BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтауда «Қолдайық ауыл мектебін» акциясы өтті

28 мамырда Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдері «Қолдайық ауыл мектебін» әлеуметтік акциясы аясында Жетібай ауылындағы №8 орта мектебіне 100 бөлме гүлін, 200 кітап, көрнекі стенд, 15 доп және Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары құрастырған 3D принтерді сыйға тартты. Шара «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Акцияның басты мақсаты облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауыл мектебінің материалдық және әдістемелік базасын нығайтуға көмек көрсетіп, зияткерлік мектеп тәжірибесін тарату. Шара барысында ең алдымен мектеп басшысы Ермек Пайзов сөз алып, жиналғандарды Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ерекшеліктерімен таныстырып өтті. Содан соң, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік құндылығына сәйкес балаларды әлеуметтік жобалар арқылы тәрбиелеу туралы және «Екі апта ауылда», «Туған елге тағзым» жобалары туралы айтты.


«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің биыл құрылғанына 10 жыл. Осы акцияны өткізіп, сіздерге көрсетудегі мақсатымыз біздер жүзеге асырған жобаларды жасау сіздердің де қолдарыңыздан келетіндігін көрсету», - деді мектеп директорының орынбасары.

Кейін мектеп дәлізіне зияткерлік мектептердегі білім беру жүйесінің ерекшеліктері туралы баяндалған өнер пәні мұғалімдері және мектеп кітапханашылары дайындаған арнайы стенд орнатылды.

Өнер пәнінің мұғалімі Жұлдызай Ұзақбаева бастауыш сынып мұғалімдеріне тасқа сурет салу өнерін сабақта қолдану әдісін, ал қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұргүл Айтмұхан «Тілдік дағдыларды меңгертудің әдістері» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. География пәнінің мұғалімі Ерлан Сейтов гумани-тарлық пәндер мұғалімдеріне географияны оқытудың жаңа әдістерін көрсетті. Физика пәні мұғалімі Дамир Еркмалиев пен информатика пәнінің мұғалімі Айзада Нұрланова нақты ғылымдар пәндерінің мұғалімдері информатика мен физиканы кіріктіріп оқытудың атықшылықтары мен ерекшеліктерін айтты.
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі кітапхана рөлі ерекше. Мұндағы кітапханашылар балаларды кітап оқуға баулып, мұғалімдерді қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуде және негізгі оқулықпен қоса сабақ процесіне тікелей араласып отырады. Сонымен қатар, кітап оқуға шақыратын түрлі әлеуметтік жобалары оқушылар асыға күтетін шараға айналды. Мектеп кітапханашысы Динара Қайратбекқызы Bookrossing жобасын таныстырып, мектеп мұғалімдері, оқушылары жинаған, Педагогикалық шеберлік орталығы бөліскен әдістемелік кітаптарды мектеп кітапханашысына табыстады.


Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының белсенді мүшелері Азиза Жұбаева мен Несібелі Алтыбай жетібайлық оқушыларға өзін-өзі басқару ұйымының рөлі және ерекшеліктері туралы айтып берді.

«Зияткерлік мектептер 10 жылдық мерейтойларын тойлап жатса, біздің мектебіміз биыл 50 жылдық мерейтойын тойламақ. Осындай айтулы мерекемізге керемет сыйлық жасаған зияткерлік мектеп ұжымына алғысымызды білдіреміз», - деді №8 орта мектеп директоры Сара Тұрабаева. Ол Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Педагогикалық шеберлік орталығының мамандарына оқу орны атынан алғыс хат табыстады.

Мектеп директорының сөзінше, зияткерлік мектеп оқушылары өздері бапстап өсірген 100 гүлді биыл ғимаратта ашылған субұрқақ жанын көркейту мақсатында пайдаланатын болады.
Сондай-ақ, Ақтаудағы Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері ауыл мектебінің ұстаздарына жаңартылған білім мазмұны мен критериалды бағалаудан, оқытудын әдістерімен технологияларына қатысты әдістемелік консультациялар ұйымдастырып, шеберлік сағаттарын өткізді.


Айта кетейік, акция еліміздің 16 өңірінде өтті. Жоба шеңберінде Назарбаев Зияткерлік мектептері 20 ауыл мектебіне зияткерлік мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері жинаған 6 875 дана көркем және ғылыми-танымдық әдебиет, оқушылар өсірген 2 000 түп гүл, ДББҰ орталықтыры (ОБО, ПШО, ПӨО) жасаған 860 дана мұғалімдерге арналған әдістемелік нұскаулар, Алматы қаласындағы НЗМ оқушылары жасаған 20 3D принтер, 20 стенд, 300 спорттық доп сыйлады. Спорттық допты алуға «Казцинк» мекемесі демеушілік көрсетті. Акцияның жанашырлары «Казцинк» ЖШС 300 спорттық доп сатып алуға демеушілік жасады, Ұлттық құндылықтарды дамыту «Абырой» жеке қоры және Жексенбай Б. Н., Қазақстан Республикасы Тұнғыш Президентінің кітапханасы, «Деловой мир Астана» баспасы ауыл мектептеріне 1 204 дана көркем әдебиет сыйға тартты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер