Астанада Қазақстандағы Chevening түлектерінің қауымдастығы құрылды - Білім & ғылым|13 Қараша 2017, 11:18
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанада Қазақстандағы Chevening түлектерінің қауымдастығы құрылды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астанада Британияның Chevening үкіметтік стипендиясын иеленген қазақстандық түлектердің алғашқы форумы өтті. Шарада Қазақстандағы Chevening стипендиясы түлектерінің қауымдастығы құрылды, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ұлыбритания елшілігі мен Британ кеңесі (British Council) және Chevening түлектерінің ұйымдастыруымен өткен форумда Қазақстандағы Chevening түлектерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастық соңғы 25 жылда Ұлыбританияда білім алып елге оралған 200-ден аса жас лидерлердің басын қосты. Бұл ұйымның басты мақсаты - өзара кәсіби қолдау көрсету, жаңа стипендиаттарға көмектесу, Қазақстанның білім және ғылым, әлеуметтік салаларының дамуына үлес қосу.

Шара барысында Қазақстандағы Ұлыбритания елшісінің орынбасары Эндрю Мак Аллистер сөз сөйледі. Содан соң Chevening түлектері шәкіртақыға қалай ие болғандары мен елге оралғанда білімін қандай мақсатта қолданғандарын айтып, өз оқиғаларымен бөлісті. Мысалы Ғани Узбеков 1999-2000 жылдары Лондон экономика мектебінде білім алған. Елге келген соң Capital Bank Kazakhstan басқармасының экс-төрағасы, SILK компаниясының негізін қалаушы қызметін атқарған. Ал Светлана Иванова шәкіртақыны ең алғаш иеленгендердің бірі. Ол 1994-1995 жылдары Бирмингем университетінде оқыған.

«Қазақстандықтар 1993 жылдан бастап Британияның Chevening үкіметтік стипендиясына қатысып келеді. Осы уақытқа дейін 200-ден астам жас қазақстандық лидерлер Ұлыбританияда магистрлік дәрежесін алу мүмкіндігіне ие болды. Шәкіртақы түлектері білім алып елге келген соң мемлекеттік билікте, бизнес, қаржы секторы, xалықаралық және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеп жатыр», - деді Chevening түлегі Данияр Мукитанов.

Британияның Chevening үкіметтік стипендиясы — жас көшбасшыларға Ұлыбританияда білім алуға зор мүмкіндік беретін бағдарлама. Шәкіртақы болашақта мемлекеттік мәселелерді шешуге ықпал етерлік әлеуеті бар жас көшбасшыларға арналған. Chevening шәкіртақыларының көпшілігі дипломнан кейінгі магистрлік дәрежесін алуға бір жылға беріледі. Бұл стипендияны Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі мен серіктес ұйымдар қаржыландырады және Британ кеңесі (British Council) тарапынан басқарылады.

Бұл шәкіртақының басқа да британдық бағдарламалардың артықшылығы таңдаған жоғарғы оқу орнында білім алу ғана тегін емес, шәкіртақы иесінің Ұлыбританияда тұрған кездегі барлық шығындарын көтереді.

Грант нені төлейді?

• Ай сайынғы стипендия
• Көлік шығындары
• Диссертациялық грант
• Визаны рәсімдеу бағасын
• Білім алу ақысын

Chevening бағдарламасының талаптарына сай келетін келесідей елдің азаматтары қатыса алды. Қатысушы елдер арасында: Беларусь, Ресей, Украина, Молдова, Өзбекстан, Қазақстан, Грузия және т.б. бар.

Оқытудың басым салалары:

Саясат және халықаралық қатынастар;
Құқық және мемлекеттік басқару;
Экономика, бизнес және инновациялар;
Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны зерделеу және энергетикалық қауіпсіздік;
Ғылым және ғарыш;
Журналистика.

Үміткерлерге қойылатын талаптар:

- бағдарламаға қатыса алатын елдің азаматы болу;
- Chevening Scholarship бағдарламасы бойынша 2 жыл білім алған соң туған еліне оралу;
- Жоғары білім туралы дипломның болуы;
- оқудың таңдалған бағыты бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілінің болуы (тағылымдамаларды, еріктілікті және т.б. қоса алғанда);
бағдарлама талаптарына сәйкес ағылшын тілін білу деңгейі:
- Ұлыбритания азаматтығының болмауы және сол елде бұған дейін қандай да бір мемлекеттік стипендия бойынша оқымау.

Тапсырылатын құжаттар:

- ағылшын тілінде жазылған 2 ұсыныс хат;
- төлқұжат немесе жеке куәлік;
- диплом мен транскрипт көшірмесі;
- магистратура бойынша таңдау жасалған үш бағыт.

Құжаттар pdf форматында және 5Мb аспайтын көлемде қабылданады. Бағдарламаға қатысу өтінімдері e-Chevening жүйесі арқылы онлайн режимде қабылданады. Құжаттарды пошта арқылы жіберу көзделмеген.
Стипендия туралы нақтырақ ұйымдастырушылар сайтынан білуге болады.

2018-2019 оқу жылына арналған Ұлыбританияда оқуға мүмкіндік беретін халықаралық Chevening стипендиясына үміткерлерді қабылдау 8 қарашада аяқталды. 2019-2020 жылдары Ұлыбританияда оқу үшін келесі жылдың тамыз айында құжат қабылдау қайта басталады.

Айта кетсек, аталған шәкіртақы Кембридж пен Оксфордқа жол ашатын бірден-бір бағдарлама. Chevening атауы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі резиденциясы Chevening House атауынан шыққан. Жыл сайын Чивнинг бағдарламасы бойынша әлемнің 150 мемлекетінен келген 2300 астам стипендиаттар білім алады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер