BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ауыл әкімдері аграрлық университетте оқыды

Астана, BAQ.KZ. Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде бүгінгі таңда біршама тындырымды шаруалардың басын көгертіп келеді. Әсіресе АӨК-нің ғылым саласына байланысты дүниелерін тайға таңба басқандай етіп ұсынып келеді.

Осы саладағы көптеген түйткілді мәселелердің шешілуі жолын алдымен ғылыми тұрғыдан қарастыруды білім ордасының ғалымдары түрлі деңгейде ұсынып жүр. Алға жылжу бар. Бірақ жүрісті үдете түсу басты мақсат.

«Ауылды көтеру мемлекетті көтеру»-деп Президенттіміздің өзі бастама көтеріп отыр. Алдымен түп қазығымыз ауылды жаңғырту ҚазАТУ-лық ғалымдардың басты мінеті. Сол бағытта білім ордасы алдымен аудан және ауылдық округтардың әкімдеріне арнайы курс ұйымдастыруды бастап кетті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған курсының берері мол.

Аудан және ауыл әкімдерінің университет партасына отыруындағы себебі не? Себеп мынады. Бүгінгі таңда ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының назарын аудартып олардың санасын ғылымға аударту. Әкімдер курс барысында жинақтаған тәжірибесімен өз ауылындағы шаруа қожалықтарымен міндетті түрде бөлісері анық. Осылайша шаруа қожалықтарының басшыларын ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияның мүмкіндігіне көз жеткізу. Қажет болған жағдайда қожалық басшылары өздері немесе мамандарын университетке жіберіп біліктілігін арттыруына мүмкіндік жасау. Бар мақсат осы.

ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев арнайы курсқа қатысып жатқан әкімдермен болған кездесуде жоғарыда айтылған мәселелерді шегелеп берді.

«Егер ауылдың жағдайы жақсы болса, елдің де жағдайы жақсара түсетіні сөзссіз. Себебі сіздер ел басқарып отырған азаматсыздар. Бүгінде ауыл шаруашылығы білім-ғылымсыз алға жылжуы мүмкін емес. Жүйедегі жаңашылдықтарды алдымен сіздерге айтып көрсеткіміз келді. Сол себепті арнайы курс ұйымдастырдық. Қажет болатын болса, шаруа қожалықтарының басшыларын шақырып курстар ұйымдастыруға біз дайынбыз. Ол үшін сіздер алдымен ауылдағы шаруа қожалықтарына қозғау салуларыңыз қажет. Осылайша бір бірімізді қолдап ел үшін қызмет жасайық» - деді ректор.

Әкімдерде оқытуды алғашқы болып бастаған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мұнымен шектеліп қалмақ емес. Келесіде шаруа қожалықтарының басшылары мен мамандарын да оқытуды көздеп отыр. Бүгінде ауыл шаруашылығында жаңа заманауи техниканың тілін меңгере алмасаң мол мүмкіндікті жіберіп алатынымыз анық. Демек жаңа технологияны меңгермей, бүгінге дейін дәстүрлі егіншілікпен немесе мал шаруашылығымен айналысып келген фермерлер мен шаруа қожалықтары алдағы уақытта құлдыраудың жолында тұр. Өйткені қазіргі таңда егін егетін алқаптың топырағына талдау жасау үшін ғарыштық түсірілімдерге жүгіну қажет. Алқаптарды бақылауда ұстау үшін электронды карта қажет. Тағы сондай жаңашылдық толып жатыр. Міне бұл үшін шаруа қожалықтары басшылары немесе мамандар міндетті түрде арнайы курстан өтуі тиіс. Меңгеру міндетті болмақ.

«Қазіргі таңда кез келген саланы алатын болсақ инновациялық теxнологиялардың дамуы байқалады. Әрине ерекше атап өтетін сала, ол - ауыл шаруашылығы, өйткені ол сала адаммен, адам денсаулығымен, мемлекетіміздің экономикасымен байланысты. Бүгінгі өтіліп жатқан Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарынан келген әкімдердің "Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы" тақырыбында біліктілікті арттыру курстары университет қабырғасында алғаш өтілуде. Университет ғалымдары Айтуғанов Қ.Қ., Нукешев С.О., Рамазанова Р.Х., Оразтаева З.Б., Абдраxманов С.Қ. дәл егіншілік, геоақпараттық жүйелер теxнологияларын пайдалану, басқарудың шағын нысандарын дамыту, жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыру және тұрақты басқару мәселелерін ашып көрсетіп түйткілді тұстары бойынша кеңес берді» - дейді Біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту институтының директоры Шынар Абеуова.

Жаңа теxнологиялар ауылдық жерлерге баруы керек. Ауылды оқшауламауымыз қажет. Ол мақсатқа жету үшін, ғылым ошағы мен ауыл шаруашылық обьектілері арасында байланыс орнатуы тиіс. Сондықтан әкімдердің біліктілікті арттыру курстарын үнемі өткізсек деп жоспарлап отырмыз.

«Мен 1984 жылы сол кездегі Целиноград ауылшаруашылығы иниститутының агрономиялық факультетін бітірген едім. Одан кейінгі уақыттардың барлығында өз ауылымда еңбек етіп келемін. Бірнеше күннен бері ауыл шаруашылындағындағы тың өзгерістерді көріп таң қалып отырмын. Біз оқыған замандағы ғылыми үрдіс мүлде өзгеріп кетіпті. Қазір жаңа технологияның заманы екен. Өзім аграном болғаннан кейін бүгінгі дәл егіншілік жүйесіне аса үлкен мән беріп отырмын. Міндетті түрде ауылдағы қожалық басшыларын жинап білгенімді айтамын. Айтып қана қоймай олардың ізденуіне қолдан келгенше мүмкіндік жасаймын деп отырмын. Біз жаңашылдыққа ұмтылуымыз қажет, заман талабына сай болуымыз қажет екен. Университет жақсы бастаманы қолға алып отыр. Алдымен ауыл әкімдерінен оқыту бұрын еш жерде болмаған үрдіс. Оқуға қуана келісіп, ерекше ынтамен келіп отырмын» - дейді Ақмола Облысы Ерейментау ауданы Бозтал ауылының әкімі Қанат Мұқанов.

Міндетті түрде ауылдық мамандар оқу курсынан өту керек. Себебі бүгін болмаса да алдағы 5 жылдықта барлығы өзгеше болатындығына көзім жетіп отыр.

«Біріншіден; Менің мамандығым заңгер болғандықтан дәрісте жер кодексінің түрлі ұтымды тұстарының бар екендігіне мән беріп отырмын. Бүгінде пайдаға аспай немесе заңсыз пайдаланылып жаткан жер учаскелері бар. Сол алқаптардың заң тұрғысындағы жолы оны пайдаланудаға өзгешеліктер жағы біз үшін аса қажет. Енді біліп жүретін боламын. Және алған білімімді тәжірибеде қолданатын боламын. Екіншіден; дәл егіншілік туралы берілген дәріс өте маңызды. Ауылда фермерлер дәл егіншіліктің бүгінгі заманғы жаңа тәсілдерін біле бермейді. Өзім жас маман болғандықтан барлығын зерделеп алуға тырысып отырмын» - дейді Қарағанды облысы Нұра ауданы Тассуат ауылының әкімі Аманжолов Мадияр.

«Ауыл ел бесігі» деп елбасының өзі атап көрсеткендей ауылды көтеру барлығымыздың парызымыз.

«Білім ордасының бұл бастамасына өз басым қуанып отырмын. Себебі бүгінде ауылды сақтап қалу басты міндетіміз. Ал ауылды сақтап қалсақ біз отанымыздың іргесін бекемдей түсеміз. Сол себепті ауылдық әкімдер үшін өткізіліп жатқан семинар өте маңызды әрі өзекті болып отыр. Бүгінде көп ауылдық жерлердің әкімдері жастар. Оларды оқыту, оларды үйрету оңай. Алдымен әкімдердің көзін ашып санасына жаңашылдықты сіңірсек өзгелерін технологияға бейімдеу жеңілірек болмақ. Біз ауыл әкімі болғандықтан курстан алған білімімізді міндетті түрде ауылымызды көркейтуге жұмсаймыз. Шаруа қожалықтарына жеткізетін боламыз. Осы ретте бір тілегім бар. Семинар тек университет қабырғасында ғана емес қожалықтардың басында ұйымдастырылса деп ойлаймын. Әрине университеттің барша ауылдарда курстар ұйымдастыруы қиынға соғар. Сол үшін дәл осы бастамаға мемлекет көмекқолын созса екен. Мен өз басым С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін бітіріп шыққан кез келген түлекті жұмысқа қабылдар едім. Себебі бұл жердегі білімнің қандай дәрежеде беріліп жатқанын өз көзіммен көріп отырмын. Шаруа қожалықтарына да осына айтуымыз қажет. Сапалы маман қашан да қажет» - дейді Ақмола облысы Есіл ауданы Заречен ауылының әкімі Наталья Милюк.

Егер кез келген ауыл әкімі өз ауылының заманауи деңгейде алға жылжуын қалайтын болса, онда үнемі жаңашылдықты алдымен өзі болып бастауы керек. Егер әкім соңынан ерген қауымды, фермерлерді, шаруа қожалықтарды жаңа заманның жаңа мүмкіндіктеріне бейімдей алмайтын болса онда ойлануы қажет.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер