Енді оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауды үйретуіміз керек – Күләш Шәмшидинова - Білім & ғылым|08 Ақпан 2017, 13:48
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Енді оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауды үйретуіміз керек – Күләш Шәмшидинова

Фото: Абзал Қалиев

Оқушыларды ескі білім бағдарламаларымен оқытуға болмайды. Заман талабына сай, енді оларға сыни тұрғыдан ойлауды, шығармашылықпен, топпен жұмыс істеуді үйрету керек. Бұл туралы Елбасы Жолдауын талқылау мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Оқушыларға осы уақытқа дейін пайдаланып келген білім бағдарламаларымен білім беруге болмайды. Онда біз Жолдауда берілген тапсырмаларды орындай алмаймыз», - деді ол.

Сондай-ақ, Күләш Шәмшидинова заман талабына сай еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болатындығын атап өтті.

«Экономика мен нарықтың талабына байланысты өзгеретін мамандықтармен қатар жаңа мамандықтар пайда болады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР) мәліметіне сәйкес, мамандықтардың 47%-ы алдағы уақытта автоматтандырылады екен. Яғни осы уақытқа дейін адам атқарып келген жұмысты автомат атқарады. Осы себепті автоматтардың жұмысын қадағалайтын мамандықтар керек», - деді ол.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы елімізде жүргізіліп жатқан білім беру реформаларына тоқталды.

«Базалық дағдылар бар. Олар – санау, оқу, жазу. Бұл талап күшінде. Мұны мектеп оқытуға міндетті. Бірақ ол жеткіліксіз. Енді оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауды, шығармашылықпен, топпен жұмыс істеуді үйретуіміз керек», - деп түйіндеді сөзін Күләш Шәмшидинова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер