BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жас әнші Жаннұр

Жас әнші Жаннұр Аманбаева Арал қаласындағы №83 мектептің 8-сынып оқушысы. Дәлірек айтқанда, алдағы жаңа оқу жылында 9-сыныптың табалдырығын аттайтын өнерлі өрен. Жаннұр аяғын апыл-тапыл бас- қаннан бастап Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Жеңіс Ысқақова сияқты кең байтақ елімізге танымал әнші тәтелеріне ұқсауды армандап өскен еді. Арман алдамайды екен. Егер талабыңды тас қияға талпындыра білсең. Жаннұрды осы өнерге алғаш баулыған Арал қалалық өнер мектебіндегі ұлағатты ұстазы Алтын Қожабайқызы Омарова ұдайы шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпады. Бастауыш сыныпта немерелерінің өнерге бейімін байқаған атасы Аманбай мен әжесі Мариямкүл Жаннұрға бірінші кезекте қолдау білдірді. Екеуі қосарлана жүріп кішкентай Жан- нұрдың өнер мектебіне орналасуына, мектептегі сабақ үлгерімінің ойдағыдай болуына көбірек көңіл бөліп отырды. Тіпті Жаннұрдың Астана, Мәскеу, Алматы қалаларындағы өнер сайыстарына сүйікті әжесі Мариямкүлдің өзі бас-көз болып ертіп жүретінін біздер жақсы білеміз. Бір кездері атасы Аманбай мен әжесі Мариямкүл Арал қаласынан 30 шақырым алыстағы Көшбөген ауылында туып-өскен бірі балықшы, сәл кейінірек сауда қызметкері, екіншісі үй шаруасын ұршықша үйірген байсалды, байыпты бәйбіше атанған ақжаулықты ана. Айтпақшы Аманбай Әлимағамбет баласы сонау 1968 жылы алғаш балықшы кәсібіне кірісер алдында сала салты бойынша ұлан-асыр той жасаған. Тіпті, тойға сол тұстағы астанамыз Алматыдан белгілі кинорежиссер Ораз Әбішев асай-мүсейін асынып жеткені бөгендіктердің әлі күнге жадында болар. Сөйтіп, республика кинотеатрлары мен ауылдық клуб сахналарында О.Әбішев түсірген әйгілі "Бір хаттың ізімен" атты деректі кинофильм біраз дәуірлеген болатын. Соның басты кейіпкері сол бір жылдары Көшбөген ауылының жас балықшысы, атақты балықшылар әулетінің он жеті жасар өрені біздің Аманбай болатын. Міне, осындай әулеттен қанат қаққан Жаннұрдың өнері нағашы атасы Шынарбайдың Шамшасынан жұққан болар. Өйткені, Шамша ағамыз аядай ауылдағы жалғыз дүкеннің кілтін ұстағанмен өнері өңірге аян болған адам еді. Тіпті, кішкентай дүкен сөресінің аржағында тұрып-ақ "Айттым сәлем Қаламқас", "Ләйлім шырақ" тәрізді Абай мен Біржан Салдың, Шәмші Қалдаяқовтың "Бақыт құшағында", "Арыс жағасында", Әсет Бейсеуовтың "Мұңайма" атты әуезді әндерін әуелете шырқап тұратыны біздің есімізде еді. Міне, осындай алтын бастаудан бойына қуат, ойына шуақ дарыған кішкентай Жаннұр Аманбаева айналасы бірер жылдың арасында бірнеше мәрте оқушы өнерпаздардың республикалық, халықаралық байқау- ларында топ жарды. Мысалы, 2014 жылы "Асыл мұра" VI республикалық ән-би байқауының және "Баян сұлу" І республикалық конкурстарының бас жүлделерін жеңіп алған Жаннұр бауырын жаңа жазған жүйрікше шашасына одан әрі шаң жұқтырмай шапты. Сонан бір бәйге дегенің толассыз жауған ақ нөсердей шелектеп құйып береді дейсің. Астана қаласында өткен үшінші республикалық конкурста және ХVI облыстық Абай оқуларының "Көңілім әнді ұғады" номинациясы бойынша жеңіп алған І-орындары, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Астанадағы ІV халықаралық, Қазақстан-Ресей кон- курстары мен жуырда Мәскеу қаласында өткен славян халықаралық музыка фестивалында бас жүлдені қанжығасына байлаған шәкірт әншінің болашағы зор, арманы асқақ. Лайым, арманыңың асқар биігінен жарқырап көріне бер, Жаннұр!

Т.НҰРЖАН-БАЛТА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер