қазақстан халқын барынша қамтуға тиіспіз. Және бұл қамту тұлғаның дамуы мен әлеуметке кірігуінің барлық деңгейлеріне енгені жөн» -деді Б.Имашев.

Ол биылғы жылы Қазақстанда төрт сайлау науқаны өтетінін мәлім етті. «Биылғы жылдың өзінде 4 сайлау науқанын ұйымдастырып, өткізуіміз керек. Оның бірі қазір өтуде: 58 сайлау округінде бұрын шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну жүруде. Олардың сайлауы 26 наурызда 12 облыста өтеді. Бұған қоса, 2017 жылдың 30 маусымынан кешіктірілмей, Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өткізіледі». ОСК мәліметінше, онда 2011 жылғы 19 тамызда сайланған Сенат депутаттарының орнына әр облыс пен Астана және Алматы қалаларынан бір-бірден сенатор сайланатын болады.

Бұның сыртында тамызда аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдардың, кенттердің әкімдерін сайлау бойынша үлкен науқан ұйымдастырылады.

Айқын


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер