BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Балаларға сабақты қызықты етіп оқытатын робот жасағым келеді – жас инженер

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Болашақта балаларға сабақты қызықты етіп оқытатын робот жасағым келеді, яғни сабақ көңілді әрі танымды болса деймін. Бұл жайында робототехника чемпионатына қатысып жатқан 8 сынып оқушысы Бекболат Сағижанов айтты.

Бүгін Алматыдағы NGS Жаңа ұрпақ мектебінде «IITU Robocon Games 2018» робототехника бойынша оқушылар арасында ел чемпионаты басталды.

Аталған чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 30 команда қатысуда. Әр команда да 3 баладан. Сондай қатысушылардың бірі Алматы қаласы №166 лицейдің оқушысы Бекболат Сағижанов. Ол командасының бүгінгі сайысқа автоматты және басқарылатын роботты дайындап әкелгенін айтады.

«Біз оларды жасау үшін бірнеше ай жұмыс істедік. Ондағы менің жұмысым код жазу мен инженерлі құрастыру болды. Оны жасау барысы мен үшін өте қызықты өтті. Онымен сағаттап, тіптен тәулік бойы жұмыс істеуге дейін дайын болдым», - дейді жас инженер.

Сондай-ақ ол, роботпен жұмыс істеу кезінде түрлі қызықты жайттар орын алғанын айтып өтті.

«Кейде оған бір нәрсені жасау бойынша бұйрық бересің, алайда ол басқа жұмысты атқарып кететін кездері болды. Чемпионатқа әкелген роботымыз орнынан қозғалып, берген тапсырманы орындай алады, сондай-ақ оны пульт арқылы басқаруға болады. Жалпы бұл роботтарды медицина білім саласында, және адамдар бара алмайтын жерге қолдануға болады. Болашақта балаларға сабақты қызықты етіп оқытатын робот жасағым келеді, яғни, сабақ көңілді, танымды болса деймін. Бұл дегеніңіз мұғалімдерді жұмыссыз қалдыру деген сөз емес, әлемге жеңіл де қарапайым өмірді сыйлағым келеді, оған барлығымыз лайықтымыз», -дейді Б. Сағижанов.

ҚР білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова бұл байқау осымен төртінші жыл қатарынан өтіп отырғанын және биыл ол Алматы қаласы әкімдігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтіп отырғанын жеткізді.

«Бұған дейін бұл шараның өтуіне Халықаралық ақпараттық технология университеті мен «Шеврон» компаниясы мұрындық болып келген еді. Сонымен қатар осыған дейін бұл чемпионатқа тек Алматы қаласының оқушылары қатысып келді, биыл оның ауқымы кеңейіп еліміздің өзге аймақтарынан жас робот жасаушылар қатысып жатыр. Бастапқыда 10-12 команда қатысатын, қазір үздік 30 команда қатысуда», -дейді ол.

Халықаралық ақпараттық технология университетінің ректоры Дамир Шыныбеков мұндай чемпионатты ел тәуелсіздігінің арқасында өткізіп отырғанымызды және бұл осы жылдар арасында жеткен жетістігіміз бірі екенін айтып өтті.

«Қазір біз өте қызықты кезеңде өмір сүріп жатырмыз, жаһан бойынша ақпараттық технология даму үстінде. Бұл жайттан Қазақстан да сырт қалып жатқан жоқ. Еліміз жаңа инновацияларды ендіру бойынша ТМД елдері арасында алғашқы орыннан көрінуде. Тіптен, жаңа форматтағы мектептер де салынуда. Республикалық чемпионатты биыл бірінші рет өткізіп отырмыз. Оған еліміздің әр түкпірінен 30 команда қатысуда, оның ішінде жетекші мектептер келіп отыр. Бұл мектептің барлығы IT саласында көш бастап тұрғанын айта кету керек», -дейді ол.

Ректор сонымен қатар, мұндай шаралар балаларға ақпараттық технологиямен жақын танысып, бағдарламалау, IT бойынша білім алуға өз септігін тигізетіндігін жеткізді.

«Чемпионат барысында балалар әлемге өздері сияқты көзқараспен қарайтын қатарластарымен тәжірибе алмасып, білмегенін толықтырып жатады. Сондай-ақ бұл «Цифрлы Қазақстанның» дамуына да өз үлесін қосатын жоба», - деді ол.

Чемпионат барысында ұйымдастырушылар жас инженерлеріміздің ТМД елдері арасында өткен байқауда төртінші орын алғандығын айтты. Оның үстіне 7 жыл қатарынан чемпион болып келген Ресейдің Санкт-Петербургтық мықты командасын артта қалдырыпты.

ҚР білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенованың айтуынша, әлем елдері бізді қазба байлыққа толы ел ретінде таниды, дегенімен осындай чемпионаттардың арқасында өзіміздің интелектуалды ұлт екенімізді білдіруіміз керек.

«1980-1990 жылдары кинодан көретін роботтар қазір расымен де өмірге келіп жатыр. Бір жағынан қорқынышты, дегенімен бұл уақыт талабы. Бұл технологиялардың барлығы адам өмірін жақсартуда. Бұған дейінгі чемпионаттың тақырыбы жасыл экология болған. Онда роботтар ағаш отырғызды. Тағы бір жылы роботтар қоқыс жинады. Биылғы тақырып роботтар робот құрастырады», -дейді ол.

NGS Жаңа ұрпақ мектебінің әлеуметтік жобалар үлестірушісі Ольга Пак мектепте аптасына жоқ дегенде 3 сағат бағдарламалау бойынша білім алу міндеттелгенін айтады.

«Республикалық деңгейдегі мұндай шараның дәл біздің мектепте өткізіліп отырғанына қуаныштымыз. Өйткені біздің оқушылардың да осындай шараның ортасында болып, білімдерін жетілдіре түскенін қалаймыз. Қазір бәсекелестік заманы, сондықтан балалар соған дайын болуы керек», - дейді ол.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер