Балаларға біліммен қатар дұрыс тәрбие де берілуі қажет – вице-министр - Білім & ғылым|08 Қыркүйек 2018, 13:54
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Балаларға біліммен қатар дұрыс тәрбие де берілуі қажет – вице-министр

Бүгін еліміздегі мектептерде «XXІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» атты республикалық ата-аналар конференциясы басталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті мен Отбасы тәрбиесі институтымен бірігіп өткізеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі жиын бірінші сынып оқушылары ата-аналарына арналса, 9 қыркүйекте 10-11 сынып оқушылары ата-аналарына арналған конференция өтеді.

«Бүгін №54 мектепте республикалық конференция өткіздік. Оған бірінші сынып оқушыларының 300-ге жуық ата-анасы қатысты. Олардың балалары алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Сондықтан кішкентай бүлдіршіндерге дұрыс тәрбие және сапалы білім беру мақсатында ата-аналарға педагогикалық, психологиялық кеңес беруді жөн санадық. Сондай-ақ арнайы жоспарымыз бар. Ол бойынша 1-11 сынып оқушыларының ата-аналарымен осындай жиын өткізу жоспарланып отыр», - деді аталған мектептің директоры Шәкәрім Сейсенбай.

Осы орайда оның сөзін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов толықтырды.

«Биыл еліміздегі 7024 мектепте 3 млн-нан астам бала білім алуда. Ал бірінші сыныпқа осы жылы 300 мыңнан оқушы барды. Жылдан-жылға бүлдіршіндеріміздің саны көбейіп отыр. Бұл – жақсы жаңалық. Біз үшін бірінші сыныпқа барған оқушылардың ата-аналарымен танысу маңызды», - деді ол №54 мектепте өткен республикалық ата-аналар конференциясында.

Сонымен қатар вице-министр ата-аналарға балаларын үнемі бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

«Бүгін мамандарымыз сіздерге маңызды мәселелер жөнінде сөз қозғады. Оның арасында балалардың ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де бар. Қазіргі таңда балаларымыз балабақшадан бастап, қолдарына планшет пен телефонды алып, әрі теледидар арқылы ақпарат алады. Олардың ақпараттық қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Осы сұрақтарға мамандар сіздерге жауап берді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол балаларға біліммен қатар дұрыс тәрбие де берілуі керектігін айтты.

«Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» дейді. Сондықтан біз балаларға ақпарат беріп, кітап оқытып, тек білім мәселесімен айналыспай, тәрбиеге де баса мән беруіміз қажет. Сондықтан отбасы құндылықтарын нығайту өзекті болып саналады», - деп түйіндеді сөзін білім және ғылым вице-министрі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер