Астанада 167 балабақша жетіспейді - Білім & ғылым|10 Ақпан 2017, 17:50
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астанада 167 балабақша жетіспейді

Еліміздің бас қаласында 46 327 бүлдіршінді мектепке дейінгі біліммен толықтай қамту үшін әлі 167 балабақша ашу қажет. Елордада нақ осыншама балабақшаның жетіспей тұрғанын Астана қаласының Білім басқармасы растады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қаладағы балабақша мәселесін шешу үшін 129 жоспарлау секторына мектепке дейінгі мекемелерді орналастыруға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Әрбір секторды талдау қорытындысы бойынша 46 327 орындық 167 мектепке дейінгі мекемені ашу қажеттігі анықталды», - делінген ресми хатта.

Осы орайда қалалық әкімдік өкілдері балабақша мәселесін шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын алға тартты.

«Балабақша құрылысы бойынша жеке серіктестерді анықтау жөнінде конкурс өткізілді. Қазіргі таңда 1140 орындық балабақша бойынша 6 жоба іске асырылып жатыр. Яғни әлеуетті жеке инвесторлармен шартты жобалар пысықталуда. Келісімшарт жасалғаннан кейін құрылыс басталады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Білім басқармасы осы жылы 3 балабақша бой көтеретінін атап өтті.

«Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ұлттық компаниялармен 720 орындық 3 балабақша құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Олар – «Самұрық Энерго» АҚ, «Қазақатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «KEGOG» АҚ», - делінген ресми хатта.

Айта кетейік, биыл Астанада 680 орындық 3 балабақша пайдалануға берілген. Ал 2016 жылы кәсіпкерлердің қолдауымен 3949 орындық 44 жекеменшік балабақша ашылған екен.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер