BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көпбалалы отбасынан шыққан қызылордалық балалар білім гранттарына ие болуда

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда обылсында жыл сайын көпбалалы отбасылардан шыққан талапты ауыл жастары үшін облыс әкімінің білім беру гранттары бөлініп келеді. Биыл білім гранттарының саны екі есеге көбейіп, 200-ге жетіп отыр.

Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтынгүл Есқараеваның мәліметінше, білім гранттары облыс әкімінің бастамасымен 2013 жылдан бері беріліп келеді. Осының негізінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті мамандар дайындалады.

«Облыс әкімінің гранты – жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарынан, атап айтсақ, жетім балалар, мүгедек балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ата-анасының екеуі де зейнеткер болып табылатын, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек, көп балалы, аз қамтылған, асыраушысынан айырылған отбасылардан шыққан студенттерге беріледі. Яғни жылына бір рет оқу орнының білім беру қызметінің құны шегіндегі төлемдерді және ішінара тамақтану мен тұру шығындары өтеледі. Облыс әкімінің грантын тағайындау аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктері жанынан құрылған Студенттерді іріктеу жөніндегі арнайы комиссияның шешімімен тағайындалады», – дейді Алтынгүл Итенқызы.

2013-2018 жылдар аралығында осы комиссиялардың шешімдерімен өңірге қажетті мамандықтар бойынша халықтың әлжуаз, аз қамтылған отбасыларынан барлығы 878 студентке облыс әкімінің гранты берілген. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы – 123 (бакалавр), 2014 жылы - 242 (234 бакалавр, 8 магистр), 2016 жылы – 147 (136 бакалавр, 11 резидент), 2017 жылы -166 (155 бакалавр, 11 резидент) білім гранты тағайындалған.

Алтынгүл Есқараеваның айтуынша, биылғы жылы білім гранттарының саны 200-ге жетті. Олардың 3-уі тұлдыр жетім болса, 47-сі асыраушысынан айырылған, 76 студент көпбалалы отбасынан шыққан. 14 талапты жастың ата-анасының біреуі мүгедек, екеуінің ата-анасы зейнеткер, 58-і тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар.

Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегіне сүйенсек, техникалық ғылымдар мен технология саласы бойынша - 20 грант, әскери іс және қауіпсіздік саласы бойынша – 11 грант, білім саласы бойынша – 117 грант, қызмет көрсету саласы бойынша – 3 грант, өнер саласы бойынша – 4 грант, спорт саласы бойынша – 12 грант, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес саласы бойынша – 2 грант, гуманитарлық ғылымдар бойынша – 1 грант, медицина саласы бойынша жалпы медицинаға – 30 грант бөлінген.

«Осы гранттарға ие болған студенттер үш жоғары оқу орнына түсті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне – 95, «Болашақ» университетіне – 75, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне – 30 студент облыс әкімінің грантымен білім алуда», – дейді Алтынгүл Итенқызы.

Қазіргі таңда, яғни 2016-2018 жылдары 342 студент жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандықтарын алған.

Облыс әкімінің грантын иеленген студенттердің бірі - Мерей Матуллаұлы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде физика мамандығы бойынша оқып жатыр.

"Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Алты ағайындымыз. Мен үйдің кенжесімін. Анам дүние салған. Облыс әкімінің гранты - мендей жастарға үміт сыйлады. Биыл екінші курстамын", - дейді Мерей.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Осы жылы алғашқы 74 түлек оқуын тәмамдады, олардың 43-і магистратурада оқуларын жалғастырады, қалғандары облыстың ірі кәсіпорындарына - «СКЗ-У» ЖШС, «Қызылорда жарығы» ЖШС, «Ансар Сервис» ЖШС, «Теплотехник» ЖШС, мамандандырылған мемлекеттік мекемелерге - индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және т.б. жұмысқа орналастырылды. Ал келесі жылы тағы 150 түлек оқуын бітіреді деп күтілуде.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер