Ақтөбелік ұстаздар ата-анасы 1 сыныпқа дайындамаған 300-ге жуық баланы киіндірді - Білім & ғылым|07 Қыркүйек 2018, 20:35
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ақтөбелік ұстаздар ата-анасы 1 сыныпқа дайындамаған 300-ге жуық баланы киіндірді

Ақтөбе қаласында тұрмыстық жағдайдың қиындығын алға тартқан 300-ге жуық ата-ана 6 жасқа толған балаларын мектепке дайындамаған. Ұстаздар рейд кезінде демеушілердің көмегімен 260 баланы киіндіріп, олардың оқу-құралын түгендеген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі aktobenews.kz сайтына сілтеме жасап.

«1 тамызда басталған «Мектепке жол» акциясына қала бойынша 592 адам қатысқан. Олардың дені мұғалімдер. Бүгінге дейін 466 рейд жұмыстары жүргізілген. Қала бойынша 1 класқа бара алмай отырған 260 бала анықталды. Ақтөбе қаласы әкімдігі және облыстық білім басқармасының көмегімен демеушілер табылды. Ата-аналарға 6 жасқан толған баласын мектепке апара алатынын түсіндіргенімізде киімдерінің жоқ екенін айтқандар болды. Бірден көмек көрсеттік. Рейд кезінде саяжайда тұратын балаларды жақын мектептерге орналастырдық», - дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Ұлжан Орынбаева.

Ұстаздар «Мектепке жол» акциясы кезінде 5000-ға жуық оқушыны жаңа оқу жылына дайындаған.

«Демеушілер қолдауымен 3 млн 131 мың теңгеден аса қаржыға 4739 балаға көмек көрсетілді. Көмектің ақшалай болмайтынын ата-аналарға түсіндіріп айттық. Негізгі мақсат мектепке дайындау болғандықтан кәсіпкерлер балаларды ертіп апарып киімдерін алып берді. Бір баланы киіндіру үшін 25-40 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Қазіргі уақытта әлеуметтік жағдайы қиын отбасыларға күздік киімдер алып беру жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылғы рейд жұмыстарының ерекшелігі ата-аналардың қатысуымен өтуінде. Басқа отбасылардың жағдайы қандай екенін көздерімен көрді», - дейді Орынбаева.

«Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған рейд жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер