Магистранттар мен докторанттардың санын көбейту керек – Рахман Алшанов - Білім & ғылым|04 Қазан 2016, 17:57
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Магистранттар мен докторанттардың санын көбейту керек – Рахман Алшанов

Фото: 365info.kz

Қазіргі таңда инновациялық технологиялардың қарыштап дамып жатқаны белгілі. Алайда, елімізде жаңа технологияларды меңгеретін жоғары білімді азаматтардың қатары аз. Себебі, магистрант пен докторанттардың үлесі небары 0,5% ғана. Сондықтан, магистратура мен докторантураға бөлінетін білім гранттарының санын көбейту керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Трансформациялау жағдайында ЖОО-лардың білім беру қызметі» тақырыбын арқау еткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның жоғарғы оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Университеттердегі білім беру жүйесін оң өзгерістер күтіп тұр. Инновациялық технологияларға байланысты біз соңғы уақытта магистрант пен доктаранттарды даярлауға баса мән беріп келеміз. Бүгінгі таңда бакалавр дәрежесінде 450 мың студент болса, соның 28 мыңы – магистрант, 2 мыңы ғана докторант. Яғни, магистрант пен докторанттардың үлесі – 0,5% ғана. Ал инновациялық технологиясы дамыған мемлекеттерді алып қарайтын болсақ, Оңтүстік Корея – үздіктердің қатарында. Соңғы 25 жыл ішінде олар 13-ші орыннан 11-ші орынға көтерілді. Оңтүстік Кореяда 9 мың докторант бар екен. Инновацияны кім іске асырады? Әрине, тек білімді жастар. Біз кезінде бакалаврға тиісті дәрежеде көңіл бөлдік. Енді магистрант мен докторантқа көп көңіл бөлу қажет. Себебі, уақыт келді. Біз ҚР Білім және ғылым министрлігіне осындай талап қойып отырмыз», - деді ол.

ҚР Жоғарғы оқу орындарының қауымдастығы президентінің пікірінше, магистратура мен докторантураға бөлінетін білім гранттарының санын арттыру керек.

«Білім және ғылым министрлігі пропорцияны өзгертуі тиіс. Магистранттар мен докторанттарға беретін орынды мүмкіндік болса, 5-10 есеге көбейтуіміз керек. Өйткені, жаңа экономиканы құратын мамандар қажет. Неге тиісті жұмыстар жасалмайды деген сұрақ туады? Кадрлар дайындалмай жатыр. Осы тұста Оңтүстік Кореядан үлгі алғанымыз абзал. Кезінде оқытушылардың арасында докторанттарды көп дайындадық. «Олар 50 жылға жетеді» дедік. Енді, міне, 5 жыл бойы докторанттар мен ғылым кандидаттарына жарымай келеміз. Ал магистранттар университеттерде сабақ беруі керек. Оларға тәжірибе қажет», - дейді маман.

Сонымен қатар, Рахман Алшанов университеттер мен өндірістің арасындағы байланысты күшейту қажеттігін айтты.

«Өндірісте көптеген өзгерістер болып жатыр. Олар оқулықтарға кірген жоқ. Елімізге инвестиция көптеп тартылуда. Соған байланысты өндірісте жұмыс істеп жүрген инженерлер мен т.б. мамандарды ЖОО-ға тарту керек. Олардың университеттегі үлесін 7%-ға арттыру бастамасын көтердік», - деді қауымдастық президенті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер