Қазақстан Еуразия кеңістігінде: Біздің қанымызда да, жанымызда да еуразияшылдық рух бар - Білім & ғылым|20 Қазан 2016, 12:24
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қазақстан Еуразия кеңістігінде: Біздің қанымызда да, жанымызда да еуразияшылдық рух бар

Фото: Ержан Жаубай

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың және халықаралық дәрежедегі ғалымдар, өзге мемлекеттерден келген түрлі сала мамандарының қатысуымен «Қазақстан Республикасы және Еуразия кеңістігі: қазіргі заман мен даму келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Қазақстанның даму тарихы кезеңдерін іргелі талдауды, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен жетістіктерін зерделеуді, Қазақстан Республикасының болашақтағы дамуы мен жаңару жоспарына ғылыми болжамдар және жан-жақты талдаулар жасауды басты мақсат еткен халықаралық конференцияның тағы бір ерекше назарда ұстаған мәселесі Қазақстанның жаңару жоспарындағы саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму бағыттары болды.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова конференцияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде атап өткендей, 2016 жыл Қазақ еліне де, Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір қазақстандық азаматтар үшін де ерекше жыл болды.

«Биыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Бұл Елбасының көреген саясаткерлігінің арқасында Қазақ елінің жаңа, тарихи кезеңді бағындырған жылы болды. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осындай қысқа мерзім ішінде дамыған, әлеммен терезесі тең, әлеуметтік-экономикалық тұрақты мемлекетті қалыптастыра білді. Ынтымақ пен бірліктің арқасында қазақстандықтар азаматтық келісімде адам сенгісіз жетістікті бағындыра білді. Бұл бізге Тәуелсіздік берген ең басты құндылық» - деді Гүлшара Наушақызы.

Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен нығаюының саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-идеологиялық аспектідегі «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттауды басты ұстаным еткен конференцияның негізгі міндеттері Отандық тарих, археология және антропологияның өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан Республикасы қауіпсіздігінің ұлттық, аумақтық және жаһандық мәселелері мен сыртқы саясатта алар орынын саралау. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен нығаюының саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-идеологиялық аспектідегі «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асуын қадағалау және Қазақстанның жаңару жоспарындағы саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму бағыттарын айқындау болмақ.

«Биылғы жыл өткенді саралап, бүгінімізді бағалап, келешекке бағдар жасайтын сәтіміз. Сонымен бірге біздің мақтанатын да сәтіміз осы кез. Себебі біз 25 жылдың жүзінде мемлекет құрып, тату-тәтті ел қалыптастырдық. "Мәңгілік ел» болуға осы Ұлы дала жерінде қадам бастық. Мұның барлығы Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы. 25 жылда жеткен жетістіктеріміз көп. Соның ішінде ерекше айта кетерлігі ЕЭО-тың өмірге келуі. Бұл одақ жай жерде, бір ғана күнде құрыла салмағаны анық. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары сонау 1991 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған лекциясында Елбасымыз осы идеяны нақтылап берген еді. Сонымен бірге Қазақ даласында бұл одақтың бастау алуында да тарихи сабақтастық бар. Сонау Сақтар, Ғұндар, Түркілер осы ЕурАзия даласында мемлекет құрып, алыс-жақынмен экономикалық, рухани, мәдени байланыста болған. Демек бүгінгі ЕЭО-тың Ұлы далада – Қазақ даласында құрылуы кездейсоқтық емес. Біздің қанымызда да, жанымызда да еуразияшылдық рух бар. Оның орталығы Ұлы дала – Қазақ даласы болуы керек. Оның орталығындағы ең басты тұлға Қазақтар болуы керек» - дейді Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеудің әдіснамалық талдауларын жасаған конференция Еуразиялық даму көріністері: үрдістері мен болашағы жайлы нақты шешімдер жасайтын болады. Пленарлық және секциялық мәжілістер форматында жүзеге асырылатын конференцияда:

І. Ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі Қазақстан тарихы мен мәдениеті.

ІІ. Ұлы Дала елі және Л.Н. Гумилевтің еуразиялық көзқарастары.

ІІІ. Әлихан Бөкейхан және ұлт зиялыларының ой-таным мұрасы.

ІV. Жаһандық саясаттағы Қазақстан және Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың рөлі.

V. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыттарында отырыстар жалғасты.

Конференция жұмысына қатысуға танымал отандық және шетелдік ғалымдар, көрнекті мемлекет және саяси қайраткерлер, қоғамдық ұйымдар, білім беру орындары, ғылыми-зерттеу және мәдени орталықтардың өкілдері келді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер