Астанада ментальді арифметиканың жеңімпаздары анықталды - Білім & ғылым|17 Ақпан 2017, 19:03
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астанада ментальді арифметиканың жеңімпаздары анықталды

Фото: Абзал ҚАЛИЕВ

Тәуелсіздік сарайында ментальді арифметикадан IVреспубликалық олимпиада өтті. Олимпиадаға 5-16 жас аралығындағы 1 мыңнан аса бала қатысты. Байқау жеңімпаздары халықаралық олимпиадаға қатысады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Республикалық олимпиадаға Атырау, Қарағанды, Семей, Көкшетау, Шымкент, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Қызылорда, Семей, Ақмола облысы және басқа өңірлер қатысқан. Байқауда 260 жүлделі орын белгіленген. Ал, 75 бірінші орын алған жеңімпаз ел намысын халықаралық олимпиадада қорғайды. Бұл туралы «Нобель» білім беру орталығының бас директоры Әлімжан Пазылов айтты.

«Бұл ментальді арифметикадан ұйымдастырылып отырған 4-ші олимпиада. Оған 1 мыңнан астам бала қатысуда. Олимпиаданың талабы бойынша оқушыларға 200-ден астам есеп берілді. Олар 30 минуттың ішінде есепті шығарып үлгеруі керек. Есептер қиындық деңгейі бойынша 1 мен 8 аралығында іріктелді. Байқау номинациясы деңгейге бөлінген. Ол 1 мен 8 аралығында. Бірінші орын алған жеңімпаздар Түркиядағы олимпиадаға қатысады. Жалпы 75 бірінші орын болады. Бүгінгі шараны мастер класс түрінде ұйымдастырдық. Себебі, ата-аналар өз балаларының қандай деңгейге жеткендігін көру керек», - дейді Әлімжан Пазылов.

Сонымен қатар, шараны ұйымдастырушы республикалық олимпиадада қазылар алқасының жеңімпазды қалай анықтайтындығын да айтып өтті.

«Қазылар алқасы оқушылардың есепті қаншалықты тез шығара алатыдығына баға берді. Олар уақытты белгілеп, кейін есептің дұрыс шығарылғандығын тексереді. Байқауға қатысушылардың жас мөлшері 6 мен 16 жас аралығында. Ал, Олимпиадада 1-ші орынды жеңіп алған, 6,7,8-деңгейдегі оқушылар халықаралық байқауға қатысатын болады. Олардың жартысы өз ақшаларына, ал қалғаны демеушілердің қаржысына барады. Жалпы жарыста 260 бала марапатталады», - деді директор.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда ментальді арифметиканың пайда болғандығына 5 жылдан асқан. Бұл есептеу жүйесі балалардың ойлау қабілетін дамытады екен.

Биыл ментальді арифметикадан 4-ші республикалық олимпиаданың жеңімпазы атағын 11 жастағы Данил Супронов алды. Ол Астана қаласындағы №62 мектептің 5-ші сынып оқушысы. Осындай жетістікке жету үшін ол 3 жыл бойы есеп шығарған. Енді оқушы ел намысын халықаралық олимпиадада қорғайтын болады.

«Ментальді арифметикамен есеп шығарып жүргеніме 3 жыл болды. Алғашында бұл курсқа анам жазғызды. Кейін ментальді арифметика маған ұнады. Нәтижесінде математикадан жақсы есеп шығаратын болдым», - деді ол.

Сонымен қатар, ментальді арифметиканың оқытушылары мен ата-аналар академик Асқар Жұмаділдаевтің пікірімен келіспейтідігін алға тартты. Академик ментальді арифметиканы оқушылар үшін қажет еместігін айтып, оларды оқытып жатқан білім орталықтары көбірек пайда табуды көздеуі мүмкін екендігі жайлы пікір білдірген.

«Бұл қате пікір. Ол кісінің ментальді арифметикадан дұрыс хабары жоқ шығар. Себебі, кейбір адамдар бұл туралы нақты ақпарат білмейді. Себебі, бізді көптеген азаматтар балаларға санауды үйретеді деп ойлайды. Жоқ, біздің мақсатымыз ол емес. Біз балаларды абакус арқылы көп таңбалы сандарға есеп жүргізуді үйретеміз. Абакус – миға арналған жаттығу құралы. Алғашында балалар методикаға үйренеді. Кейін олар ментальді түрде есеп шығара алатын болады. Ешкімге құпия емес, біздің ментальді арифметиканы меңгерген оқушылар халықаралық олимпиадада жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр», - деп түйіндеді сөзін «Нобель» білім беру орталығының директоры Бауыржан Пазылов.

Ал республикалық олимпиадада жеңіске жеткен оқушының анасы Татьяна Супронова балаларды ментальді оқыту орталығына беруді әрбір ата-ана өзі шешетіндігін атап өтті.

«Менің ойымша, бұл мәселені әрбір ата-ана өзі шешеді. Біз мүмкіндігімізді сынап көрдік. Нәтиже бар. Сондай-ақ, бұл әдіс баланың сабақ үлгеріміне де әсер етті. Есте сақтау қабілеті жақсарды», - дейді Данилдың анасы.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жарыста жүлделі орынға ие болған оқушылар Дубай, Ыстамбұл, Дели қалаларында өтетін халықаралық олимпиадаларға қатысатын болады.

Сондай-ақ, олимпиадада бірегей математикалық шоу ұйымдастырылды. Яғни 4-5 жастағы балалар күрделі арифметикалық есептер шығарды.

Фото мен видео: Абзал ҚАЛИЕВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер