Смартфонға телмірген сабақ оқып жарытпас... - Білім|03 Қараша 2016, 11:14
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Смартфонға телмірген сабақ оқып жарытпас...

Жақында ғана министрлер мен әкімдер бастаған мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс барысында смартфон ұстауға тыйым салынған бо­ла­тын. Іле-шала бұл шектеуге жол патрульдік полициясы қызметкерлері де ілікті. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері мен оқушыларының да смартфон ұстауына тыйым салынатын ереже төбе көрсеткен еді.

Үстіміздегі жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру мекемелеріндегі бірыңғай киім формасына қойылатын талаптарды бе­кітті. Аталған талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған» деп көрсетілген. Көтерілген мәселе төңірегінде халық арасында сыңаржақ пікірлер де айтылып жатыр. Бұл тақырыптың ізін суытпай, аталмыш салада тағы да жаңа өзгеріс өкшелеп тұр. Мәселенің мәнісі мынада. Ұстаздар қауымын көптен бері толғандырып жүрген жайттың бірі – мектеп қабырғасында оқушылардың смартфон ұстау мәселесі. Әңгімені әріден бас­тас­ақ. Тәрбиенің негізі қаланатын жер – мектеп қабырғ­асы екені анық. Бүгінде бесіктен белі шықпаған балаға дейін зама­науи техниканың майын ішіп, жілігін шағады. Бұрындары «аттың құлағында ойнаған» деген тіркесті, бүгінде «ұялы телефон мен интернет­тің құлағында ойнайды» деу орнын алмастырған сияқты.

«Заманына қарай адамы» деген тәмсілді ескерсек, мұның да артықшылығы бар. Ескілік көлеңкесінде көлегейленіп қалмай, озық дүниенің тілін білгенге не жетсін? Дейтұр­ған­мен, таяқтың екі ұшы бола­ты­нын ескерген жөн. Бұған дәлел ретінде, мектеп қабырғасында­ғы балалардың адам айтқысыз бейәдеп әрекеттерге бойұрып жатқаны. Ал, оның негізгі ақпарат көзін интернеттен алатыны анық. Бұған кімді кінәлаймыз? Соңғы кезде сұйылып бара жатқа­н саналы ұрпақтың тәр­биесіне кім жауапты? Көптің көңілін күпті еткен жайт осы.

Демек, шенділерге қойылған шектеу білім ошақтарында да қарастырылуы керек. Хош. Өткен айда еліміздің Ақпарат және коммуникация министр­лігінде «16 жасқа толмаған­дарды әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шарада мектеп­ жасындағы жасөспірімдердің психологиялық жай-күйіне, рухани дамуына теріс әсер ететін құралдар мен материалдарға шектеу қоюға, көте­рілген мәселелерді шешуде өзек­ті ұсыныстар талқыланды. Ағымдағы жылдан бастап өңіріміздегі мектептерде смартфон ұстауға шектеу қойылды. Қызыл­орда облыстық прокуратура­сының мәліметіне сүйенсек, қалта компьютеріне баланған гаджеттерден бас тарту шешімін өңірдегі 299 мектеп пен 31 колледж ішкі жарғысына енгізген. Шектеуге оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік, телефон ұр­лы­ғы мен жеткіншектер­дің әлеу­меттік желілерге жіпсіз байлануы түрткі болып отыр. Жаңа тәртіп бойынша мектеп ішінде мұғалімнің де смартфон ұстауға құқы жоқ. Бірақ, бұл мектеп оқу­шылары мен мүғалімдер байланыссыз қалады деген сөз емес. Ал, ата-аналарымен хабарласып отыруы үшін ғаламторға қосылмайтын және операциялық жүйесі шектеулі телефондар­ ұстауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, оқу үдерісінде интернетке қосылып, басқа да жұмыстар жасамау мақсатында қабылдан­ған ереже білім беру орындарында криминогендік ахуалды жақсартуға, мектептерді бейнебақылау камераларымен және мектеп инспекторларымен 100 пайыз қамтамасыз етуге, тәрбие жұ­мысының тиімділігін арттыруға да ықпал етеді. Бір айта кететін жайт, білім беру орындарында жиі болат­ын қылмыстардың 65%-ы телефон ұрлығымен тікелей­ байланыс­ты.

– Жаңа технологияның үдере дамуының кесірінен кез келген жерде орын алған жағдай жал­пақ­ жұртқа тез жайылып кетіп жатыр­. Жариялылықтың әсерінен жұрт көзіне жеккөрінішті болған ұстаздар қауымы бұл шешімді қолдап отыр. Ұстаздың білім беру әдіс-тәсілі, жалпы білім ошағының аяқ алысы жұрт­қа жария бола бермеу керек. Ал, қазіргі балалар қит етсе, таспа­ға түсіріп, әп-сәтте ғаламторға жайып жіберуге дайын тұрады. Сондықтан көтерілген мәселе көңілге қонымды, - дейді Қармақшы ауданындағы №199 орта мектептің директоры Света Жалғас­баева.

Өкінішке орай, бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің өкілеттігін асыра пайдаланатын факторлар орын алған білім ошақтарының қызметкерлері жайлы жағымсыз видеолар мен суреттер, жазбалардан көзің сүрнігеді. Мектеп – тәрбие мен білімнің біте қайнасқан ордасы. Мұғалім – мектептің жүрегі десек­, қоғамда ұстаз қауымының беделін арттыруымыз керек­. Мұғалімді шектен шығара­тын – оқушының озбырлығы, дарақылығы. Білім беруде оқытушыға үлкен мін­дет жүктеліп отыр. Сөйте тұра, ұстаздардың беделін аяқ асты ететініміз қай сасқанымыз?

Бұл ретте Қызылорда қа­ла­сын­дағы №233 мектептің мұғалімі Әдемі Әнуарова:

Телефонның қызығына бір батқан оқушы сабақты дұрыстап ден қойып оқи алмайды. Кітаптың бетін бір ашып, бір жауып бітіреді. Үзіліс болса елеңдеп, қалта телефонындағы қызықтарды білгісі кеп отырады. Оқушының санасына тікелей әсер етуші құралды ата-анасы қатарынан қалмасын деп алып береді. Ал, одан ақырғы істі қадағаламайды. Баласының не көріп, немен айналысып жүргенін бажайлап, күнделікті тексеріп отырмайды. Осының әсерінен болған жағдайлар елдің жағасын ұстатады. Сол себеп­ті де смартфон ұстауға тыйым­ салынып отыр. Көш жүре түзеледі демекші, астқарылып жат­қан істің қайырын кү­тейік, – дейді.

Түйін. Заман көшіне ілескен жеткіншектердің «сенімді серігіне» айнал­ған смартфоннан келетін зиян шаш етектен. Біріншіден, оқушының өзіндік ойлау қабілетін төмендетеді. Екіншіден, баланың білім алуы кезінде логикалық шапшаңдығы мен ұтқырлықты бәсеңдетеді. Телефонды сабақ барысында қолдану білім дәрежесінің төмендеуінің алғышарты. Сондықтан, «алмақтың да салмағы бар» екенін жадымыздан шығармаған жөн.

Қ.ВЛАДИМИРҚЫЗЫ

www.halyk-gazeti.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер