Колледждер енді «модный» емес, қажетті мамандарды дайындайтын болады - Білім & ғылым|21 Қазан 2016, 10:48
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Колледждер енді «модный» емес, қажетті мамандарды дайындайтын болады

Жамбыл облысындағы мемлекеттік колледждерде оқытылатын гуманитарлық мамандықтар бойынша қабылдау тоқтатылып, химиялық, техникалық және ауылшаруашылығы бағытында мамандар даярлауға көшірілуде. Атап айтқанда, Құлан ауылшаруашылығы, Қордай ауылшаруашылығы колледждерінде гуманитарлық мамандықтар бойынша қабылдау тоқтатылып тек ауылшаруашылығы бағытында мамандар даярланатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Бекбатырова Жамила Елеуқызы сөз етті, деп хабарлайды Baq.kz.

Жамила Елеуқызының айтуынша, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің 2014-2017 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес гуманитарлық мамандықтар бойынша оқитын студенттер 2017 жылы оқуын аяқтайды. 2017-2018 оқу жылынан бастап колледждің атауы өзгертіліп, тек техникалық мамандықтар бойынша ғана кадрлар даярлайтын болады.

Сондай-ақ, 2016-2017 оқу жылынан бастап Тараз қаласындағы №1 колледжі атауын «Тараз сервис және технология колледжі» етіп өзгертіп, қызмет көрсету саласы бойынша жұмысшы кадрлар даярлайтын болады.

Техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер жаңа мамандықтар ашу арқылы білім беру қызметінің ауқымын кеңейтуде. Өткен оқу жылында өңірге қажет 10 мамандық, биылғы оқу жылында жаңа 1 мамандық ашылды.

Алдағы уақытта Елбасы тапсырмасына сәйкес 2017 жылдан бастап баршаға арналған тегін кәсіби техникалық білім жобасын іске асыру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілетін болады.

«Техникалық және кәсіптік білім беру деңгейі - кадрлардың сапалық құрамына тікелей байланысты. Сондықтан, колледждердегі кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылуда», - деді спикер.

Техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде бүгінгі күні 2287 педагог жұмыс атқарса, соның 700-і 2015 жылы біліктілік арттыру курстарынан өтті. Оның 120-ы тағылымдамадан кәсіпорындар базасында өтті, ҚР БҒМ АҚ БАҰО «Өрлеу» базасында 456 педагог біліктілігін арттырды, 27 педагог Туркия, Германия, Франция, Белоруссия сияқты шет елдерде 28 рет біліктіліктерін арттырды. «Кәсіпқор» холдингі арқылы 8 педагог біліктіліктерін көтерді, 16 педагог халықаралық жобалар аясындағы көшпелі курстардан, 72 педагог тағы басқа кәсіпорындарында өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Мұрат Әбенов те «модный» мамандық таңдауға асықпай, атауы кең таралмаса да тәуір мамандықтардың бар екендігін айтқан болатын.

Сонымен қатар, жұмыссыз жастардың басым бөлігі гуманитарлық мамандық бойынша білім алғандығын баспасөз мәслихатында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Рыспаев мәлімдеген еді. Өз кезегінде ол «біз жастардан техникалық білім алуды сұраймыз. Себебі, еңбек нарығында кәсіби-техникалық білімі бар азаматтарға сұраныс жоғары»,- деген еді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер