Мәжіліс депутаты мұғалімдерді халық санағынан босатып, жалақысын көтеруді сұрады     - Білім & ғылым|16 Ақпан 2017, 10:42
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Мәжіліс депутаты мұғалімдерді халық санағынан босатып, жалақысын көтеруді сұрады    

Фото: agkipr.kz

Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова Facebook-тегі жеке парақшасында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа сұрау салып, мұғалімдердің қордаланған проблемасын көтерді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мұғалімдер мардымсыз жалақыға жұмыс істей тұра, көптеген қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Жалпы орта білімді мысалға алайықшы. Әрбір мұғалімге бекітілген учаске бар, ол оны жылына үш рет аралап шығуы тиіс. Бірнеше көпқабатты үйде немесе саяжайда тұратын 18 жасқа дейінгі балаларды тіркейді. Ал халықтың көбі мұғалімге ондай ақпараттың керегі жоқ деп есептеп, теріс айналады, керек десеңіз, ит қосып қуады! Мұғалімдердің басын қандай қатерге тігіп жатқанымызды ешкім ойламайды да, оның үстіне көбі әйелдер. Жұмыстан кейін үйіне емес, қоғамдық жұмыс істеуге барады, оларды қорғап, ақы төлеп жатқан ешкім жоқ», - деп жазды халық қалаулысы.

Ирина Смирнова егер мәліметтер дұрыс берілмесе, мектеп директоры мен оқу ісі меңгерушісі басымен жауап беретінін айтады.

«Егер тексерістен кейін, учаскеде мектепке бармай жүрген бала табылса, директор мен жауапты меңгеруші қатаң жазаланады, тіпті жұмыстан қуылуы да мүмкін. Еліміздің мұғалімдері жылына үш рет санақ жүргізеді», - деп толықтырды депутат.

Осылайша, оның айтуынша, мұғалімдер кезекті мемлекеттік бағдарламаларды немесе өзге де іс-шараларды жүзеге асыру кезінде жұмысқа тартылып жатады.

«Алматыда қоғамдық көлікте жолаушылар тасымалдауға арналған «Оңай» жолақы құжаты мұғалімдердің күшімен енгізілді, ол кезде де атқарылған жұмысқа ақы төленбеді. Көлік ұйымдары мемлекеттің емес, жекенің қолында болса да», – дейді ол.

Депутат мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесін де көтерді.

«Білім саласындағы түрлі тәуелсіз зерттеулер көрсетіп отырғандай, ішкі жүйеде білім саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруға қаражат бар. Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, Сізден мұғалімдердің, тәрбиешілердің, педагогикалық мекеме қызметкерлерінің жалақысын өсіруге қаржы іздеуіңізді, сонымен қатар мұғалімдерді бала тәрбиесіне қатысы жоқ тапсырмаларды орындаудан босатуыңызды сұраймыз», – деп түйіндеді халық қалаулысы.

Сұрау хатқа «Нұр Отан», Ақ жол, «Халық коммунистері» фракциялары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаттар қол қойды.

Айта кетейік, бұған дейін Ирина Смирнова мұғалімдердің жалақысын мың долларға дейін көтеруді сұраған болатын.

Жақсылық НҰРМАНОВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер