Ұстаздардың беделі айлығына қатысты ма? - Білім|09 Желтоқсан 2016, 09:53
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ұстаздардың беделі айлығына қатысты ма?

Фото: Ұстаздарға арналған танымдық-әдістемелік сайт

Білім-теңіз, мектеп-кеме, ал ұстаздар сол кемені бағыттаушы, болашақ тұлғаларды қалыптастырушы, кемел келешекке жол салушы алып тұлғалар. Мектеп пен ұстаз мемлекеттің айнасы, келешектің кепілі. Ендеше, осы білім саласының тыныс-тіршілігін, аяқ аласын жақсы білетін, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген осы сала мамандарының ой-пікірі қоғам үшін құнды. Сондықтан, біз де бірер сұрағымыздың жауабын тікелей мектеп қабырғасынан алмақ оймен қаламыздағы №217 Б.Шалғынбаев атындағы орта мектеп директоры Садвакасова Жаннат Мылтықбайқызына қойдық .

- Жаннат Мылтықбайқызы, өзіңіз басқаратын секілді жалпы орта мектептерде алтын белгілер аз шығады жəне ҰБТ кезінде арнаулы мектептер секілді оқ бойы оза шыға бермейді? Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Осындай сауалдар жиі қойылып жатады.«Жай мектептерде білім нашар ма, ұстаздар əлсіз бе, оқушылардың білімге деген қызығушылығына мəн берілмей ме?» дейді. Біздің мектептерімізде мықты ұстаздар да, жақсы оқушылар да көп, себебі, білім барлығына бірдей беріледі. Тек, барлық жал- пы білім беретін мектептерден іріктеліп, жаңа өзіңіз айтқан беделді мектептерге оқушылар кетіп, не ол жақтан келіп отырады. Оны жыл сайынғы оқушылар қозғалысынан көру қиын емес. Əрине, содан кейін жақсы оқушыларды іріктеп ала алатын мүмкіндігі бар білім шаңырақтары алға шығады. Лицей, гимназия, зияткерлік мектептер сияқты арнаулы білім ошақтарының көбейгені дұрыс жəне ата-аналардың оларды таңдауы өте құптарлық жағдай. Ал, қоғамның жалпы білім беретін мектептерге деген көзқарасы өзгермеуі үшін мектептердің рейтингін жасауды жетілдіру қажет.

-Жақсы оқитын жəне үлгерімі төмен балалардың болашағы, бірінікі жарқын, бірінікі бұлыңғыр бола ма?

- Бала жақсы оқыса адам болады да, нашар оқыса іске алғысыз болып қалады деген түсініктен аулақ болғанымыз жөн. Əр баланың орны бөлек, тұғыры биік, болашағы жарқын болуға тиіс. Адамның өмірде өз орнын табуы оның қандай мектепте, қалай оқығандығына байланысты емес екендігінен өмірде мысал көп. Əйгілі физик, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн мектепте нашар оқушылардың қатарында болған. Көргені көп, өмірден білгені мол бала мектеп бағдарламасын түсіне алмаса керек. Ал, Антон Павлович Чехов ше? Орыстың ұлы ғұламасы мектеп баспалдағында жүріп, екі рет қатарынан келесі оқу жылына қалған. Тіпті, сенудің өзі қиындау. Ал, химиялық элементтер кестесінің авторы Дмитрий Менделеев бала күнінде сабаққа қарағанда, төбелескенді жақсы көрген. Тіпті, үлгерімі нашар болған. Демек, біз баланың жақсы не нашар оқуына қарап оны бағаламауымыз керек. Айталық, менің бір танысым ауылда тұрады. Ол мектепті дұрыс оқымаған. Бірақ, сол жердегі екі-үш ауыл бүгінде оның аузына қарап отыр - өте мықты механик. Қандай сала болса да, маманның орны ерекше. Сондықтан да, мемлекетіміздің қазіргі жаңа мазмұндағы білім саясаты оқушының функционалды сауаттылығын дамытуға мəн беруді көздеп отыр.

-Біз барынша барлық саланың маманын дайындасақ дейсіз ғой. Шынында, қазірде кəсіптік саланың мамандарына зəру міз. Алайда, соларды мектеп қабырғасынан дайындау үшін мектептердегі база жауап бере ала ма?

-Сұрағыңыз өте өзекті мəселе. Шынында, біз оқушыларды кəсіптік, салалық мамандықтарға бейімдей алмаудамыз. Бұл тəжірибелер дамыған елдерде бары рас. Мен ойлаймын, мектепті буындар бойынша бөлу керек. Айталық, бастауыш мектеп бір бөлек, орта сыныптар жəне жоғары сынып оқушылары басқа ғимараттарда оқу керек. Соған сəйкес, материалдық базаны əзірлесе, ұстаздарды да бейімдеуге болады. Əрине, бұл көп қаржыны, үлкен жұмысты жəне уақытты талап етеді.

-Біз балаларға мамандық таңдауда мектепте толық бағдар бере алмай жатқан секілдіміз. Мəселен, мектеп бітірген баланың дені заңгер, ұстаз, экономист болғысы келеді. Сонда, бейіндік орынбасарлар қайда қарап отырады?

-Бұл жерде қоғамдық таңдауды да ескеруіміз керек. Ел неге қызықса, бала соған еліктейді деген бар. Сөздің шыны керек, баламыздың қабілетін, қалауын, сұранысты ескермей, басқа жағын қалап кетіп жатамыз. Қарапайым маман болу- төмендікті білдіретін секілді. Əрине, бұл өкінішті. Бірақ білуіміз керек, ең мықты маман, ешқашанда кемшін түспейді, жұмыста қағажау көрмейді, қоғамда мəртебесі жоғары болады. Сонымен қатар, бұл мемлекеттің де қатаң бақылауында болуы керек. Қоғамның өзі талап етіп отырғандай, кейбір қажеттілігі жоғары маман дықтарға гранттар бөлуді əлі де болса жетілдіруді қажет ететіндігі байқалып отыр. Бұл дегеніміз, қазіргі нарық кезеңінде экономикалық, əлеуметтік жағдайға қарай оңтайлы əрекет болып табылар еді. Мəселен, бүгінгі күні қаламыздағы орыс тілді сыныбы бар мектептерде сабақ беретін педагог мамандар жеткіліксіз. Бүгінде, бұл мəселенің шешімін зейнет жасына шыққан мамандар есебінен шешілуде. Алдағы уақыттарда бұл əрі қарай шешімін қалай таппақ? Мемлекет тарапынан қолдауды, шешуді қажет ететін мəселенің бірі ретінде танылуда.

- Ұл мен қызды бөліп оқыту бірін-бірі құрметтеуге əкеледі дегенге қалай қарайсыз?

-Əрине, тəрбиесіз берілген білім-апат демекші, тəрбиелік жағынан дұрыс шығар. Бірақ, мен бөліп оқыту дегенге келіспеймін. Ұл мен қыз бірге оқығаннан бірін- біріне сыйы кетеді деу қисынсыз болар. Ал, ұл мен қыз бірге оқыса ашық, тілтабысқыш, ер кін болып өседі. Сондықтан, бұл өзек ті мəселе деп есептемеймін. Бірақ, тəрбиеші керек. Тіпті, «сынып тəрбиешісі» деген арнайы штат ашылу керек деп ойлаймын. Сонда, ол тек балалардың тəрбиесімен айналысады.

- «Ұстаз ұлы тұлға» деп жатамыз, алайда қоғамда ұстаздардың беделі екінші орында болып тұр. Жалпы, ұстаздардың мəр те бесінің төмендеуі жала- қыларының аздығынан ба?

-Шыны керек, əлеуметтік тұрғыдан алғанда айтып отырғаныңыз жалған емес. Жалақының аздығы, ықпалдың төмендігі ұстаздардың жалпы қоғамдағы орнын дүниауи тілмен айтқанда төмендетіп отыр. Ал, ұстаз деген ұлы есім, мəртебілі атағы ешқашан төмендемек емес, төмендеп те жатқан жоқ. Оқушының, ата-ананың, əріптестерінің алдындағы ұстаз мəртебесіне келсек, ол оның білім- біліктілігі жəне ұстанымына сайып келіп жатады.

- Мектеп бітірген түлектер көбіне ұстаздықты амал жоқтықтан таңдайды екен, осы рас па?

-Өкінішке орай, бұл сөзді жоққа шығара алмаймын. Өткен жылдары жүргізілген бір сауалнамада мек- теп бітіргелі жатқан түлектердің ешқайсысы ұстаздық саланы таңдамапты. Бірақ, бұл барлығына жауап беретін сауалнама емес. Өйткені, ұстаз ұлы есім болып қала береді.

-Білім саласына көптеген қаржы бөлініп жатыр. Осы тұста сіз басқарып отырған мекемеде қандай жаңалықтар бар?

-Бүгінгі күні оқыту мен тəрбиелеуге тың əдіс-тəсілдер енгізілді. Нəтижесінде, тұтас педагогикалық үрдістер өзгертіліп, білім берудің тиімді деп танылған технологиялары дүниеге келді. Оқушылардың алған білімінің сапасы педагог кадрлардың кəсіби дайындығына байланысты болып жататынын уақыт дəлелдеді. Осы бағытта мемлекетіміз мұғалімдерге жақсы қолдау көрсетіп, Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша мұғалімдерді деңгейлік курстардан өткізуде. Мектебімізде сол мұғалімдер курстан өтпеген мұғалімдерге дəріс беру жұмысы жолға қойылған. Коучинг, оқыту семинарлары мен тренингттер жыл бойы жоспарланып жүргізілуде. Оқу процесіндегі «Lesson study» үдерісін кезең – кезеңмен қойып жүргізіп келеміз. Бұл əдіс ерекше назардағы сынып пен оқушылардың тəрбиесіне, пəнге деген қызығушылығын арттыру, жағымды əсер ету мақсатында мұғалімдердің коллегиалды шешім қабылдауы арқылы бірлескен сабақ беру үдерісі. Ол жұмысты бастағанымызға биыл үшінші жыл, оқу үдерісі өзінің оң нəтижесін де бере бастады. Сонымен қатар, қала жəне облыс ұстаздарына бірнеше рет семинарлар өткізілді.

-Ұстаздарыңыз бен оқушылардың соңғы жетістіктеріне тоқталсақ?

- Осы білім ордасына келгелі бері үш жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Оқушыларымыз ҰБТ қорытындысы бойынша, жылдан – жылға динамикалық өсуде жəне мектептің алғашқы «Алтын белгі» иегері - Нұртаза Қожамбердіні мақтанышпен айта аламын. Ұстаздарымыздың қомақты жетістіктері бар. 2015 жылғы қала əкімінің грантын мектеп мұғалімі Қуанышбаева Айжамал жеңіп алды. Қалалық «Көп тілді меңгерген ұстаз» байқауында ағылшын тіл мұғалімі Бəйімбет Меруерт 1 ші орын иеленсе, жас ұстаздарымыз Кенжеахметова Салтанат қалалық «Үздік математик– 2015» байқауында 1 орынды, қалалық «Үздік физик – 2016» байқауында Бекмағамбетова Айгерім де жүлделі 1 орын алып мектеп абыройын асқақтатты. Кеше ғана 11 «Ə» сынып оқу- шысы Абдуллаева Сара облыстық ғылыми жобалар байқауында 3 орын иеленді. Ал, бастауыш сынып оқушысы республикалық «Зерде» кон курсының қалалық кезеңінде 3 орынды жеңіп əкеліп ұжымды қуантты. Бұл жетістіктер мектеп мұғалімдерін бұдан да биік белестерді жеңуге жетелейтініне сенімдімін.

-Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Жазира ДЕМЕУОВА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер