Елдің болашағын жасаушы институт – мектеп - Білім & ғылым|08 Ақпан 2017, 17:41
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Елдің болашағын жасаушы институт – мектеп

Әр адамның өсіп-өнген ата-анасының үйі – киелі. Оны халқымыз киелі қара шаңырақ дейді. Сол киелі қара шаңырақта ана мен әке қамқорлығы арқылы үлкен өмірге қанат қағамыз. Бұдан кейінгі киелі шаңырақ – мектеп. Мектептің киелі екенін талдап, дәлелдеп жатудың өзі артық шығар, сірә.

Халқымыз баланы періште деп атайды. Періште – жамандық атаулыдан таза, тек жақсылықтың жаршысы, мейірім-шапағаттың көзі ретіндегі адам санасындағы асыл бейне.

Адам өмірге келгенде осы періште қалпында келеді. Бұл періштені көру үшін кішкентай сәбиді еске алсаң жеткілікті. Кез келген адам болмысынан пәктік пен тазалыққа, білу мен үйренуге жаны құмар келеді. Абай атамыздың жетінші қара сөзінде айтқанындай ол уақыттың өтуімен біреулерінде ластана бастаса, енді біреулерінде сол таза қалпы сақталып, дами бастайды.

Бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамда адамның қолымен жасалып жатқан жамандықтың, қатыгездіктің шегі жоқ екені жасыруға да келмейді, бірінен бірі өтеді. Ғылым мен техниканың дамыған дәуірінде адамдардың осындай азғындыққа бет бұруының себебі неде деген сұрақ адамға маза бермейді. Кез келген адам тумысынан пәк, таза күйінде дүние есігін ашатыны анық. Америкалық ғалым Г.Доманның зерттеулеріне сүйенер болсақ, бала алты жаста мінез-құлқы мен жекелік болмысы толық қалыптасып бітеді. Бұл жерде баланың адамгершілік болмысының қалыптасуына ата-анасының ықпалы күшті әсер етеді. Психологтардың зерттеулеріне сүйенер болсақ адамның балалық шағы 23 жасқа дейін созылады. 6-7 жастан мектепке келген балаға мектептің де ықпалы өте көп. Швейцарияның ұлы педагогы И.Г.Песталоцци: «Мектептің міндеті – тәрбиелеу, тек қана тәрбиелеу», - деген екен.

Ал, біздің қоғам мектептен тек білім беруді талап етіп отыр. Бұлай айтуға негіз болатын нәрсе – қазіргі мектептердің рейтингінің оқушылардың білім деңгейімен, әр түрлі білім сайыстарындағы көрсеткіштерімен және ҰБТ нәтижесімен өлшенуінде. Мектептегі тәрбие жұмысының көрсеткіші, егер ол мектептен жан түршігерліктей қылмыс шықпаса, «жақсы» деп есептеледі. Баланың бойында қандай ниет, ұстаным, қалыптасып келе жатқаны, оның ертең кезі келгенде қоғамға қандай ықпалы болатыны жайында назардан тыс қалып отыр. Балалардың білімділігін артыратын шетелдік технологиялар да көбейіп кетті.

Осы білімге қатысты Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Адамға білім беруден бұрын тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», - десе, Д. Менделеев: «Тәрбиесіз адамның қолындағы білім, есі ауысқан адамның қолындағы қылышпен тең», - деген екен. Біз осы жоғарыдағы данышпан, бүкіл адамзаттың ұстаздары айтып кеткен өсиеттерді естен шығарып алғанбыз. Ә.Қапиевтің: «Ғалым болудан адам болу қиынырақ», -дегеніндей, балалардың бәрін ғалым қылуға ұмтыла бермей, бірінші олардың адам болуын ойлауымыз керек. Мектепте балаға бір аптада 36 сағаттың бір сағаты ғана тәрбиеге беріледі. Сонда бір оқу жылында 34 сағат тәрбиеге арналса, 11 жылда 374 рет тәрбие сағаты өткізіледі екен, ал, білім беруге арналған сағаттың саны 13000-нан асып жығылады. Осыдан-ақ біздің тәрбиеміздің қандай екенін байқай беріңіз.

Сабақтың білім берушілік, дамытушылық және тәрбиелік мақсаты бар. Бұның бәрі қазіргі уақытта білімділікке орын беріп отырған жағдайы бар. Адамның танымы білім арқылы өсетіні белгілі. Білім – баланың бойында адамгершілік сапаларын жасауға қызмет етуі керек. Яғни, білім – тәрбиенің құралы болуы керек деп ойлаймыз. Мұғалім сабақ жоспарын жасаған кезде осы білімді балаға меңгерту арқылы оның бойында қандай адамгершілік сипатын жасай алатыны жайында ойлануы керек. Бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізуге гуманитарлық ғылымдар бағытындағы пәндерде мүмкіндік мол. Бұл пікір жаратылыстану ғылымдары саласындағы пәндердің тәрбиелік мүмкіндігі шектеулі дегенді білдірмейді.

Н.Ә.Назарбаевтың: «Қандай да бір атқарылған іс, ғылыми жаңалық, бәрі де адам үшін, оның игілігі үшін, жас ұрпақтың бүгінгі заман талабына сай дамып қалыптасуына игі ықпал етіуге қызмет етуі керек», - дегеніндей осы дүниедегінің бәрі адам үшін болғандықтан да кез келген пәннің мазмұнын адамгершілікпен байланыстырып оның тәрбиелік сипатын жандандыруға болады. Осы орайда тарих пәнін жүргізуде балаға қалай рухани-адамгершілік тәрбие беруге болатыны жайында бірер сөз қозғап көрейік.

Тарих оқулығының негізгі мазмұнын, адамзаттың қоғамдық құрылымдары, кезеңдері, мемлекеттілігі, дамуы, жойылуы т.с.с. ақпараттар құрайды. Мұғалім осы ақпараттарды сол күйінде балаға меңгертуі құрғақ, жалаң білім болып саналады. Қандай да бір білімді меңгерту барысында оны адамның ішкі рухани құбылысымен байланыстыру керек. Мысалы, халықтың азаттық жолындағы күресі кезінде адамдардың қандай сезімде болғаны, азаттық күресті ұйымдастырушы көсемдердің бойында қандай адамгершілік қасеттері болғаны, халқы үшін жан аямай қызмет етуге итермелейтін адамның бойындағы қандай қасиеттері, қысқасы, мұғалімнің көздегені – баланың бойында сүйіспеншілік, мейірімділік, қайырымдылық, жауапкершілікті сезіну, адалдық т.б. рухани-адамгершілік қасиеттерінің бүр жарып дамуына жағдай жасау болуы қажет.

Даналықта ұлт болмайды. Себебі, кез келген ұлт өкілінің даналық ойлары, олардың ұлтына, нәсіліне, кезеңіне қарамастан бір нүктеде түйіседі. Оған мысал ретінде Әбу Насыр әл-Фараби мен Менделеевтің ойларын қараңыз. Осындай әлемдік данышпандардың, «Адамның жақсысы - адамға сүйіспеншілікпен қарағандар», «Адамда негізгі екі қасиет болуы тиіс, олар адалдық және махаббат», деген данышпан Абайдың даналық ойларындай сөздерді кез келген сабақта әр сабақ сайын айтып отыру баланы ойлылыққа, өнегелілікке, парасаттылыққа үйретеді. Бұл даналық сөздер сол сабақтың мазмұнымен тығыз байланыста, яғни, сабақтың мазмұнын толықтырушылық қызмет атқаруы қажет.

Мектепте жүргізілетін пәннің бәріне ортақ мақсат – баланың рухани танымын кеңейтуге қызмет етуі тиіс. Адамның рухани болмысы қалай болуы жайында Абайға жүгінер болсақ, ол: «Өзің үшін еңбек қылсаң – өзі үшін оттаған хайуанның бірі боларсың, адамдықтың парызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйікті құлының бірі боларсың», - дейді. Осы тұжырым әр адамның өмірлік ұстанымына айналса, заманымыз түзеліп, мейірім, шапағаттың жалауы желбірейтіні анық.

Тоқтағазы ӘУЕЛБЕК

Астана қаласы № 48 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер