Бекболат Тілеуxан Білім министрі Сағадиевті жекпе-жекке шақырды - Білім & ғылым|20 Ақпан 2017, 15:58
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Бекболат Тілеуxан Білім министрі Сағадиевті жекпе-жекке шақырды

Оқулықтардағы кемшіліктерге, «Сауат ашу» кітабына байланысты өткір сөздер айтып жүрген депутат Бекболат Тілеуxан бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке тағы шүйлікті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сауат ашу» – сауатсыздықты жою дегенді білдіреді. Бұрынғыдай қала берсе, оның қандай қайшылығы бар. «Әліппе» деген сөз символдық, бейнелі атау. Бұл атау қанымызға сіңген. Ол – Ахмет Байтұрсыновтардан келе жатқан атау. Осы орайда бүкіл зиялы қауымның талабын айтатын болсақ, «Сауат ашу» аты мен атауын құртыңыз да, «Әліппені» бізге қайтарып беріңіз. Аяқ астынан бірдеңе бастап кетесіздер де, кейіннен қоғамнан қарсылық болып жатады. Елбасы Жолдауында барлығын ақылмен саралап, қабылдауға шақырды ғой. Ендеше, бастамаларға ақылмен мұқият қараңыздар. Ең бірінші ойланып алып, сосын істеу керек», – деді Бекболат Тілеуxан.

Депутат министрге оқулықтар оқушылар үшін өте ауыр, кітапты адам оқу мүмкін емес екенін айтып, білім бағдарламасындағы кемшіліктерді атап көрсетті. Сондай-ақ баспасөз арқылы жекпе-жекке шақыратынын айтты.

«Ереке, баспа жауап бере ме немесе министр жауапты ма?! Нақты кім жауап береді? Керек болса, оқулықтарды алып келемін де, сорақы нәрселерді бірінен соң бірін қойдай тоғытамын. Балалар мына оқулықтарға қарап отырып, зәрезап болады. Өйткені, өте ауыр, кітапты адам оқу мүмкін емес. Баланың жасы ешқандай ескерілмеген. Екінші сыныптың баласына жетінші сынып оқушысының деңгейіндегіні жазып беру рухани қаскүнемдік. Сабақтастықтың жоқтығынан, ұрпағымызды мүгедек қылып жатырмыз. Ереке, бұған қазір жауап беріңіз. Қазір жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетінде сізді жекпе-жекке шақырамын және сіздің жеңіп кетуіңізге шын жүректен тілектеспін. Өкінішке қарай, жеңіліп қаласыз-ау. Өйткені, ешқандай уәж жоқ. Ертең халықтың, сайлаушылдардың алдында біз жауап беруіміз керек», – деді Б. Тілеухан.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер