Елорданың балабақшаларын тексеріп жатыр - Білім & ғылым|02 Ақпан 2017, 12:16
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Елорданың балабақшаларын тексеріп жатыр

Фото: www.inform.kz

Астаналық балабақшалардың қызметін Білім басқармасының комиссиясы тексеруде, деп хабарлайды Baq.kz.

2017 жылғы 31 қаңтар күні кешке әлеуметтік желілерді пайдаланушы Жанна Шапенова астаналық білім беру қызметкерлеріне өзінің бұйымтайын білдірген. Онда №77 «Қошақан» мемлекеттік балабақшасының сынған орындықтарының, бір кілемінің және жиегі жоқ унитаздың суреттері жүктелген.

«Балалар мынадай орындықтарда және жиегі жоқ суық унитазда отыруға мәжбүр. Оның салдарын түсіну үшін бұл унитазға балабақша меңгерушісін отырғызу қажет. Балалар ойын барысында немен шұғылданатынын білмейді. Себебі оларда ойыншық жоқ, кілемдерді қысқартқаны соншалықты, оған балалар сыймайды (топта 30 баладан астам). Сондықтан олар жерде ойнайды. Тәрбиешілер жиі ауысады (тәрбиешілердің айтуынша, оларға меңгеруші тарапынан психологиялық және моральдық қысым жасалады). Бұл өз кезегінде балалардың психикасына әсер етеді. Ата-аналар бірнеше мәрте меңгерушімен сөйлесті, бірақ мәселе сол күйі қалып отыр. Оның іс-әрекетін біреу бақылауы қажет әлде ол балабақшада өзіндік билікті жүргізуді жалғастыра ма? Ондағы жағдай балалар үшін жасалмаған. Шара қолдануларыңызды өтінемін!», - деп жазған Астана тұрғыны.

Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен 2017 жылғы 1 ақпанда балабақшаның қызметін толық тексеру мақсатында арнайы комиссия құрылды.

Әлеуметтік желілердегі суреттер 2016 жылдың 23 желтоқсанында «Құлыншақ» тобында түсірілген. Барлық топтар тексеріліп, санитарлық тораптардың жағдайы, ойыншықтардың, кілемдердің болуы мұқият қаралды. Барлық жерде кілемдер төселген. Меңгерушінің сөзінше, желтоқсан айында вирусты инфекцияның салдарынан ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу үшін кейбір кілемдер алынып тасталған. Санитарлық тораптардың жағдайына тоқталсақ, кейбір унитазда бекітілген жиектер болмағаны анықталды.

«1 ақпан күні сағат 18:00-ге дейін барлық ескертулер жойылды. Бүгін 2 ақпан күні аталмыш балабақшада комиссия жұмысының нәтижелері бойынша жалпы ата-аналар жиналысы өтеді. Балабақшаның қызметкерлері үшін бөлек жиналыс ұйымдастырылады», - деп атап өтті Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы.

Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2016 жылдың қазан айынан бері Астанада сенім телефондары қызмет етеді.

Егер сіз немесе сіздің балаларыңыз Астана қаласының білім беру ұйымдарында әкімшіліктің немесе оқушылардың тарапынан заңға қайшы әрекеттерге (мектептің қажеттілігіне ақша жинау, баланы мектепте қатарластарының ұрып-соғуы, мектеп аумағында темекі өнімдерін және т.б. сату) тап болсаңыз, мұндай жағдайларды назарсыз қалдырмауды сұрайды.

8-701-588-99-66 нөміріне SMS-хабарлама жолдаңыз (мәтінде міндетті түрде мектептің нөмірін көрсету қажет. Мәселен, егер №98 мектеп болса, онда хабарламаны «098» деп бастау қажет. SMS-хабарлама жүйесі тек мектептер үшін қолжетімді).

Шағымдардың кез келген фактілері (балабақша, мектеп, колледж) бойынша оны жан-жақты сипаттап (ескертпе), 8-778-255-01-62 нөміріне WhatsApp хабарлама жіберіңіз.

Шағымдардың кез келген фактілері (балабақша, мектеп, колледж) бойынша Астана қала Білім басқармасының «жедел желі» телефондарына хабарласыңыз: 55-01-62, 8-778-255-01-62. Жұмыс уақыты – с 9:00 до 19:00, түскі үзіліс 13:00-14:30.

(Суреттер Жанна Шапенованың фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды)


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер