Қазақ журналистері қарық болады - Білім & ғылым|17 Ақпан 2017, 11:47
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қазақ журналистері қарық болады

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі шетелдік авторлардың журналистика мен PR саласындағы іргелі еңбектерін түпнұсқадан қазақ тіліне аудару жобасын бастады. Бұл туралы бүгін сала министрі Дәурен Абаев өзінің «Фейсбуктегі» парақшасында хабарлады.

«Жалпы, елімізде мұндай жинақтарға сұраныс үлкен болғанымен, көпшілігі орыс тілінде екені жасырын емес. Ал, қазақ тіліндегі оқулық аз. Міне, сондықтан біз осы істі қолға алдық», - дейді министр.

Өз жазбасында Д.Абаев бұл істің уақыт пен еңбекті талап ететінін айта келе, аударылатын кітаптар қандай өлшемдер бойынша таңдалатынына тоқталды.

Ол: «...сұранысқа ие, уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын кітап болуы шарт. Авторлық құқық иесінен рұқсат алу, сапалы аудару ісі де оңай емес. Дегенмен біз алғашқы жинақты қыркүйектің 1-де студенттердің қолына тигізуді жоспарлап отырмыз», - деп жазды.

Осы мақсатта университеттер оқытушыларының кеңесімен қажетті кітаптар тізімі жасалған көрінеді.

Министрдің айтуынша, қазақшаға аударылатын алғашқы еңбек Ли Энн Пек және Гай С. Рилдің қызмет барысындағы БАҚ этикасына арналған «Media Ethics at Work» жинағы екен.

Айта кету керек, кітап орыс тілінде жарық көрмеген, яғни қазақшаға тікелей түпнұсқадан аударылады.

«Алдағы уақытта оны 3000 данамен шығарып, еліміздегі барлық кітапхана мен оқу орындарына таратуды көздеп отырмыз. Болашақта осы істі демеушілер арқылы жүйелі түрде жалғастырып, жыл сайын бірнеше кітапты аударып отыру жоспарда бар. Бұл өз кезегінде, жас журналистерімізге ақпарат саласындағы әлемдік даму тенденцияларымен кеңінен танысуға мүмкіндік беріп, отандық журналистикаға оң өзгерістер алып келеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, бұл жобаны мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге бағытталған нақты шаралардың бірі деп айтуға болады», - дейді Д.Абаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер