Білім министрлігі мұғалімдердің не себепті қағазбастылықтан айырылмай отырғанын түсіндірді - Білім & ғылым|22 Ақпан 2017, 13:35
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Білім министрлігі мұғалімдердің не себепті қағазбастылықтан айырылмай отырғанын түсіндірді

Фото: Қазақстан-ZAMAN

2016 жылдың күзінде ҚР Білім және ғылым министрлігі «Электронды журналдар және күнделіктердің бірыңғай жүйесі» атты пилоттық жобасын жүйеге енгізді. Қазіргі таңда жоба 4 мыңға жуық мектепті қамтып отыр. Енді олар тек электронды журналды қолданады. Ал мұғалімдерге оны толтырғаны үшін қосымша қаржы төленбейді. Ал мектеп ұжымы кез келген тексеруші органға электронды журналмен есеп береді. Сондай-ақ, аталмыш ведомство мұғалімдердің неліктен әлі күнге дейін қағазбастылықтан құтыла алмай отырғандығын түсіндірді. Бұл туралы Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Электронды журнал бойынша 2017 жылдың қаңтарында бұйрық шығардық. Екі журнал жүргізілмейді. Осы пилоттық жобаға қатысып жатқан мектептерде тек қана электронды журнал болады. Кез келген тексеруші мемлекеттік органға олар (мектептер – автор) электронды журналды көрсетеді. Білім басқармаларына айтылды. Мұғалімдерге электронды журнал толтырғаны үшін қосымша айлық төленбейді. Себебі, ол қызмет түрі біздің міндетімізге кіреді. Осы пилоттық жобаға қатысып жатқан 4 мыңға жуық мектептерде қағаз журнал болмайды. Олар тек электронды журналды пайдалануға міндетті», - деді ол.

Сондай-ақ, Жаңыл Жонтаева мектептердің неге әлі күнге дейін қағазбастылықтан айырыла алмай отырғандығын түсіндіруге тырысты.

«Неге мұғалім көп қағаз толтырады? Өйткені, ай сайын (мемлеттік органдар – автор) « Бүгін ақпарат бер! Қай бала қай жаққа кетті? Балабақшадан қай мектепке келді? Колледждердің балалары қайда болды? (9-сыныпты бітірген оқушылар – автор)» деген сыңайдағы ақпарат сұрай береді», - деді департамент директоры.

Оның айтуынша, бұл күрделі мәселені шешу жұмыстары қолға алынған.

«2012 жылдан бері «Ұлттық білім беру деректер қоры» жұмыс істеуде. Мен Білім басқармасында жүрген кезім есімде. Ол уақытта Білім министрлігіне қап-қап қағаздарды алып келіп, отчет тапсыратынбыз. Есепті тапсыруға 10 шақты адам келетін. Барлығын біледі, отчетті тапсыру үшін 1 ай уақыт кететін. Соның барлығын біз жүйеге келтіріп жатырмыз. Тек қана 1 жылдың ішінде (тексеруші мемлекеттік органдарға – автор) 2 ғана датамен ақпарат беруге келісімшарт жасап жатырмыз. 1 ақпанда мұғалімдердің толтыратын ақпараты беріледі. Ал наурыз айында ол ақпараттарды өзгертуге болады. Бірақ, мұның барлығы пилоттық режимнің аясында жүргізілуде», - деді ол.

Айта кетейік, бүгінде қазақстандық мектептерге арналған Kundelіk.kz жобасы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда жүйеге 3 887 мектеп пен 2,5 млн адам тіркелген. Олардың ішінде мұғалімдер - 174 006, оқушылар - 1 467 286, ата-аналар – 854 280. Жүйені еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларының білім басқармасы мен 177 қалалық және 156 аудандық білім бөлімдері пайдалануда. Мамандардың айтуынша, электронды журнал жобасы Ресейдің білім беру жүйесінен алынған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер