9 тіл білетін Раушанның талабы таудай - Білім & ғылым|14 Қазан 2016, 12:21
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

9 тіл білетін Раушанның талабы таудай

Раушанның жасы 23-те. Назарбаев Университетінің 2-курс магистранты. Мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алып жатыр. Біз қазір үш тілді меңгеруді меже етіп отырмыз ғой. Ал Раушан Шамшархан 9 тіл біледі! «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл» деген сөз дəл өзіне арналып айтылғандай. Біз Раушанды əңгімеге тартып, құпиясымен бөлісуін өтінген едік.

– Алматыда туып-өстім, – деп бастады əңгімесін Раушан. – 2011 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы мектеп-гимназияны тəмамдағанмын. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде білім алдым. Кейін арнайы бағдарламалар бойынша Германияда жəне Австрияда неміс, ағылшын тілдерін меңгердім. Өзімнің туған тілімнен бөлек, орыс, ағылшын, неміс, итальян, француз, түрік, испан жəне жапон тілдерін білемін.

– Бұл тілдерді қалай үйрендіңіз? Қанша уақыт кетті?

Əрқайсысына түрліше уақыт бөлдім. Уақыт бөлдім дегеннен гөрі, қызығушылығыма қарай болды дегенім дұрыс шығар. Ағылшын тілін мектепте-ақ сүйіп оқитынмын. Оны жетік біліп алғаннан кейін, назарым француз тіліне ауды. Бұл тілдің əсерлі үндестігі, ерекше əуезділігі мені ғана емес, жалпы көп адамдарды қызықтырады ғой деп ойлаймын. Итальян тілін ойда-жоқта үйрендім. Үй жинап жүріп аудиотаспаларды тыңдайтынмын. Содан-ақ үйреніп алдым. 2006 жылы ғаламтор дегенді мүлдем білмейтін едім. Бұл тілдерді білгеннен кейін испан тілі түсінікті болып, еркін меңгеріп алдым. Ал жапон тілін үйренуіме бұл халықтың сиқырлы бір дəстүрі, анимесі қатты əсер етті. «Наруто» атты мультсериалды бəрі білетін шығар. Сабағымнан келе сала соны көретінмін. Алайда, тілі қиындау болды, сондықтан курстарға қатыстым. Түрік тілін қыдырып жүріп үйрендім десем де болады. Неміс тілін университетте қолға алып, курстарға қатысып жүріп үйрендім. Осылай… Тіл үйренуге əсер еткен сыртқы факторлар көп. Алайда, бəрінен бұрын баладай көңіл қойып, қызығып, жақсы көретінім ықпалын тигізді деп ойлаймын. Ал сыртқы мотиватор ретінде мəдениетті «қыдырымпаз» екенімді айтсақ болады. Əлем елдерін аралап, саяхаттап, жаңа мəдениетті үйрену үшін ештеңеден аянбас едім.

893105_603821132963638_133676525_o

– Дегенмен, оңайшылықпен келетін нəрсе емес. Кедергі де аз болмаған шығар. Ең негізгі қиындық неде болды?

– Уақыт. Бірден-бір қиын нəрсе – уақытты жеткізе білу, уақытты бөле білу жəне бəрін уақтылы істеп, қадағалап, бақылап, ұдайы қайталап тұру. Уақтылы, жүйелі түрде үйрену. Əйтпесе, бірден бірнеше тілді үйрену оңай емес. Егер жүйе болмаса, бір тілдің өзін оқу қиынға соғуы мүмкін.Бірнеше тілді үйренуіме нақты мына нəрсе əсер етті деп тап басып айта алмаймын. Қайсыбір тілді үйренуге қанша уақыт жұмсағанымды да білмейді екенмін. Ең бастысы, ниетім болды жəне қолымнан келді. Бар болғаны сол.

– Като Ломб деген полиглот «тіл үйренгенде сөздерді сөз тіркестерімен бірге жаттау керек» деген əдістеме ұсынады. Ал сіз өзіңіз сияқты көп тіл білгісі келетін балаларға қандай əдіс-тəсілдер ұсынар едіңіз?

– Иə, келісемін, бұл – керемет тəсіл. Ал өзім қандай тəсіл болса, соның барлығын қолданамын. Бір ғана əдістемені айта алмаймын. Өйткені, бір əдіс бəріне бірдей сай келе бермейді. Əр адам əртүрлі, олардың қабылдауы да солай. Тіпті, уақыт өте келе адам өзінің бастаған əдістемесінен жалығып, шаршап кетуі де мүмкін. Қазіргі кезде неше түрлі сайттар бар. Интерактивті түрде мыңдаған нəрсені үйреніп, достар тауып, тіпті, сол елде өзің жүргендей сезіндіретін сайттар тіл үйренушілерді жарылқап жатыр. Ал ең керемет тəсіл – сол елге қыдырып барып қайту. Бұған енді ештеңе де жетпейді. Барсаңыз, үйренбей қайтпайсыз!

– Үш тұғырлы тіл бағдарламасына орай, қазір ағылшын тілін үйренуге айрықша мəн беріліп отыр. Балалар мектепті қойып, балабақшадан бастап тіл үйренуде. Алайда, қазақ тілінде жазылған тіл үйренуге арналған материалдар тапшы. Тəжірибеңіз бар, болашақта тіл үйренуге байланысты материалдар даярлау ойыңызда бар ма?

– Рас айтып отырсыз, бұл – үлкен мəселе. Бірақ, шешілетін мəселе. Қазақ тілінде ағылшын тілін үйрететін оқулықтар, кітаптар баршылық. Іздесе, табылады. Ағылшын тілін білетіндер, білгісі келетіндер көптен-көп. Солардың көмегімен, интерактивті түрде ағылшын тілін түрлі веб-сайттарда үйренуге болады. Олардың сапасы күннен-күнге өсіп келе жатыр, сондықтан менің материалдарым болса да, олармен бəсекеге түсе қоймас.

1243005_449315371861989_1345605467_o

– «Тілдарын» республикалық байқауының жеңімпазы екенсіз. Бұдан өзге қандай марапаттарыңыз бар?

– «Тіл шебері» деген республикалық жарыстан 2-орын алғанмын. Осындай шаралар ұйымдастырып, қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік бағдарламалар мен əкімшіліктерге үлкен рахмет. Ең үздік республикалық студенттік жобаның бірінші орын иегерімін. Қазіргі уақытта мамандығымды жақсылап меңгеруге көп көңіл бөлетін болдым. Немесе, жарыстардан конференцияларға көшіп кеттім десем болатын шығар. Жарысқа қатысатын жастан өтіп кеткен шығармын, бəлкім. Қазір көбінесе академиялық жəне ғылыми отырыстарда ой жарыстырумен айналысып жүрмін. Конференцияларға қатыса жүріп, ойымды жəне тілімді де жаттықтырамын. Шет елдерге де көп шақырып жатады.

– Дəл осы полиглоттық мəселесінде кімді үлгі тұтасыз? Бар ма ондай адам?

– Өзіміздің Саясат Нұрбек ағамызды үлгі тұтамын. Ол кісі де 9 тіл біледі. Ең ғажабы, көне латын тілінде де сөйлей алады. Ғылыми жұмыс ретінде де алып жүр. Қазақстанның түкпір-түкпірінде де көптілділік туралы дəрістер оқиды. Мемлекеттік қызметті де алып жүр.

– Болашақта тағы қандай тілдерді үйрену ойыңызда бар?

– Қытай тілін үйренгім келеді. Бірақ уақытым тығыз əрі достарым да «миың ашып кетеді» деп қорқытып жүр. Үрейімді басқан соң, қытайдың тілін де игеріп алуға ниеттеніп жүрмін.

13323248_610876685737273_302672401313555763_o

– Тіл үйренемін деушілерге берер кеңесіңіз…

– Қорықпау керек. Қорқынышты жеңген уақытта жетістік те болады. Қателесуден де қорқу қажет емес. «Алып кете алмаймын, қолымнан келмейді» деген үрейді де жеңу керек. Өз-өзіне сенімді адам өзі үйде отырып-ақ, артық шығынсыз оқыса болады. Адамдармен араласуға жаны құмар адамдар курстарға жазылып, мұғалімнің көмегімен оқыса, тіптен жақсы. Ал енді тіптен қатты сол тілді үйренуге мұқтаж боп жатсаңыз, ұшаққа билет алыңыз да, сол елге тартып кетіңіз дер едім.

– Əңгімеңізге рахмет, талабыңызға жеткейсіз!

zhasorken.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
25 Желтоқсан 2018, 21:56
ҰЙҚЫДАҒЫ ҚҰБЫЖЫҚТАР
Пікірлер